Түркістан облысындағы санитарлық-экологиялық талаптарға сай келмейтін полигондар реттеліп жатыр

Түркістан облысы аумағында тұрмыстық қалдық тастайтын бас-аяғы 128 полигон бар. Оның ішінде 38-і аудандық ауқымда болса, 41-і ауыл округінде орналасқан. Ал 49-ы сенімгерлік басқаруға берілген. Жалпы полигондар үшін өңірде талаптар қарастырлып, қажеттілігі бойынша талдау жасалып отыр.

Сонымен, нәтижесінде полигондардың 70%-ы санитарлық-экологиялық нормаға сәйкес келмейтіндігі анықталған. Яғни, электр энергиясы, су, арнайы қоқыс көмуге арналған шұңқырмен, қоршаумен және тағы басқа қажеттіліктермен жабдықталмаған.

Қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын санитарлық-экологиялық нормаға сәйкестендіру мақсатында «Түркістан облысы аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын оңтайландыру және талапқа сәйкестендіру жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын кезең-кезеңімен ретке келтіру жұмыстары жүргізілу үстінде.

Осыған сәйкес, 2020-2023 жылдары аудандық бюджет есебінен 16 жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Былтыр облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Созақ ауданында Қаратау, Қарақұр, Жуантөбе ауыл округтеріндегі қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарында құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қатты тұрмыстық полигондарды оңтайландыру мақсатында Түлкібас ауданында — 8, Отырар ауданында 16 полигон жабылып, жерлері жер қорына өткізілді.

Полигон мәселесі қозғалғанда облыс көлемінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан тірліктер туралы да айта өтсек. Кешегі сенбіде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тарихи Сауран қалашығында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қоршаған ортаны тазарту, сондай-ақ жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру.

Сенбілікке жергілікті тұрғындармен қатар, еріктілер, студенттер және жастар ұйымдарының өкілдері белсене атсалысты. Қатысушылар қалашық аумағында санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны тазартуға өз үлестерін қосты.

Акция барысында Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Талантты жастарды қолдау» бөлімінің басшысы Нұрболат Әлімханұлы сөз сөйлеп, «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліп жатқан ауқымды экологиялық бастама екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл шара табиғатты сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында үлкен маңызға ие. Сондықтан Түркістан облысының жастары белсенді түрде қолдау білдіріп отыр. Сонымен қатар орталықтың маманы, белсенді жас Кененбай Арыстан «Жасыл ел» бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, жастарды табиғатқа жанашыр болуға үндеді.

Іс-шара барысында тазалық жұмыстарымен қатар, қатысушылар арасында экологиялық мәдениетті насихаттау, табиғатты қорғау тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жастарға қоршаған ортаның адам өміріндегі маңызы мен оны қорғаудың өзектілігі туралы ақпарат берілді.

Шара соңында қатысушылар қала тұрғындарын қоршаған ортаға бейжай қарамауға, табиғатты бірлесе қорғауға және Сауран қалашығы аумағын таза ұстауға шақырды.

Бұдан бөлек «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Төлеби ауданында да жалпыаудандық сенбілік жалғасын тапты. Кезекті тазалық шарасы «Таза табиғат» кезеңі негізінде Қаратөбе ауылдық округі аумағындағы Балдыберек өзенінің бойында өтті.

Сенбілікке мемлекеттік қызметшілер, жастар, еріктілер, мекеме қызметкерлері және тұрғындар белсене қатысты. Табиғат жанашырлары өзен жағалауын, саябақ маңын, көшелерді, ауыл маңайын, аулаларды және басқа да қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты.

Қоршаған ортаны тазарту, табиғатты қорғау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатындағы сенбілікте 1 мыңнан астам белсенділер 22 шақырым Балдыберек өзен бойын тазалап, 27 тонна қоқысты 15 техниканың көмегімен арнайы орынға жеткізді.

Төлеби ауданында «Таза Қазақстан»республикалық бағдарламасының мақсатын түсіндіруге арналған экологиялық акциялар, семинар және балаларға арналған танымдық шаралар ұйымдастырылуда. Бұл халықты табиғатты аялауға шақырып, экологиялық тәрбие берудің маңыздылығын көрсетуде.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық шарасы аясындағы сенбілік жұмыстары Жетісай ауданының тұрғындары тарапынан да үлкен қолдау тауып, жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жетісай ауданындағы қала, кент, барлық елді мекендердің тұрғындарының, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлерінің, табиғат жанашырларының қатысуымен аудандық сенбілік өтті.

Екі мыңға тарта адам мен 15 техника жұмылдырылған тазалық жұмыстары барысында мекемелер мен бөлімдерге арнайы бекітілген учаскелерде бейберекет жатқан қоқыс орындары, ауданның кіреберістері тазаланып, шөптері шабылды, қатты тұрмыстық қалдықтар жиналды.

«Бүгінгі сенбілікке аудандағы мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкері мен арнайы техникалар қатысып, әрбірі өздеріне бекітіліп берілген аумақтарында тиісті жұмыстарды атқарды. Мұндай шаралар аудан аумағында тұрақты түрде өткізілуінің бірден-бір себебі – тазалық жұмыстарына жергілікті тұрғындардың да бейжай қарамауы. Белсенділік танытуы» — деген аудан әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы кез келген қоғамның тазалығы мен тұрғындарының мәдени деңгейiн көрсететін осындай бастамаларға жетісайлық жұртшылықтың қолдауы үлкен екенін айтады.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You