
Өңірдегі мәдениет саласындағы ауыз толтырып айтатын шара — «Түнгі кітапхана» жобасы Қазығұрт ауданында жалғасты. Мұнда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауераты, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Бақытжан Алдиярдың шығармашылық кеші өтті.
«Қазығұртқұнар қаламгер» атты кештің арнайы қонағы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақтың көрнекті ақыны, публицист, филология ғылымдарының кандитаты Бақыт Беделхан болды. Ал әдеби жиынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Сирдаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Сайлаухан Жоланов жүргізді.
Салтанатты жиынды Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов ашып беріп, жүрекжарды тілегін білдірді. Кеш кейіпкерлеріне толағай табыс тілеп, құрмет көрсетті. Поэтикалық композициямен басталған кеш жырға ұласты. Ақынмен еркін сұхбат барысында сырлар ақтарылды. Ақынға деген құрмет, жырсүйер қауымның ықыласы мен ыстық ілтипаты рухани кездесудің алтын арқауына айналды.
Шара барысында зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер ақынға арнау өлеңдерін оқып, әдебиетке жанашыр жандар ақ тілегін жеткізді. ҚР Мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева мен белгілі сазгер, ғалым, журналист Бекжігіт Сердәлі, облыстық кітапхананың директоры Жанат Шардарбекова және ауданның қариялары мен ақынның үзеңгілес достары ақынға деген ақ жарма тілегін білдіріп, шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
Сахна төрінде аудан өнерпаздары өлең оқып, мың бұрала би биледі. Сонымен қатар әннен шашу шашылды. Қазақ поэзиясына өзіндік үн қосқан қаламгер қуанышын жасырмады. Бір сәт асық атудан сайыс өткізді. Кітапханашылар саябақ ішін ерекше сәнге бөлеп, түрлі көрмелермен безендірді.
Айта кетейік, мазмұнды шараны «Түнгі кітапхана» жобасы аясында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Қазығұрт орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған. Алдағы уақытта Түркістанның таңдаулы туындылары Бәйдібек, Шардара және Мақтаарал аудандарында жалғасады деп жоспарланып отыр.
Орайы келгенде атап өтейік, биыл Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қайта құрылғанына 4 жыл толып отыр. Осы кезеңде кітапхана саласын дамытуға, оқырман санын арттыруға және жаңа инновациялық бағыттарды енгізуге бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды. Төрт жыл ішінде «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы сан мыңдаған оқырманның жүрегіне жол тауып, білім мен мәдениеттің алтын көпіріне айналды.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 387 кітапхана, соның ішінде 2 облыстық кітапхана халыққа тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді. Жыл басынан бері өңір кітапханалары 200 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетіп, 6 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырды. Кітап қоры 6 миллионнан асып, 20 мыңнан астам жаңа кітаппен толықты.
Кітапханаларда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы, «Ақылдыңмен – ақылдымын», «Абай оқулары», «Әл-Фараби оқулары», «Қазыналы керуен» сияқты облыстық жобалар кең көлемде жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, «Мархабат оқулары» халықаралық симпозиуммен қорытындыланып, кең ауқымды қолдау тапты. Бұдан бөлек, кітапханада елімізге танымал қаламгерлермен, жас таланттардың әдеби-сазды кештері ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, «Түнгі кітапхана» жобасы аясында Мұқағали мен Фаризаға, көктем мен махаббат тақырыптарына арналған поэзия кештері өтті. Табиғат аясындағы «Түн. Табиғат. Поэзия» кеші оқырмандар есінде қалды. Кітап насихатын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «ПарақTIMES» кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда елімізге танымал қаламгерлер оқырмандармен жүздесті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
