Түркістан облысы тұрғындарының мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатыр

 Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес тұрғындарды қабылдау жалғасып келеді. Осыған сәйкес бүгін облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады.

Қабылдау барысында тұрғындар мәдениет саласын дамытуды көтеріп, сонымен қатар қоғамдық бірлестіктердің жұмысын жандандыруға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Ертай Кенжебекұлы сауалдарды сала мамандары мұқият зерделеп, заң аясында шешім қабылданатынын айтты. Көтерілген мәселелердің оңтайлы шешілуін қадағалау үшін жауапты басқарма басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Азаматтардың сұрақтары бойынша тиісті түсіндірме беріліп, шешу жолдары қарастырылды.

Еске сала кетейік, тұрғындар облыс әкімі орынбасарының қабылдауына «egov.kz» порталы, «е-otinish «бірыңғай базасы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.

Ал кеще облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады.

Тұрғындармен “Ашық әкімдік” кеңсесінде кездескен Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелерді сала жетекшілерімен бірге саралап, шешу жолдарын қарастырды.

Саурандық қария Шорнақ ауыл округі аумағында инвестициялық жобаға бөлінген жерді жергілікті әкімдік теңгеріміне қайтаруды сұрады. Аталған мәселе бойынша ауданға инвестиция тарту маңыздылығы, жерді пайдалану және қайтару заңдылығы түсіндірілді.

Сайрамдық азаматша жер пайдалану құқығының бұзылып, сот шешімінің орындалмай отырғанына шағымданды. Аталған жағдайдың заңдылығын зерделеп, тиісті шаралар қабылдау Сайрам ауданы әкімінің орынбасарына тапсырылды. Сондай-ақ, жалған ақпарат беру, өндірістік кооперативтің жұмысына кедергі келтіру жөнінде арызданған азаматтың шағымы тыңдалып, заң аясында жауап берілді.

Келес ауданынан келген азаматша жеңілдетілген несиеге қолы жетпей келетінін айтып, көмек сұрады. Шағын несие ұйымының өкілі кепіл мүлік болған жағдайда құжат өткізіп, қаржы ала алатынын жеткізді.

Ордабасылық азамат та жерге қатысты мәселе көтеріп, суармалы жердің мақсатын ауыстыруға ықпал етсеңіз деді. Жеңіс ауыл округінің жайылым жер үлесін ұлғайту қажеттілігін айтып, нақты шара көруді өтінді.

Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеп, орындалу мерзімін белгіледі.

Айта кетейік, облыс әкімі орынбасарының жеке қабылдауына «egov.kz» порталы, «е-otinish» бірыңғай базасы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.

Ал 8 маусым күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 15 наурыздағы № 214 қаулысының негізінде облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаевтың жеке қабылдауы өткізілді. Жеке қабылдауда аудан, қалалардан келген тұрғындар тұрғын үй, мемлекеттік тапсырыс, марапаттау мәселелері және заңсыз құрылысқа қатысты сұрақтарымен жүгінді.

Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді тыңдап, тиісті мекемелер (бақылау, білім, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары, мәдениет, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары) мен жергілікті әкімшілікке (Түркістан қаласы мен Төлеби ауданы әкімінің аппараты) мәселелерді шешу бойынша тиімді шаралар қабылдау қажет екендігі атап өтілді.

Сонымен қатар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру жағдайында жедел ден қоюдың және проблемалық мәселелерді сапалы шешудің маңыздылығына қатысты аппарат қызметкерлеріне талдау жұмыстарын жүргізу туралы бірқатар тапсырмалар берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You