
Әуелі былғары допты ұршықша үйіретін жас саңлақтардың жетістігінен бастайық. Созақтық жас спортшылар кіші футболдан U-13 санатында өткен ел чемпионатында жүлдегер атанды.
Сонымен, футзалдан Қазақстан Республикасы бойынша өткен U-13 санатындағы чемпионат өз мәресіне жетті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен 20 команда қатысып, олар екі топқа (әрқайсысында 10 командадан) бөлінді.
Чемпионат төрт кезеңнен тұрды:
- 1 және 3-кезең – Щучинск қаласында;
- 2-кезең — Рудный қаласында;
- 4-финалдық кезең Ақтөбе қаласында өтті.
Финалдық кезеңге әр топтан үздік шыққан 4 командадан құралған 8 команда жолдама алды. Жарыстың қорытындысы бойынша созақтық команда жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі II орынды иеленді.
Сондай-ақ, турнир барысында ерекше ойын көрсеткен қақпашы Бекжан Нұркелді “Турнирдің үздік қақпашысы” атағына ие болды.
Бұдан бөлек созақтық жас спортшылардың Ұлттық мектеп лигасында жеңіске жеткенін де мақтанышпен айтуға болады. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков кіші футболдан «Ұлттық мектеп лигасы – 2025» республикалық турнирінде жеңімпаз атанған Ләнде Бөкенов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9–11-ші сынып оқушылары құрамасынан құралған жас спортшыларды арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Жеңімпаз команда мүшелері мен бапкерлеріне алғыс хаттар мен сый-сияпат табыс етіп, құрмет көрсетті.
«Жастардың спорттағы жарқын жетістігі – тек мектептің ғана емес, ауданымыздың абыройы. Бұл жеңіс – тәртіп пен табандылықтың, тынымсыз дайындық пен өзара бірліктің жемісі. Біз сіздермен мақтанамыз! Жеңістеріңіз көбейе берсін!» – деді аудан басшысы.
Спортшыларды аудан әкімдігі ғимаратының алдында білім саласының қызметкерлері мен мектеп оқушылары сән-салтанатпен қарсы алды.
Айта кетейік, Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңі Талдықорған қаласында өтті. Турнирге еліміздің барлық өңірлерінен үздік командалар қатысып, тартысты ойындар өтті. Созақтық команда жарысты Қостанай облысын 9:3 есебімен ұтып бастап, барлық кездесулерде басымдық танытты. Ақтық сында Ақмола облысының командасын 4:3 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
Команданың жаттықтырушылары мен жетекшілері Нұрбол Тәжіметов, Ғабит Құрманәлі, Сырым Жұманов және Нұрасыл Құрманбекұлы үйлесімді жұмыстары арқылы команданың табысты өнер көрсетуіне негіз болды. Жас спортшылардың техникалық шеберлігін шыңдап, тактикалық дайындықты жоғары деңгейде ұйымдастырып, жеңіске деген сенімді қалыптастыра білді.
Сонымен қатар аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков ұлттық спорттың жанашырларын қолдап отыруды да назардан тыс қалдырған емес. Таяуда ғана аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде ұлттық ат спортының бірі саналатын көкпар ойынын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтар құрметтеліп, марапаттау шарасы өтті. Шараны аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ашып, қатысушыларға жүрекжарды лебізін білдірді.
«Ұлттық спорт – ұлт намысы. Көкпар — ата-бабамыздан мирас болған рухани мұрамыз. Бүгінгі таңда Созақтың көкпаршылары тек аудан емес, облыс, республика деңгейінде де атой салып жүр. Біз бұны мақтан етеміз. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға алғысымды білдіремін!», — деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Қабылбек Еспенбетов ақ тілектерін арнап, ұлттық спортқа қосып жүрген үлестері үшін алғыстарын жеткізді.
Шара аясында салт-дәстүр мен ұлттық спорттың жанашырлары марапатталды. Үздік спортшылар мен төрешілер, жыл үздіктері мен шабандоздар және атбегілер мен ардагер спортшылар құрметке ие болды.
Тағы бір сүйінші жаңалық, созақтық спортшылар гір спортынан халықаралық аренада топ жарды. Дәлірек айтсақ, 25-30 сәуір аралығында Өзбекстанның Ханабад қаласында гір көтеруден ересектер арасында Әлем кубогі және жасөспірімдер арасында Әлем чемпионаты өткен болатын. Дүниежүзілік додаға әлемнің бірнеше елінен үздік спортшылар қатысып, өзара сынға түсті. Еліміздің намысын қорғаған созақтық спортшылар үздік нәтиже көрсетіп, ел мерейін асырды.
Жарыс қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасында:
- Тілеген Өскен – 68 келі салмақта, серпе көтеру жаттығуынан III орын иеленді.
Ересектер арасында – Әлем кубогі:
- Мақсатұлы Бақыт – 63 келі салмақта, ұзын айналымнан I орын иеленіп, Әлем кубогінің жеңімпазы атанды.
- Қабылбек Ержан – 78 келі салмақта, серпе көтеруден II орын алды.
- Ергешбай Еркебұлан – жұлқа көтеруден II орын иеленді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.