Түркістан облысы: Төлеби ауданында балаларға арналған модульді лагерь ашылды

Бүгін Төлеби ауданында балаларды жазғы сауықтыруға арналған модульді лагерь ашылды. Жаңадан салынып, пайдалануға берілген қосымша 14 нысанда 7 ауысым бойынша 2 мыңнан астам бала жаз бойы демалмақшы. «Төлеби нұры» отбасы үлгісіндегі балалар үйінің лагері алғашқы ауысымда Қазығұрт ауданының 300-ден астам оқушысын қабылдап үлгерді.

Барлығы көпбалалы және аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар саналады. Бүгін салтанатты лента қию рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы келіп қатысып, жүрекжарды құттықтауын арнады.

— Жазғы демалыс – балалар үшін қуаныш пен шабытқа толы ерекше кезең. Лагерь ашу – болашаққа салынған инвестиция. Жас буынның жан-жақты дамуына, бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуіне бағытталған модульді жазғы лагерь өз жұмысын бастады. Бұл жоба — мемлекеттің қаражатын тиімді пайдалана отыра, қажеттіліктерді қамтамасыз етеді. 5 мемлекеттік лагерьде 52 модульді лагерь салынып жатыр. Жоба негізінде 7500-ден астам қосымша орын ашуға мүмкіндік туды. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы қолдау көрсетті. Осы апта Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» лагері 487 баланы қабылдады. Маусымдық нысандардың құрылысы қолға алынған сәттен басы-қасында жүріп, сапалы іске асырылуын бақыладық. Бүгін жасөспірімдердің бақытты жүздеріне тағы куә болып тұрмыз. Ендігі мақсат — балаларға шынайы шаттық пен қауіпсіз орта сыйлау. Осы ортақ міндетті абыроймен атқаруға шақырамын. Ұйымдастыруға атсалысқан барша әріптестерге, ата-аналарға және тәрбиешілерге алғыс білдіреміз! Оқушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас сәттер тілейміз! — деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Іс-шарада облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нұрпейісов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары М.Әшірбаев, Төлеби ауданы әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай, аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Г.Абилхасова бой көрсетті. Қос ауданның ардагерлері игілікті бастаманы жүзеге асырған азаматтарға алғыс білдіріп, баталарын берді.

«Төлеби нұры» лагерінде 14 модульді нысаннан бөлек, асхана, бассейн, қыздар мен ер балаларға жеке әжетхана мен жуынатын орындар, шатырлар бар. Әр модульді ғимаратта 20 оқушыға арналған жатын орындары қарастырылған. Бәрі жаңа жиһаздармен қамтылған. Балалардың бес мезгіл тамақтануы, қауіпсіздігі, күнделікті бағдарламасы, ойындары мен сайыстары, интеллектуалдық және мәдени шаралары бақылауда.

Иә, жазғы лагерь — тек демалыс орны ғана емес, шығармашылықты ұштайтын, достықты нығайтатын, жаңа қабілеттер мен қызығушылықтарды дамытатын орта. Әлеуметтік теңдікті, патриоттық тәрбиені насихаттайды. Мұнда әр бала өзін еркін сезініп, өнері мен спорттық қабілетін шыңдайды. Көшбасшылық қасиеттерін жетілдіреді. Салауатты өмір салтын ұстануға бейімдейді. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Балаларды қылмыстан, көшедегі қауіп-қатерден қорғайды.

Айта кетейік, Түркістан өңірінде ұзын-ырғасы 43 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру аймақтарында тынығады. 10 мемлекеттік және 24 жекеменшік лагерь қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, 300 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық шараларға қатысады. Мұның бәрін жауапты басқармалармен бірлесіп ұйымдастыру өз жалғасын таппақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You