Түркістан облысы: Жетісай ауданында жекпе-жектен ашық кубок өтті

Халық арасында қазақтың жекпе-жек спорт өнерін кеңінен тарату, әлемдік деңгейде мәртебесін көтеру және рухани байлыққа, салауатты өмір салтын насихаттау, патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, жастар арасында нашақорлыққа қарсы дағдыны қалыптастыра отырып қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдердің деңгейін, дәрежесін одан әрі көтеру мақсатында Жетісай қаласындағы «Бекзат Саттарханов» атындағы спорт кешенінде Орталық Азия мен Қазақстан Республикасының ашық кубогы өтті.

Ерлер мен әйелдер арасында өткен байрақты бәсекеге Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан елдері мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда және Түркістан облыстарынан 18 жастан асқан 70 спортшы қатысып, ерлер 9 салмақ дәрежесінде, әйелдер 5 салмақ дәрежесінде өзара мықтыларды анықтады.

Жарыстың ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, Кеңес одағына еңбегі сіңген спорт шебері, Дүниежүзілік жекпе-жек қауымдастығының президенті Сабыржан Махметов пен Қазақстан Республикасы жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының президенті Ержан Байжұмаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Әскери-жауынгерлік өнерімен қоса спорттың барлық түрлерін бір ортаға тоғыстырған чемпионатта командалық есепте жүлделі ІІІ орынды Шымкент қаласының спортшылары иеленсе, ІІ орынға Абай облысының құрамасы табан тіреді. Ал, жүлделі І орын Түркістан облысының құрамасының қанжығасына байланып, жеңімпаз атанды.

Барлық жеңімпаздар арнайы белбеулермен, дипломдармен және медальдармен, демеушілер есебінен арнайы бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Естеріңізде болса,  Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында дәстүрлі республикалық спартакиада да өтуде. Дүбірлі жарысқа еліміздің барлық аймағынан, облыстар мен республикалық қалалардан 20 команда қатысып, спорттың 9 түрінен өзара мықтыны анықтап жатыр.

Бүгінгі жүзу сайысы өз мәресіне жетіп, жарыс қорытындысына сәйкес Түркістан облысының құрамасы жүлделі ІІ орынды иеленді.

Команда құрамында Түлкібас ауданы әкімдігінің бас инспекторы-баспасөз хатшысы Бақытжан Иманбаев, Мемлекеттік кірістер департаментінің Б.Қонысбаев кеден бекетінің бас маманы Олжас Мансуров және Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасына қарасты арнаулы салық режимін әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Севара Хаймова өңіріміздің намысын абыроймен қорғап, күміс жүлдені иеленді.

Айта кетейік, жүзу спортынан жүлделі І орынды Ақмола облысы иеленсе, үздік үштікті жергілікті Шығыс Қазақстан облысының командасы түйіндеді.

Аталған спартакиада маусым айының 17-сіне дейін жалғасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You