Түркістан облысында Әкелер күніне орай маңызды басқосу ұйымдастырылды

Түркістанда Әкелер күніне орай облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген төралқа мәжілісі өтті. «Достық» үйінде өткен маңызды басқосуға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының өкілдері, жастар қатысты.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары қоғамда ерекше мәні бар мерекемен құттықтап, облыстық ардагерлер кеңесінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, бұл бастамалардың ел бірлігін нығайтудағы рөлін атап өтті.

– Түркістан облысында елге үлгі болар абзал әкелер, өнегелі азаматтар аз емес. Сіздер өздеріңіздің өмірлік тәжірибелеріңізбен, парасаттылықтарыңызбен, еңбектеріңізбен өңіріміздің дамуына зор үлес қосып келесіздер. Осы орайда, облыстық ардагерлер кеңесінің қоғам өміріндегі белсенді рөлі мен жастарға берген тәлім-тәрбиесі үшін зор алғыс білдіреміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұрпақ тәрбиесін ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе деп атап өткен болатын. Осы бағытта біз бірлесе еңбек етуіміз керек. Әсіресе, жас ұрпақтың бойында патриотизмді, еңбекқорлықты, отбасылық жауапкершілікті қалыптастыруда әкелер институтының маңызы ерекше, – деді Ертай Кенжебкұлы.

Мәжілісте отбасындағы әкенің рөлін нығайту, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, отбасылық құндылықтарды сақтау және дамыту бағыты талқыланды. Аталған жиын әкелердің қоғамдағы, отбасындағы рөлін тану және оларды қолдау арқылы жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Жиын барысында отаншыл, тәрбиелі, білімді ұрпақ тәрбиелеу бағытында келелі ойлар, ұсыныстар, пікірлер айтылды. Ел ағалары, ардагерлер, ғалымдар баяндама жасады. Облыстық ардагерлер кеңесінің атқарып жатқан жұмыстары айтылып, жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, отбасы институтын нығайту мәселелері сөз болды. Отбасы тірегі – әкеге деген құрмет – ұрпаққа міндет екені, ананы қадірлеу – парыз екені баяндалды. Іс-шара соңында отбасы тәрбиесінде және қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген белсенді де отаншыл азаматтар арнайы марапатталды.

Айта кетейік, Түркістан облысындағы 922 жалпы білім беру ұйымында «Ата-аналар кеңесі» мен «Әкелер мектебі» жұмыс істейді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You