Түркістан облысында өртке қарсы қауіпсіздікті сақтауға байланысты рейдтік жұмыстар жанданды

Түркістан облысында өртке қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтіле түсті. Аталған мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің назарында тұр. Облыс әкімі жауапты департамент, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне өртке қарсы қауіпсіздікті күшейтіп, жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Жетісайдағы ауыр өртке байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия төрағасы Қанат Алдабергенұлы тарапынан нақты міндеттер жүктелгенін білесіздер. Осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізілуде. Жауапты басшыларға, аудан, қала әкімдеріне құзырлы органдармен бірлесіп, өрттің алдын алу, қауіпсіздікті күшейту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырамын. Өңірдегі әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, қонақүйлер мен хостелдер қайтадан тексеріліп, өртке және улы газға қатысты қауіпсіздігі нығайтылады. Бұл жазатайым оқиғалар тұрғын үйдегі қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан болып жатыр. Сондықтан тұрғындар арасында жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Облыс аумағындағы заңсыз салынған және салынып жатқан құрылыс нысандарын анықтау бойынша арнайы жұмысшы тобын құрып, тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды ұйымдастыруды тапсырамын. Құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың тиісті құжаттарына және өрт қауіпсіздігі бойынша арнайы талдау жүргізіп, нәтижесімен нақты шаралар қабылдаңыздар. Облыс аумағында жаңадан құрылған газ инспекцияларының жұмысын жандандырып, барлық тұрғын үйлердің қауіпсіздігін 1 ай мерзім ішінде тексеруді тапсырамын. Тұрғын үйлерде, кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандарда газбен уланудың, өрттің алдын алу және электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану мақсатында рейдтік іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылсын. Өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында барлық нысандарға өрт дабылқаққыштарын орнату, халық арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілсін, – деген Нұралхан Көшеров департамент пен басқарма басшыларының осы мәселеге қатысты есептерін, ұсыныстарын тыңдап, тиісті міндеттер жүктеді.

Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Асқар Төлешевтің айтуынша, өрттердің басым бөлігі тұрғын үй секторында, автотранспортта және сауда орындарында тіркелген. Өрт оқиғаларының таралуына көбінесе электр құралдарын монтаждау және пайдалану кезінде талаптарды бұзу, пештерді орнату және пайдалану ережелерін бұзу себеп болады. Департамент басшысы өртке қарсы дабылқаққышты орнату қайғылы жағдайдың алдун алуға себеп болатынын, осы бағытта жұмысты жандандыру керек екенін айтты. Сонымен бірге өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін білу де маңызды. Облыс көлемінде 350 мыңнан астам тұрғын үй бар. Оның ішінде жеке тұрғын үй секторларының саны – 346 мың, ал көпқабатты тұрғын үйлер саны – 3 781. Қазіргі таңда профилактикалық жұмыстармен 139 мыңдай үйге рейдтік аралау жүргізілді. Жыл соңына дейін басқа да үйлерді қамту көзделіп отыр.

Мәжілісте департамент пен басқарма басшыларының ұсыныс, пікірлері тыңдалды. Мәселелер ашық айтылып, шешу жолдары қаралды. Арнайы жұмысшы топ құрамы кеңейтіліп, әкімдіктер, газ инспекциясы, «ҚазақГазАймақ» АҚ, Төтенше жағдайлар департаменті және өзге де мекеме өкілдері енгізіліп, өрт қәуіпсізді және улы газдан уланудың алдын алу бойынша рейдтік шаралар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.

Еске салайық, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өртке байланысты қабылданып жатқан жедел шаралар туралы баяндады. Вице-премьер кеше сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде өрт шыққанын айтты. Екі қабатты үй толығымен өртке оранып, шатыры ішінара опырылған. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің күш-құралдары дереу жіберілді, өрт сағат 07.22-де сөндірілді.

Өкінішке қарай, өрт орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы бала. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің себебі анықталуда. Әзірге қылмыстық құрам жоқ. «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі).

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша мен Үкіметтік комиссияның отырысын өткіздім, жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірқатар тапсырма бердім», — деп баяндады Қанат Бозымбаев.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You