
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жылдар бойы қатталған өзекті мәселелердің шешімін табу үшін облыс шаруалары мен құзырлы мекеме өкілдерінің басын қосып, кеңес өткізді.
Кездесуге Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов пен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Диас Сүлейменов, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ерлан Тұрысов пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Бексұлтан Ахметов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев пен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ақтілеу Бекмұратов қатысты.
Шаруалар мақта зауыттарындағы биылғы бағаны сөз етті. Әр зауытта түрлі баға белгіленгенін айтып, бұл мәселені бір жүйеге түсіру керектігін жеткізді. Келесі жылы зауыттар тарапынан ұсынылатын келісімшартта мақта бағасы көрсетілсе, өздеріне тиімді шартты таңдау шаруаларға да қолайлы болатын еді деген ұсыныс айтылды.
– Бұл мәселе кеше немесе бүгін туындаған жоқ. Жылдар бойы айтылып келеді. Сіздерден өтінеріміз, зауыттар арасында алдын ала өзара сөз байласу болмай, әділ бәсекелестік орнаса, шаруалар да өз өнімін лайықты деңгейде өткізуге мүмкіндік алса. Осыған назар аударып, заңдылығын қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз, – деді шаруалар өз сөзінде.
Облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов диқандардың талап-тілегін тыңдап, заң талаптарының сақталуына мониторинг жүргізілетінін, нәтижесіне қарай тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілі 2024 жылы өз тараптарынан жүргізілген тексеру нәтижесі барысында анықталған кемшіліктерге тоқталды.
Нұрбол Тұрашбеков өкілетті орган өкілдеріне кәсіпкерлердің құқығымен қатар шаруалардың құқығы да заңмен қорғалатынын ескертіп, көтерілген мәселелердің заңдылығын саралау барысында екі тарапқа оңтайлы ортақ келісім қажеттігін алға тартты.
– Мәселе ашық айтылса, асқынбайды. Десек те, барлығы заң аясында, тәртіппен шешілуі тиіс. Осы мақсатта бүгінгі кездесуге заң өкілдерін арнайы шақырдық. Келесі жылы келеңсіздіктерге жол бермеу үшін бүгінгі талқылау маңызды. «Кеңесті жерде кемдік жоқ», заң мен тәртіп баршамызға ортақ, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.
Биыл Түркістан облысында мақта өңдейтін 26 кәсіпорын 178 бекет арқылы 428 мың тонна өнім қабылдады. Мақта бағасы өнім сапасына қарай 250-270 теңге аралығында сақталды.
Орайы келгенде маңызды ақпаратпен бөлісе кетейік. Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасында Түркістан облысында шитті мақтаны өсіру және терең өңдеу бойынша инвестициялар туралы келісім жасауды мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша қойған тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді. Жобаның мақсаты — алқапта мақта өсіруден бастап дайын киім өндіруге дейін өндірістің толық циклін қалыптастыру. Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жер алаңында Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жоспарланған. 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады.
Инвестор — қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd.» компаниясы. Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде 58 миллиард теңгеден астам инвестиция көзделген, шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 200 миллиард теңгеден асады, бұл туралы бұрын Премьер-министр Олжас Бектенов пен «Xinjiang Lihua» басшысы Чжан Цихайдың келіссөздері барысында уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын.
Үкіметтің дерегінше, бұрын соңды мұндай ауқымда қолданылмаған технологиялық шешімдерді енгізу көзделіп отыр: тамшылатып суарудың тиімділігі жоғары жүйесі бар 196 сорғы стансасын, 500 шақырымнан астам суару және тарату арналарын, үш ірі сорғы кешенін және үш трансформаторлық қосалқы стансаны, тыңайтқыштарды интеграцияланған әдіспен беру жүйесін, сондай-ақ әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи ауыл шаруашылығы техникасын — жоғары қуатты тракторларды, мақта жинау машиналарын, бүріккіштер және мамандандырылған құрылыс техникасын пайдалану.
Сонымен қатар кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеу және тамшылатып суаруға арналған құрал мен иілгіш құбырларды шығару бойынша желі құрылады, бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және мақта өсіруден бастап иірілген жіп, маталар мен киімдерді шығаруға дейінгі тұйық өндірістік циклды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 70-75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 85%-ы экспортталады.
Жобаны жүзеге асыру ел ішінде терең қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға, қосылған құны жоғары дайын тоқыма өнімдерін шығаруды кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл, тұтастай алғанда, отандық тоқыма өнеркәсібінің өндірістік базасын нығайтады, экспорттық әлеуетті арттырады, сондай-ақ шағын және орта бизнесті — логистиканы, техниканы жөндеуді және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту үшін драйвер болады,
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мақта дәстүрлі түрде отандық мақта өсіру орталығы болып саналатын Түркістан облысының егіс алқаптарының 15,9%-ын алып жатыр. Биыл 144,5 мың гектар алқапқа дақыл егілді, оның ішінде 50 мың гектары — тамшылатып суаруды қолдану арқылы. 2025 жылы орташа өнімділігі 29,6 ц/га болатын 428 мың тонна шитті мақта жиналды — бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұндай жетістікке суды үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу, және ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруды қамтамасыз етудің нәтижесінде қол жеткізілді.
Айтпақшы, 2024 жылмен салыстырғанда дәстүрлі әдіспен өсірілетін алқаптар 9 мың гектарға қысқарды. Тамшылатып суаруға көшу су ресурстарын ұтымды пайдалануға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді — бұл, әсіресе, ауыл шаруашылығы өндірісі қарқынды дамып келе жатқан елдің оңтүстік аймақтары үшін маңызды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сенсек, мақта тұқымы егіс алқабының 100%-ы субсидияланатын жалғыз дақыл екені мәлім (басқа дақылдар үшін — 15-тен 50%-ға дейін). Екінші репродукциялы тұқымдарды пайдалану кезінде де қолдау көрсетіледі.
Ағымдағы маусымда өңдеушілер тоннасына 200 мың теңге мөлшерінде алдын ала төлемді жүзеге асырады, ал түпкілікті баға мақта сапасына байланысты 250 мың теңгеге жетеді.
Қазақстанда жыл сайын 300 мың тоннадан астам шитті мақта өндіріледі, оның ішінде 70-75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі. Сонымен қатар, өнімнің шамамен 85%-ы Латвияға, Түркияға, Ресейге, Қытайға және басқа елдерге экспортталады, ал 15%-ы ел ішінде өңделеді.
Түркістан облысында мақта саласын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың шикізатты өсіруден бастап дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі тұйық өндірістік циклды қалыптастыруға бағытталған Жол картасы іске асырылуда. Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені «Түркістан» ӘКК-мен бірлесіп іске асыратын «Түркістан облысында мақта өсіру және мақта-тоқыма кластерін құру» жобасы негізгі бағыттардың бірі болды. Жобаның инвестициялық құны 146,8 миллиард теңгені құрайды.
P.S. Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Кластер – өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтамасыз етеді: мақта өсіруден бастап, жіп, мата, джинсы материалдары сияқты дайын тоқыма өнімдерін шығарады.
Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 030 адам жұмыспен қамтылып, 201 миллиард теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге жетеді. Нәтижесінде, 229 мың тонна мақта өңделеді.
Биыл пилот ретінде Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді. Нәтижесінде, 45 центнер мақта жиналды. 2 мақта өңдеу зауыты және 2 су үнемдеу технологиясын шығаратын өндірісі іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталып келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
