Түркістан облысы: Жетісай ауданында рейдтік тексерістер күшейтілді

ҚР Вице-премьер министрі Қанат Бозымбаевтың тұрғын үйлерге, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың үйлеріне, жатақханалар мен хостелдерге өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы бойынша тексеріс жүргізу туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті әкімдіктерге берген тапсырмасы аясында Жетісай ауданында кезекті рейд өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш жетекшілік еткен шараға қала әкімі мен кент, ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері мен аудандық полиция бөлімінің инспекторлары, газ инспекциясы мекемесінің қызметкерлері қатысып, аудан аумағындағы жеке және көппәтерлі тұрғын үй секторларының жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, түссіз газдан уланудың алдын алу, адам шығынын болдырмау, жылыту пештерін пайдаланудың техникалық талаптары мен ережелерін қатаң сақтау мәселелері түсіндірілді. Үнпарақшалар таратылды.

Рейд барысында жылыту маусымы басталғалы жүргізілген түсіндірме жұмыстарына қарамастан тұрғындар тарапынан әлі де болса рұқсат етілмеген жылыту пештерін пайдалану, түтін мұржаларының талапқа сай келмеуі, ақауы бар электр сымдары мен розеткаларды пайдалану жәйттері анықталып, хаттамалар толтырылды.

– Баршамызға мәлім болғандай, газ және электр аспаптарын пайдалануда салғырттық таныту – өртпен байланысты қайғылы жағдайға алып келеді, сондықтан күнделікті тұрмыстағы қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау әрбір азаматтың денсаулығы мен өмірінің, мүлкінің кепілі. Мұндай тексеріс жұмыстары аудан аумағында ұдайы жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы.

Арнайы мамандар тарапынан анықталған кемшіліктер бойынша біріншісінде хаттама толтырылып, ескерту жасалады. Кемшілікті жою бойынша белгілі уақыт белгіленеді. Айтылған уақытта кемшіліктер жойылмаса табиғи газ немесе электр жарығын беру тоқтатылып, айыппұл салынады.

Естеріңізде болса, түнеугүні Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Түркістан облысы Алғабас ауылында орын алған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтқан-ды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта өрттің себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысқа кірісті. Ағымдағы жағдай туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баяндады.

Олжас Бектенов зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек, оның ішінде материалдық және медициналық көмек көрсетілетінін атап өтті.

«Жалпы, жылу беру маусымының басталуымен тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны өсіп барады. Біз бұл мәселені қазан айында Үкімет отырысында қарадық. Алайда, жағдайдың жақсарғанын әзірге көріп отырған жоқпыз», — деді Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне өрттерді болдырмау, адамдардың өмірін сақтау мәселелері бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын тиісті деңгейде үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды. Өңір әкімдіктерімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторын, әсіресе жатақханалар мен хостелдерді, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін аралап, рейдтер жүргізу қажет.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен әкімдіктер барлық масс-медиа мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жандандыру, ал өңір әкімдіктері газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануға бағытталған алдын алу шараларын жүргізу бойынша газ-техникалық инспекцияның жұмысын күшейту тапсырылды.

Премьер-министр орын алған жағдайдан дұрыс қорытынды шығарып, алдағы уақытта ондай оқиғаларға жол бермеу үшін нақты ұсыныстар әзірлеу керек екенін атап өтті. Бақылау Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа бекітілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You