Түркістан облысы: Жетісай мен Төлеби аудандарында жүзім шаруашылығы жанданып келеді

Түркістан облысының Жетісай ауданында жүзім шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Осы саладағы үздіктердің бірі – Жылысу ауылдық округінде орналасқан «Erte-Agro» ЖШС. Аталмыш шаруа қожалығындағы жүзім өнімдері республика төңірегінде сатылымға шығарылып жатыр. Аудан басшысы Серік Мамытов шаруамен кездесіп, мемлекеттік қолдаулар туралы түсіндірді.

«Шаруа қожалығымыз өз негізін 2017 жылы қалады. 2018 жылы арнайы Украина мемлекетінен «Аркадия», «Лидия», «Байқоңыр», «Анюта», «Велес», «Кодрянка», «Преображение», «Академик», «Дубовский» сынды 9 жүзім сортының көшетін алдырып, 40 гектар алқапқа отырғызып шықтық. Алқапқа егілген жүзімнің барлығы асханалық сортқа тиесілі. Жүзім бағымызға тамшылатып суғару әдісін қолданамыз. Өндірілген өнімді қазіргі таңда облыс орталығы Түркістан қаласы мен мегополис Шымкент қаласына жөнелтіп жатырмыз. Сол екі қала арқылы республика көлеміндегі барлық қалаға таратылуда. Жетісай ауданының жүзімі қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие», — дейді «Erte-Agro» ЖШС төрағасы Сұлтан Ерболұлы.

Жүзім шаруашылығында бүгінде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айлық жалақы да, жылдық өнім де жаман емес. Нарықта сұраныс артса, баға жоғарылайды, жалақы өседі.

Айта кетейік, бүгінде ауданда жалпы аумағы 466,8 гектар жерге жүзімнің «Киш-миш», «Тайфи розовый», «Гузаль қара» және «Мускат Александровка», «Султанка белый», «Королева Виноградников» сорттары егіліп, жергілікті базарлар мен көршілес аудандардың сұранысын қанағаттандырып отыр.

Расын айту керек, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Оның ішінде жүзім шаруашылығында да даму бар. Мәселен, Төлеби ауданындағы Тасарық ауылының тұрғыны Сабыржан Танабаев бүгінде кәсібін өркендетіп отыр. Аумағы 20 гектар жүзім бауында тұрақты 16 адам, жиын-терім, егіндік маусымында 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Жүзім бауында бүгінде жемістің 4 түрі өсіріледі.

Шілде, тамыз айларында пісіп жетілген жүзімдерді арнайы сауда орындарына, базарларға шығарып, көтерме бағамен өткізеді. Жеміске сұраныс та көп. Жүзімнен маусымында 300 тоннаға жуық өнім алады.

Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Тасарық ауылдық округіндегі аталған жүзім шаруашылығының жұмысымен танысты. Жүзімнің күтіп-бапталу барысын, суару және өнім жинау технологияларын көріп, шаруалармен пікір алмасты. Жергілікті еңбеккерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, туындаған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді.

Аудан әкімі аталған бағыттың ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін ерекше атап өтіп, жүзім өсіру арқылы ауданның экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнім көлемін арттыруға болатынын жеткізді. Сонымен қатар әкімдік тарапынан ауыл еңбеккерлерін қолдау, инфрақұрылымды жақсарту және заманауи агротехнологияларды енгізу бағытында жұмыстар жалғаса беретінін айтты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You