![]()
Жетісай ауданында шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына барынша жағдайлар мен мүмкіндіктер қарастырылып, жасалатын бизнестің заңды, адал болуы қатаң назарға алынған.
Рұқсатсыз ашылған сауда орындарының қызметін тоқтатуға, бақша мен көкөністердің құрамында нитратты заттардың талапқа сәйкестігін, сауда орындарының өрт және техника қауіпсіздігін тексеруге бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру, заң талаптарына сәйкес шара көру, базар аумағындағы санитарлық тазалық пен құрылыс нормаларын сақтау мақсатында аудан әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасымен арнайы жұмысшы тобы құрылып, рейдтік шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Осыған орай, аудан басшысы қаладағы «Күлпаршын» және «Қарақай» базарларында болып, Мұхтар Әуезов, Сұлтанбек Қожанов көшесі бойындағы ретсіз сауда жасаушыларға, Шәкәрім Құдайбердиев көшесі бойындағы заңсыз автотұрақ иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Зерделеу барысында қаладағы кейбір тұрғындардың нәпақы табу барысында тазалықты сақтауды естен шығарып, заңсыздықтарға жол бергені, су қашыртқыларының үстіне дүңгіршектер салып, арық-атыздарды қоқыспен толтырып тастағаны, қоғамдық тамақтану орындарында өрт және техника қауіпсіздігі ережелерінің сақталмағаны анықталып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар аудан басшысы базар басшыларына кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің сауда жасау фактілеріне тосқауыл қойып, ретсіз саудамен айналысатын азаматтарды базарларға жайғастыруды, әрбір саудагердің өрт және техника, өмір қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін қадағалауды, сатушылар мен сатып алушыларға толықтай жағдай жасауды тапсырды.
Бұл бағыттағы жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындарды табысынан қағып, нәпақысынан айыру емес, керісінше, кәсіптерін заңдастырып, мемлекетке төленетін салық көлемін арттыру, адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін санитарлық тазалық, өрт және техника қауіпсіздігі нормаларын қатаң сақтау болып саналады.
Айтпақшы, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі базарлардағы бағаның ашық қалыптасуын қамтамасыз ету және өнімсіз делдалдарды қысқарту жұмыстарын күшейтуде. Осы бағытта Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев жуырда ғана Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірлік базар иелерімен кеңес өткізді. Кездесу барысында сауда тізбегін реттеу, делдалдарды азайту және сауда үдерістерін толық цифрландыру мәселелері талқыланды. Енді базарларда барлық келісімшарттар мен төлемдер міндетті түрде ақпараттық жүйелерде тіркелуі тиіс.
Жұмыс сапары аясында Түркістан қаласындағы «Қуаныш», «Алтын бұлақ», «Яссы» және «Эко базар» сауда орындарына барылып, олардың қызметі мен баға қалыптастыру тетіктері зерделенді. Сонымен қатар өңірдегі өндірістік парктерге арнайы визит жасалып, тауар жеткізу тізбегін дамыту және отандық өндірісті қолдау мүмкіндіктері қарастырылды.
Жалпы, республика бойынша бақылау шаралары күшейтіліп, заң талаптарын сақтамаған субъектілерге қатысты қатаң шаралар қолданылуда. Жыл басынан бері 76 өнімсіз делдал сауда тізбегінен шығарылған. Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – көлеңкелі экономиканы азайту, адал бәсекелестікті дамыту және халық үшін әділ бағаны қамтамасыз ету.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
