
Түркістан облыстық білім басқармасының «Білім беруді дамыту орталығы» КММ жылдық жоспарына сәйкес, қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында «KitapXAH» кітап оқыту әдісінің басшылар, педагогтар және ата-аналар арасында жылдық қорытындысы өтті.
Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет үйінде қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында «KitapXAH» кітап оқыту әдісінің басшылар, педагогтар және ата-аналар арасында жылдық қорытындысы өтті. Шараға Түркістан облысы білім басқармасының басшы міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова қатысып, байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, «Оқуға құштар мектеп» номинациясын оқу жылы бойы белсенділік танытқан мектептерге мадақтама табыстады.
Екі кезеңді қамтыған финалда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып оза шапқан 8 басшы, 8 педагог, 4 ата-ана бақ сынады.
Бірінші кезеңде қатысушылар таңдап алып келген кітаптарын 7 минутта қорғап, кітаптың маңызды тұстарын қалың көпшілікке ұсына білді. Екінші кезең Абай Құнанбайұлының өмір дерегі, шығармашылығы, қара сөздері турасында ой қозғайтын сұрақтар негізінен тұрды.
Шараға Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының директорының міндетін уақытша атқарушы Руслан Тойшыбеков, Түркістан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Бақыт Еркінбек және Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы, «KitapXAH» кітап оқыту әдісінің авторы Бақытжан Төлімбет байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, әділқазы алқасына Алғыс хат табыстады.
Финалға шыққан барлық үміткерге ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаты, Республикалық Ғылыми педгогикалық кітапханасының алғыс хаты, Білім басқармасының мадақтамасы, Білім беруді дамыту орталығының мадақтамасы табысталды.
Жобаның жылдық қорытындысы:
“KitapXAH-2025” — Гүлсім Елубай, Сауран ауданы, Әшірбек Сығай мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі;
“KitapXAH-2025” — Зәуре Бөкенова, Созақ ауданының әдіскері;
“KitapXAH-2025” — Мөлдір Сапарова, ата-ана (Бәйдібек ауданы).
Жеңімпаздарды жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!
Сарыағаш ауданының оқушылары кітап оқуда үздік атанды
Реті келгенде қоса кетеп маңызды ақпарат. Түркістан облысының білім басқармасының «Білім беруді дамыту орталығы» КММ жылдық жоспарына сәйкес қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында «KitapXAH» кітап оқыту әдісінің оқушылар арасында қорытынды кезеңі өз мәресіне жетті.
Байқау екі кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде оқушылар таңдап алып келген кітаптарын 6 минут көлемінде қорғап, кітаптың маңызды тұстарын қалың көпшілікке ұсына білді.
Екінші кезең Абай Құнанбайұлының өмір дерегі мен шығармашылығы, қара сөздері турасында ой қозғайтын сұрақшалар негізінен тұрды.
Сайыс нәтижесінде Сарыағаш ауданында орналасқан №53 Мәлік Ғабдуллин атындағы жалпы білім беретін мектептің 6-шы сынып оқушысы Қарлығаш Есен жеңімпаз атанып, №53 Мәлік Ғабдуллин атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Дана Дарханбай мен №29 Ұлықбек атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Умида Акрамовалар ІІІ орынды иеленді.
Байқау соңында Түркістан облысы білім басқармасының бөлім басшысы Дәурен Босымбаев және Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы, «KitapXAH» кітап оқыту әдісінің авторы Бақытжан Төлімбет қатысушыларға сәттілік тілеп, қорытынды кезеңге шыққан үміткерлерге «Алғыс хаттар» табыстады.
Сарыағаштық оқушылардың бұл жетістігі – білімге, кітапқа деген сүйіспеншіліктің, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Олар өз ауданын абыроймен танытып, жас ұрпаққа үлгі бола білді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.