![]()
Төлеби ауданында Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кезекті жалпыхалықтық сенбілік жоғары деңгейде өтті. Тазалық шарасы Ленгір қаласындағы «Төлеби баба» саябағында жалғасын тапты.
Игі іске аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов арнайы қатысып, көгалдандыру мен санитарлық тазалық жұмыстарында белсенділік танытты. Сенбілікке аудан тұрғындары мен еріктілер, мемлекеттік қызметшілер мен түрлі мекеме ұжымдары атсалысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Жалпы саны 11 мыңнан астам адам жұмылдырылып, ауқымды жұмыстар атқарылды.
Шара барысында аудан көлемінде 1500 түп көшет отырғызылып, жасыл аймақтар кеңейтілді. Сонымен қатар 1000 гектар аумақ қоқыстан тазартылып, арнайы техникалардың көмегімен 20 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды.
Айта кету керек, жыл басынан бері аудан бойынша 75 тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 57 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Нәтижесінде жүздеген шақырым жолдар, арық-атыздар мен су арналары тазартылып, қоғамдық орындар ретке келтірілді.
Ал бүгін Созақ ауданы көлемінде де “Таза Қазақстан” жалпыұлттық бағдарламасы аясында «Жасыл болашақ» экологиялық акциясы өтіп, ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Игі бастамаға барлық мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары белсене қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Көркейту-көгалдандыру жұмыстарын аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тікелей бақылауына алып, аудан орталығындағы ішкі көшелер мен саябақтарды аралады. Аумақтарды абаттандыру, жасыл желекті көбейту бағытындағы жұмыстардың барысымен танысып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, аудан басшысы Шолаққорған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағына барып, отырғызылған тал көшеттерінің жай-күйін зерделеді. Қазіргі таңда мұнда көшеттерді күтіп-баптау, суару, тыңайтқыш беру және қосымша тал егу жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, бүгінгі сенбілік барысында Шолаққорған ауылы 5 секторға бөлініп, 144 көшеге жауапты мекемелер бекітілді. Әрбір секторда тазалық жұмыстары қарқынды атқарылып, күл-қоқыс шығарылып, аумақтар ретке келтірілді. Сонымен қатар, көше бойындағы талдардың түптері әктеліп, санитарлық тазалық шаралары жүргізілді.
Жалпығ сенбілікке 5000-ға жуық адам мен 20-дан астам техника жұмылдырылып, 1000 түпке жуық тал көшеті отырғызылды.
Осы ретте бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасын дамыту аясында жануарларға қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға тоқталғанын да айта өтейік.
– Үй жануарларының адамдардан қорлық көруіне жол бермеу керек. Үкімет үй жануарларын дұрыс күтіп-баптамағандарға берілетін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып, ал оларға қатыгездік көрсеткендерге кесілетін қылмыстық жазаны күшейтуі керек. Негізі, қаңғыбас иттер проблемасына азаматтардың немқұрайлылығы себеп: яғни олар бастапқыда жануарларға ықыласы ауып асырағанымен, кейіннен көңілдері қалып, керексіз заттай көшеге тастап кетіп жатады. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу қажет. Сондай-ақ ешқандай «хайпқа» жол бермей, мамандандырылған жануарлар орталықтарының қызметіне қоғамдық бақылау қойған жөн. Бұл іске сіздер де үлес қосасыздар деп ойлаймын. Жалпы, қаңғыбас иттерге қамқорлықпен қарау қоғамның арасына сына қақпауға тиіс. Өңірлерден алған ақпаратқа сәйкес, балалар, тіпті, ересектер жабайы иттерден жиі зардап шегуде. Басты мәселе – осы. Сондықтан бұл проблемаға мемлекет пен жұртшылықтың, нақты айтқанда, заң шығару тұрғысынан Парламенттің араласпасына болмайды. Бірақ біз қорғансыз жануарларды жәбірлеген фактілерге де бей-жай қарамауымыз керек, атап айтқанда, үй жануарларын азаптағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартқан дұрыс. Осындай тәсілдер қоршаған ортаға озық әрі жауапты көзқарас қалыптастырады деп ойлаймын. Бұл да — «Таза Қазақстан» аясында атқарылуға тиіс істің бірі, – деді Президент.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
