Түркістан облысы: Жетісай ауданының әкімі ғасыр жасаған соғыс ардагеріне құрмет көрсетті

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов ІІ Дүниежүзілік соғыстың аудандағы соңғы сарбазын ғасыр тойымен құттықтап, сый-сияпат жасады. Деніне саулық тілеп, сұрапыл соғыста от кешіп, кеудесін оққа төсеген ардагерлердің ерліктері ел есінде мәңгіге сақталатынын айтты.

Бүгінде 100 жасқа толған Петр Кузьмич Папков 1925 жылдың 20 маусымында Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген. 1942 жылы әскерге алынған Петр Кузмич 73 гвардиялық армияға түсіп, 105 полк құрамында қызмет еткен. Киев, Бухарест, Венгрия қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан, құрылыс батальонында жүргізуші, құрылысшы болған майдангер 1950 жылы әскерден оралған. Қанды қырғынның соңғы нүктесін қойып, елге келгеннен кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласында, ауылдарды қалпына келтіру ісінде аянбай еңбек еткен. Трактор тізгіндеп, зейнетке шыққанша адал еңбек еткен. Ұлы Отан Соғысы мен Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

Бұған дейін қарт майдангерге өткен жылы баспана кілті табысталса, «9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың мерекелік құттықтаулары, 5 миллион теңге қаржының сертификаты, мерекелік себеттер тарту етілген болатын.

Сонымен қатар бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық эко-акциясы аясында Жетісай ауданында ауқымды сенбілік өтті.

2500-ге жуық адам мен 20 техника жұмылдырылған тазалық жұмыстары барысында қала, кент, барлық ауылдық округтердегі саябақтар мен гүлзарлардың, тарихи ескерткіштердің аумағы шөптерден, қураған ағаштардан тазартылып, көшелер мен арық-атыздардан 30 тоннға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды.

– Қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың парызы. Осы орайда, ауданның барлық тұрғындарын тазалықты сақтауға және табиғатты қорғауға өз үлестерін қосуға шақырамыз. Сенбіліктерді тек белгіленген күндері ғана ұйымдастырып қоймай, табиғаттың тазалығын сақтауға әрбір тұрғынды күнделікті өз ауласын, үйіргелік жерлерін тазалауы арқылы дағдыландыруымыз керек, – дейді аудан басшысы.

Биылғы жылдың басынан бері ауданға қарасты қала, кент және барлық ауылдық округтерде «Тазалықты өзімізден бастайық!» атты үндеу жарияланып, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлерінен, тұрғындар мен кәсіпкерлерден, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті мәслихат депутаттарынан 70 мыңға тарта адам қатысқан 50-ге жуық сенбілік өткізілген. 200 техника жұмылдырылып, 500 тонна қоқыс шығарылған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You