Түркістан облысы: «Таза Қазақстан» аясында Сарыағаш, Сауран, Сайрам аудандарында бірнеше түп көшет егілді

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» аясында Сарыағаш ауданындағы «Айырылмас» этно-мәдени саябағында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, облыстық мәслихат депутаты Жәнібек Сүлейменов пен Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев, студенттер мен мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер және еріктілер қатысты.

— Бүгін бізді біріктіріп тұрған — қоғамның белсенділігі. Әрбір тұрғынның ықыласы мен еңбегі -ауданымыздың келбетіне қосылған нақты үлес. Табиғат – бәріміздің ортақ байлығымыз. Сарыағаш – табиғаты әсем, туристік әлеуеті жоғары аймақ. Сондықтан тазалықты сақтау – өңіріміздің көркін арттыру, болашақ ұрпаққа үлгі болу. Баршаңызды тек сенбіліктерде ғана емес, күнделікті өмірде де тазалыққа мән беруге, қалдықтарды сұрыптауға және қоғамдық орындарды таза ұстауға шақырамын. Біріккен еңбек қана үлкен нәтижеге жеткізеді. Бүгінгі сенбілік Сарыағаш ауданын одан әрі көркейтіп, жайлы болуына ықпал етеді деп сенемін. Барлық қатысушыларға еңбектері үшін алғыс айтамын. Ортақ үйіміз – Қазақстанды таза ұстайық, — деді облыс басшысының бірінші орынбасары.

Сенбілік барысында 11 мыңға жуық ағаш көшеті таратылып, қатысушылар тарапынан егілді. Сонымен бірге тазалық жұмыстарын жүргізу үшін 1000-ға жуық қап, қолғап, тырма, күрек секілді құрал-жабдықтар берілді. Аудан бойынша 3000-нан астам тұрғын сенбілікке белсене қатысып, қоршаған ортаны абаттандыру мен тазартуға үлес қосты.

Тазалық жұмыстарына арнайы коммуналдық техникалар жұмылдырылып, жиналған қоқыстар белгіленген орындарға шығарылды. Сонымен қатар Сарыағаш қаласы және оған қарасты 13 ауылдық округте республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, ішкі көшелер мен қоғамдық орындарда кең ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Бей-берекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, арамшөптер шабылды, қураған ағаштардың бұтақтары кесілді. Арық-атыздар тазартылып, саябақтар мен скверлер ретке келтірілді. Жасыл желекті көбейту мақсатында қосымша ағаштар егілді.

Айта кетсек, сенбіліктің негізгі мақсаты — аумақты көгалдандыру, көшелер мен саябақтарды, арықтарды және демалыс орындарын қоқыстан тазарту, сондай-ақ қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.

Түркістан облысында өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мен жасыл аймақ аумағын ұлғайту бағытында күзгі ағаш егу маусымы қызу жүргізілуде. Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округінде күзгі ағаш егу маусымы аясында ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Акция барысында 5000 түп қарағаш көшеті отырғызылды. Ағаш отырғызу жұмыстарына Сауран ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Сихымбай, ауданның дербес бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлері, 12 ауылдық округ тұрғындары қатысты. Экологиялық акцияға 1500-ге жуық тұрғын атсалысып, ауданның жасыл белдеуін қалыптастыруға өз үлестерін қосты.

Көшеттер Шаға ауылдық округіндегі С.Қожанов көшесінің 6 шақырымдық аумағына егілді. Жұмыстарды орындау үшін 4 арнайы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар көшеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы қоршаулар орнатылды.

Сауран ауданында көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады. Алдағы уақытта аудан экологиясын жақсартуға бағытталған кешенді жобалар жүзеге асырылмақ.

Сайрам ауданында да кезекті сенбілік өтті. Сенбілік аясында Ақсукент ауылдық округінің Орталық саябағында ағаштар көшеттері отырғызылды. Сенбілікке аудан әкімдігі, құқық қорғау органдары, мемлекеттік бөлімдер, «AMANAT» партиясы, Ақсукент округі мен «Көрікті Сайрам» мекемесінің қызметкерлері қатысты.

Барлығы 100 түп ағаш – шырша, көк шырша, шынар, павловния және қарағай отырғызылды. Бұл – ауданның жасыл аймағын ұлғайтуға бағытталған нақты қадам.

Сонымен қатар ауданның 11 ауылдық округі өз аумақтарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, арық-атыздар мен каналдар тазартылып, аяқ жолдар ретке келтірілді. Қураған ағаштар мен шөптер алынды. Сенбілікке барлығы 4 мыңнан астам адам қатысып, 17 техника жұмылдырылды. Жалпы 16 тонна қатты тұрмыстық қалдық полигондарға шығарылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You