Түркістан облысы: Созақ ауданының Жартытөбе ауылында жаңа спорт және ойын алаңшалары халық игілігіне берілді

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Жартытөбе ауылында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Атап айтқанда, баскетбол алаңы, балалар ойын алаңшасы және «Street workout» спорттық жаттығу алаңы ел игілігіне ұсынылды.

Аталған нысандар өткен жылы облыс көлемінде өткізілген «Үлгілі ауыл» байқауы нәтижесінде Жартытөбе ауылының жүлделі орынға ие болуына байланысты облыстық бюджет есебінен салынды. Бұл бастама ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауыл тұрғындарын мерекемен және жаңа нысандардың іске қосылуымен құттықтады. «Құрметті аудан тұрғындары!

Қымбатты балалар!

Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке – балауса балғындардың шат күлкісі мен бақытты балалық шағын қорғауға арналған ерекше күн. Балалар – еліміздің жарқын болашағы, асыл үміті. Олардың амандығы мен жан-жақты дамуы – баршамыздың ортақ парызымыз.

Балаға бақытты балалық шақ сыйлау – әр отбасының, бүкіл қоғамның қасиетті міндеті. Сондықтан бұл күні біз тек балаларды құттықтап қана қоймай, олардың құқықтарын қорғауға, тәрбиесіне, білім алуына, қауіпсіздігіне ерекше назар аударамыз.

Қадірлі жерлестер!

Барша бүлдіршіндерге шаттық пен қуаныш, ата-аналарға мықты денсаулық, шаттық пен сүйіспеншілік тілеймін! Әрбір баланың өмірі махаббатқа, қамқорлыққа толы болсын!

Балалар күлкісі – әлемдегі ең асыл қазына!» — деді Созақ ауданы әкімі Мұхит Тұрысбеков.

Сондай-ақ ауданда спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен айтып өтті.

Шара барысында ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Әшімхан Тәпі сөз сөйлеп, ел игілігі жолындағы бастамаларға ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірсе, ауыл қариясы Балтабай Аймұрзаев ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.

Жаңа нысандар балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына зор мүмкіндік берері сөзсіз.

Атап өту керек, бүгін Жартытөбе ауылында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік іс-шара кең көлемде ұйымдастырылды. Ауыл орталығындағы «Астана» саябағы мерекеге орай сән-салтанатпен безендіріліп, шараға 1000-ға жуық балдырғандар мен ата-аналар белсене қатысты.

Мерекелік жиынға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, ауылдық округ бойынша білім және спорт салаларында облыстық, республикалық деңгейде жетістікке жеткен оқушылар мен сала мамандарын марапаттады.

Мерекелік бағдарламаның шымылдығы ашық аспан астында өткен балалардың сурет салу байқауымен ашылды. Бұдан кейін бүлдіршіндер топтық эстафеталық жарыстарға, асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсіп, өзара бақ сынасты.

Іс-шара барысында кәсіпкерлердің демеушілігімен 1000-ға жуық балаға балмұздақ таратылып, мерекелік көңіл күй сыйланды. Балаларға фастфуд өнімдері мен түрлі тәттілер үлестірілді. Қуыршақтар шеруі мен ойын-сауық алаңдары бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлады. Сондай-ақ, дәстүрлі әндер шырқалып, мереке аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Мерекелік шара кешкі сағат 20:00-де «Бақытты бала — Бақытты ел» атты мерекелік гала-концертке ұласты. Мерекеге орай ұйымдастырылған мәдени шараға Шымкент қаласынан арнайы келген өнерпаздар, халықаралық байқаулардың лауреаттары қатысты. Әсем әндер мен көңілді қойылымдардан құралған концерттік бағдарлама көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Шараға келген балалар мен ауыл тұрғындары шат-шадыман күй кешіп, ерекше әсерге бөленді.

Еске салайық, Халықаралық балаларды қорғау күні немесе Халықаралық балалар күні (ағылшынша International Childrens Day) — жыл сайын (1 маусым күні КСРО-ның бұрынғы елдерінде) өткізілетін балаларды соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау мақсатында атап өтілетін халықаралық мейрам. 1949 жылы Мәскеу қаласында өткен Әйелдердің Халықаралық демократиялық федерациясы кеңесінің сессиясында қабылданған. Алғаш рет 1950 жылы атап өтілді.

Халықаралық балаларды қорғау күні — халықаралық байқаулардың бірі. Оны өткізу туралы шешім Женевада 1925 жылы Дүниежүзілік Балалар Конференциясында қабылданды. Бұл балалар мерекесі неге бұл маусымның 1-ші жұлдызын атап өту туралы шешім қабылданды. Бір нұсқада айтылғандай, 1925 жылы Сан-Франциско қаласында Қытайдың бас консулы бір топ қытайлық жетім балаларды жинап, оларға 1 маусым күні ғана құлаған Дуан Ву Джи мерекесін ұйымдастырды. Сәтті кездейсоқтықпен, күн Женевада өткен «балалар» конференциясының уақытына сәйкес келді.

Сонымен қатар, балаларға арналған Халықаралық балалар күні (20 қараша), Африка балаларын қорғау күні (16 маусым) және Ақ орхидеялар күні («түтіктен» шыққан балалар мерекесі; сәуірдің алғашқы жексенбісі) деген мерекелер бар.

Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі — балаларға барлық жағдай жасау керектігі тағы да паш етіледі.

БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен.

Әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар ғана емес, үлкендердің де психикасына кері әсерін тигізеді. Бұл- қорғансыз балалардың басына түскен үлкен ауыртпалық екендігі шындық.

Жасөспірімдер арасында нашақорлар саны өсуде, олардың жартысынан астамы ішімдік ішуден де кет әрі емес.

Осылайша, Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет — болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You