Түркістан облысындағы қоғамдық-саяси ахуал бойынша штаб отырысы өтті

Түркістанда облыс әкімнің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен облыстағы қоғамдық-саяси ахуал бойынша штаб отырысы өтті. Мәжіліске облыстық құқық қорғау органдары мен тиісті басқарма басшылары қатысты. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары селекторлық режимде қосылды.

Басқосуда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл мен ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Қалибеков, «Қазсушар» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Қазыбек Бедебаев пен Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Досхан Лесов баяндама жасады.

Баяндамашылар қоғамдық-саяси және этносаралық ахуал бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырып, алдағы жоспарларды пысықтады. Сондай-ақ түрлі сала бойынша туындап отырған өзекті мәселелер ортаға салынып, олардың шешу жолдары ұсынылды.

Жиында Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге алып, этносаралық бірлікті сақтау, тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың өтініштерін назарға алып, халықты игі істерге жұмылдыру қажеттігін жеткізді. Әрбір өзекті мәселе дер кезінде бақылауға алынып, жедел әрекет жасалуы керектігін ескертті. Сонымен қатар алда тұрған бірқатар міндеттерді атап өтіп, ел бірлігін нығайту жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Сонымен қатар бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Түркістан облысына арнайы іссапармен келіп, ғылым және жоғары білім саласын дамыту мәселелері бойынша облыс тұрғындарымен кездесті. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізді.

Халықаралық туризм және меймандостық университетінде өткен кездесу барысында еліміздегі жоғары білім мен ғылымның жаңа басымдықтары, министрліктің атқарып жатқан жұмыстары және өңірдің ғылыми-білім беру әлеуеті туралы сөз қозғалды. Нақтырақ айтқанда, ҚР жоғары білім және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына ерекше назар аударылды, сондай-ақ жоғары білім беру, жасанды интеллект және цифрлық білім, «AI-SANA» жобасы, инфрақұрылым мен жастарды қолдау, ғылыми жобаларды қаржыландыру және өзге де өзекті мәселелер ортаға салынды.

– Түркістан – рухани әрі ғылыми-экономикалық даму орталығы. Өңір дамуының маңызды қадамы туризм саласына мамандар даярлайтын университеттің ашылуы болды. Сонымен қатар Түркістанда Оңтүстік Кореяның Вусонг университетінің филиалы ашылды, бұл өңірдің халықаралық білім беру ынтымақтастығы үшін қызығушылығының артып келе жатқандығын көрсетеді. Аймақта жастар ғылымын қолдау, студенттер үшін қолайлы жағдай жасау, жаңа жатақханалар салу және оқу процесін цифрландыру бойынша бірқатар бағдарламалар іске асырылып келеді, – деді Талғат Ешенқұлов.

Жиынға Түркістан облысының ардагерлері, зиялы қауым, ғалымдар, түрлі сала қызметкерлері, белсенді жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бұл кездесу – халықпен тікелей диалог орнату мен жоғары білім саласын дамытуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болды.

Айта кетейік, кездесу барысындағы белсенді сұхбаттасудан бөлек, вице-министр азаматтарға жеке қабылдау жүргізіп, тұрғындардың жеке өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You