Түркістан облысы: Түлкібас ауданындағы атшабарда ұлттық ойындар шеруі өтті

Ұлы Жеңістің 81 жылдығы құрметіне Түлкібас ауданы атшабарында “Ұлы Жеңіске тағзым” атты ұлттық спорт ойындарынан ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Салтанатты іс-шара ұлттық ат спорты ойындарының әсерлі шеруімен бастау алды. Шеруді КСРО-ның 9 дүркін чемпионы, «Құрмет» орденінің иегері Әбілхан Дауылбаев бастап шықты. Ардақты азамат көпшілікке ақ батасын беріп, дүбірлі додаға сәттілік тіледі.

Ұлттық ойындардың шымылдығы көпшіліктің қызығушылығын тудырған қыз қуу ойынымен ашылды. Сонымен қатар іс-шара барысында тоқ бәйге, тай жарыс, теңге ілу, аударыспақ, аламан бәйге, жастар көкпары, үлкен көкпар және жаппай көкпар сынды ұлттық ат спорты ойындары ұйымдастырылып, шабандоздар мен спортшылар өзара бақ сынасты.

Қазақ күресі, арқан тартыс, қошқар көтеру ойындары да өткізіліп, көпшілік назарына ұсынылды. Аудан әкімі Асқар Естібаев аталған сайыстарды арнайы тамашалап, спортшыларға қолдау көрсетті.

Мерекелік іс-шара аясында аудан өнерпаздары тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашқан концерттік бағдарламасын ұсынды. Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы марапатталып, оларға құрмет көрсетілді. Ат спорты ойындарының қорытындысында аудан әкімі көпшілікті құттықтады.

– Ұлы Жеңіс – халқымыздың ерлігі мен бірлігінің айқын көрінісі. Батыр бабаларымыздың жанқияр ерлігін ұлықтау – кейінгі ұрпақтың парызы. Осындай ұлттық спорт ойындары жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, ата дәстүрімізді дәріптеуге үлкен үлес қосады. Барша аудан тұрғындарын Ұлы Жеңістің 81 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді ол.

Түлкібас ауданында Ұлы Жеңістің 81 жылдығы салтанатты түрде аталып өтіп, майдангерлер рухына тағзым жасалды

Сондай-ақ бүгін аудан орталығындағы «Мәңгілік алау» ескерткіші алдында Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Тағылымды шараға аудан тұрғындары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысып, сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етті.

Жиын барысында Ұлы Отан соғысы майданында қаза тапқан жауынгерлердің рухына құран бағышталып, елге аман оралып, кейін дүниеден өткен ардагерлерді еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланды.

Аудан әкімі Асқар Естібаев тұрғындарды Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, бұл күннің тарихи маңызына тоқталды.

— Бұл күн – соңғы демі қалғанша күрескен ержүрек жауынгерлердің жанқиярлық ерлігі мен халқымыздың қайтпас қайсар рухының айқын көрінісі. Бүгінгі бейбіт өмір, Тәуелсіз еліміздің берік тұғыры мен жарқын болашағы – сол Ұлы Жеңістің тарихи жемісі, — деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, ол майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шараларын атап өтіп, ардагерлерге алғысын білдірді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек сөз сөйлеп, Жеңістің оңай келмегенін, бейбіт өмірдің қадірін білу кейінгі ұрпақтың басты міндеті екенін айтты.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының небәрі 3 ардагері ғана қалған. Қазіргі таңда олар Сайрам, Сарыағаш және Жетісай аудандарында тұрады. Сонымен қатар, өңірде Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген 1462 адам және 2082 тыл ардагері бар. Биыл соғыс ардагерлеріне мемлекет тарапынан 5 миллион теңгеден қаржылай көмек берілді. Бұдан бөлек, соғысқа қатысушыларға теңестірілген азаматтар, тыл еңбеккерлері және қайтыс болған соғыс мүгедектерінің жұбайларына заң аясында бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді.

Тарихи деректерге сүйенсек, сұрапыл соғыс жылдары Қазақстаннан 1,5 миллионнан астам адам майданға аттанған. Олардың жартысына жуығы туған жеріне оралмаған. Миллиондаған азамат тылда еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты.

Ал, Ауданымыздан 6 мыңға жуық азамат майданға аттанып, олардың бесеуі – Тілеуберді Әбілдаев, Иван Рыбалко, Петр Шевцов, Степан Бреусов және Константин Грицынин Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Ал жерлесіміз Байырбек Садықов «Даңқ» орденінің иегері атанды.

Бүгінде ауданымызда соғыс ардагерлеріне теңестірілген 182 тыл еңбеккері өмір сүріп жатыр. Олардың ел үшін еткен еңбегі мен ерлігі әрдайым құрметке лайық.

Салтанатты жиын соңында қатысушылар Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухына тағзым жасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You