
Түркістан облысында жалпы 801 елді мекен бар. Оның ішінде 794 елді мекен бас жоспармен қамтылып, қалған 7 елді мекеннің бас жоспарын биыл жүзеге асыру көзделіп отыр.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді сызбасы әзірленіп, сараптамаға жолданған. Жыл соңына дейін облыс мәслихат тарапынан бекітілмек. Бұл мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың қатысуымен өткен кезекті мәжілісте талқыланды. Облыс басшысы салаға жауапты мамандарды жинап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлармен танысып, сәулет ісіне бей-жай қарамауды тапсырды. Бұл жұмыстар жіті қадағалауда болатынын айтты.
Облыс аумағындағы аудан, қаладағы елді мекендердің бас схемасын жоспарлау жұмыстары аса маңызға ие. Өйткені, кешенді жоспар арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық, өндірістік-шаруашылық және табиғи-климаттық жағдайдағы негізгі бағыттары дами түседі. Мәселен, қоныстандыру жүйесін жетілдіру, елді мекендерді, өндірістік, көліктік, инженерлік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамыту, аумақтарды табиғи және антропогендік, техногендік құбылыстар мен процестерді зиянды әрекеттерден қорғау. Сондай-ақ қала құрылысының әдістерімен экологиялық ахуалды жақсарту, тарихи-мәдени мұра объектілерін және қорғалатын ландшафттық объектілерді сақтау жұмыстары жүргізіледі.
Түркістан облысында 14 аудан және 3 қала тіркелген. Соның ішінде 3 облыстық маңызы бар қала мен 4 аудандық маңызы бар қала және 10 аудан орталығы орналасқан.
Мәжілісте сөз алған Түркістан облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаевтің мәлімдеуінше, облыста орналасқан елді мекендерде талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 387 сапасыз бас жоспарлар анықталған. Осы тұста бас жоспарларға түзету енгізу үшін облыс әкімдігі тарапынан 2025-2029 жылға арналған жол картасы бекітілді. Сонымен қатар 105 елді мекеннің бас жоспарына түзету енгізу жұмыстары 2025-2026 жылдар аралығында атқарылмақ. Бүгінде 30 елді мекенге облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, кестеге сай жұмыс жүргізілуде. Ал аудан, қала бойынша 75 елді мекеннің бас жоспарына түзету шаралары жүргізіліп жатыр. Өткен жылғы кестеге сай 37 елді мекеннің бас жоспары әзірленген. Қазіргі уақытта 3 елді мекеннің яғни Біркөлік, Сарыағаш және Жібек жолының бас жоспарын реттеу жобалары әзірленіп жатыр.
Бүгінде ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы бойынша 7 қаланың бас жоспары 71%-ға және 32 егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары 52%-ға цифрландырылып, құрылыс базасына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Түркістан, Кентау, Ленгір, Шардара, Сарыағаш қалаларының бас жоспарлары құрылыс базасына енгізілді. Ал, Арыс, Жетісай қалаларының бас жоспарларын цифрландырылу шаралары қолға алынған.
Атап өту керек, Түркістан облысында құрылыс қарқыны өте жоғары. Биылғы 6 айда өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 230,3 миллиард теңгені құрап, 25,1 пайызға артқан. Жыл басынан бері 438,5 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Нысандардың сәулеттік үлгілері облыс әкімдігіндегі арнайы кеңесте тұрақты түрде талқыланып тұрады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті кеңес отырысында да бірқатар жобалар сараланды.
– Біз инвестициялық жобаларға, жаңа нысан салам деуші азаматтарға әрдайым қолдау көрсетеміз. Бірақ кәсіпкерлер жерді алған соң құрылысты уақтылы жүргізулері тиіс. Созбалаңға салуға жол берілмейді, – деді Нұралхан Көшеров.
Сәулеттік жобалар кеңесінде Түркістан қаласы мен аудан, қалаларда салынатын жаңа ғимараттардың сыр-сипаты талқыға түсті. Бірқатарына тоқталсақ, мейрамхана салу, монша мен көлік жуу бекеті, Шардарадағы жағажайды абаттандыру, Балықты көл жобасы, аудан, қалалардағы базарларды қайта құрылымдау және өзге де мәселелер мен ұсыныстар айтылды. Кейбір ұсыныстар қолдау тапса, бірқатарын жетілдіру жөнінде тапсырма берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
