
Бүгін «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау» күніне орай, Созақ ауданы бойынша жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылып, барша ауылдар мен елді мекендерде ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.
Аталған іс-шара табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында өткізілді. Сенбілікке мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары мен еріктілер, сондай-ақ ауыл тұрғындары белсене қатысты.
Шолаққорған ауылында бөлінген 5 сектор бойынша 144 көше қамтылып, әр мекеме өздеріне тиесілі аумақтарда тазалық және көгалдандыру шараларына белсене атсалысты. Ішкі көшелер мен саябақтар, ауыл сыртындағы сай-сала, үлкен жолдар мен айналма жолдардың бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, су өткізу жүйелері де ретке келтірілді.
Сонымен қатар, Созақ, Құмкент және Жартытөбе ауылдарында «Мөлдір бұлақ» акциясы ұйымдастырылып, өзен-көлдердің жағалаулары мен арық-атыздар тазартылып, су арналарының еркін ағысы қамтамасыз етілді.
30-ға жуық арнайы техника жұмылдырылып, 6500-ден астам тұрғын, мекеме қызметкерлері мен белсенді жастар атсалысты. Іс-шара нәтижесінде 20 шақырымға жуық өзен-көлдер мен арық жүйелері тазартылып, 110 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар арнайы полигонға шығарылды.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.