
Түркістан облысындағы Жетісай ауданының шаруалары биыл 79,3 мың гектар суармалы жердің 43 мың гектарына мақта шитін сепсе, 16,7 мың гектар жерге — бақша, 7,5 мың гектар жерге — дәндік жүгері, 3,6 мың гектар жерге — көкөніс пен 6,7 мың гектар алқапқа малазықтық дақылдарын еккен. Бүгінгі күнде көкөніс дақылдарынан 36 мың тонна өнім жиналған.
Одан бөлек, егістік алқаптарда егілген қауын дақылдарының алғашқы өнімі пісіп те үлгерген.
Соңғы 15 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан жетісайлық шаруа Әл-Фараби Күзенбаев Ж.Ералиев ауылдық округіндегі 50 гектар жеріне қауынның «Нұр-Бакинка» және «Дампера» сорттарын ексе, 250 гектарына мақта шитін сепкен. Жылдағы әдеті бойынша биыл да бақша өнімдерін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр.
Қожалық төрағасының сөзіне сенсек, ерте көктемде отырғызған көшеттері жоспардағы 65 күнде емес, 70 күнде дайын болған екен. Енді сұранысқа сәйкес Ресей Федерациясына 100 тонна қауынды экспорттап жатыр. Баға да жаман емес, келісі 400 теңгеден саудаланып жатыр.
«Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл ертелеу пісті. Сұраныс та жақсы. Ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Біз егістік басынан келісін 400 теңгеден саудалаудамыз, көрші елде біздегіден де қымбат. Ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жіберіп жатырмыз», — дейді «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы.
Ағынсу демекші, «Суару маусымы басталғалы бері еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі «Қазсушар» филиалдары диқандарға 2,5 миллиард текше метрден астам су берді. Түркістан облысына 1,3 миллиард текше метр су беріліп, 276 мың гектар жер суарылды. Жетісай ауданында 84,3 мың гектар егіс алқабын суаруға 304 миллион текше метр су жіберілді. Оның 97,5 миллион текше метрі 13 384 гектар бақша және көкөніс алқаптарын суаруға жұмсалды», — делінген Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарламасында.
Бүгінде 30-ға тарта жергілікті тұрғынды жалдап, күніне 8-12 мың теңге аралығында ақы төлеп отырған шаруа орта есеппен гектарынан 400 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, өткен жылы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген ауданда 110 мың тонна мақта, 549 мың тонна бақша, 88,8 мың тонна көкөніс, 46,1 мың тонна дәнді және бұршақты, 67,7 мың тонна малазықтық дақылдар жиналған болатын.
Сонымен қатар Түркістан облысы Келес ауданының Бозай ауылдық округіне қарасты Тартоғай елді мекенінде де биыл қарбыз жылдағыдан ерте піскен. Келес ауданы әкімдігінің мәліметінше, жеке кәсіпкер Жүсіпбек Әшірбековтің иелігіндегі 25 гектар суармалы егістік алқапқа еккен қарбызын ерте жинауға кіріскен.
«Заманауи агротехнология мен тынымсыз еңбектің нәтижесінде өнім жылдағыдан бір апта бұрын пісті. Тамшылатып суару жүйесін қолдану арқылы шаруа су үнемдеп қана қоймай, өнімнің сапасы мен көлемін арттыруға қол жеткізді. Қарбыздардың салмағы 15 келіге дейін жетіп, орта есеппен 10 келіні құрап отыр. Қазіргі таңда өнім жергілікті нарықта саудалануда. Шаруа қожалығы ауыл тұрғындарын да назардан тыс қалдырмай, маусымдық жұмыстарға күніне 40-қа жуық азаматты тартып отыр. Бұл ауыл тұрғындары үшін табыс табуға мол мүмкіндік, ал кәсіпкер үшін – еңбек өнімділігін арттыратын күш», — дейді аудан әкімдігіндегі жауаптылар.
Тағы бір атап өтерлігі, биыл сарыағаштық шаруалар 2,1 мың гектар жерге ерте пісетін картоп өнімін егіп, қазіргі уақытта өнім жинауға кірісіп кетті. Шаруалар еңбек арқылы азық-түлік қауіпсіздігіне өз үлестерін қосып келеді.
Биыл ауданда жалпы 75,7 мың гектар егістік жерге егін егілген болатын. Оның ішінде 51,1 мың гектары – бұршақты және майлы дақылдар (бидай – 40,5 мың гектар, жүгері – 1,5 мың гектар, арпа – 7,9 мың гектар, күнбағыс –224 гектар, мақсары – 910 гектар), 479 гектары — бақша, 2,1 мың гектары — картоп, 10,6 мың гектары көкөніс болса, 11,5 мың гектарға мал азығы егілді.
Қазіргі таңда ерте пісетін картоп алқаптары ауданға қарасты Қабланбек, Құркелес, Жартытөбе және Тегісшіл ауылдық округтерінде орналасқан.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.