
Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен инвестиция тартуға және өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Осы ретте Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен кездесті.
Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық мүмкіндіктері және Ленгір қаласындағы кеңес дәуірінде жұмыс істеп, тоқырау жылдарында тоқтап қалған өндіріс ошақтарының қазіргі жай-күйі таныстырылды. Аудан басшысы қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан өндірістік парк пен индустриалды аймақтың болашағына ерекше тоқталып, бұл нысандардың аудан экономикасын дамытуға және кәсіпкерлікті қолдауға айрықша үлес қосатынын атап өтті.
Еркеғали Амантайұлы шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын құру және бизнеске жүйелі қолдау көрсету бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Сонымен қатар аудан өндіріс ошақтарын қайта іске қосуға ашық екенін және білікті жұмыс күші жеткілікті екенін атап өтіп, инвесторларға барлық деңгейде жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Тоқтап тұрған өндірістік нысандардың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы жаңа жұмыс орындарын құру және жергілікті экономиканы жандандыру мүмкін екендігін де ерекше атап өтті.
Өз кезегінде инвесторлар ауыл шаруашылығы мен кен өндіру салаларында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдіріп, аудандағы шахта кен орындарының жұмысымен танысуға қызығушылық танытты.
Төлеби ауданына қатысты бүгінгі тағы бір маңызды ақпаратпен де бөлісе кетсек. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «AMANAT» партиясы облыстық филиалында азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініш-шағымдарын қарады. Азаматтардың басым бөлігі жол сапасының төмендігі мен ауыз су тапшылығы, табиғи газ желісінің жетіспеушілігі мен интернеттің әлсіздігі, көше жарығы мен тұрғын үй кезегі сияқты мәселелерді көтерді.
Мәселен, Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округіне қарасты Жаңаталап елді мекенінің тұрғыны ауылда жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының сапасына алаңдаушылық білдірді. Тұрғынның айтуынша, мердігер мекеме мамыр айында техникалық бақылау мекемесімен келісімге келместен жұмысқа кіріскен. Алайда тұрғындар құрылыс сапасына күмән келтіріп, жұмыстарды тоқтатуға мәжбүр болған. Бұл мердігердің бұған дейін де өз міндетін дұрыс орындамағаны белгілі. Бүгінгі күні жол жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Мәселе тікелей назарға алынып, мердігер ұйымның заң аясында сапалы жұмыс атқаруын қамтамасыз етуді жүктеді.
Ал Төлеби ауданының Қасқасу ауылдық округінен келген бірнеше тұрғын бірқатар түйткілдерді алға тартты. Олар ауылда ауыз су мәселесі шешілді делінгенімен, әлі күнге толықтай қамтамасыз етілмегенін, көше жарығының жоқтығы мен асфальт төсеу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ Қасқасу ауылының тағы бір тұрғыны көгілдір отын мен ауыз судың сапасына қатысты шағымын ортаға салды. Бұл мәселелер бойынша Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы толыққанды ақпарат беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Зұлпыхар Сансызбайұлы әрбір өтінішке мұқият ден қойып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, тұрғындарды облыс орталығына дейін әуре-сарсаңға салмай, жергілікті деңгейде жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін баса айтты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
