Түркістан облысында 802 түлек «Серпін» бағдарлармасы шеңберінде грантқа ие болды

2025 жылы жұмыссыз жастар мен NEET санатындағы жастардың үлесін азайту мақсатында 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 50 831 жасты осы жоба аясында жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл туралы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Пердебек Сержанұлы мәлімдеді.

«Облыс бойынша жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалармен 128 636 жасқа кеңес берілді. Өңірде ағымдағы жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша 15-34 жасқа дейінгі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9% құрады. Ал, «NEET» санатындағы жастар көрсеткіші 5,8%-ға төмендеді. Биыл «Серпін-2050», «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» сынды мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында еліміздегі 8 жоғары оқу орнының өкілдері арнайы келіп, аудандарда мектеп түлектерімен кездесу өткізді. Нәтижесінде бағдарлама аясында Түркістан облысынан 802 түлек грантқа түсті. Бұдан бөлек, облыс бойынша 132 еріктілер ұйымдарында 18 мыңнан астам жастар белсенді мүше ретінде тіркелген. Еріктілер жұмысын дамыту бағытында облыс көлемінде 6 бағыттан тұратын ауқымды акциялар өткізілді. Нәтижесінде 408 сенбілік өткізіліп, 197 500-ге жуық жас атсалысты», — деді спикер.

Сенбілік демекші, кеше Төлеби ауданында Түркістан облысы әкімдігі бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес ауқымды экологиялық сенбілік өтті. Аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаевтың жетекшілігімен мемлекеттік қызметкерлер, мекеме өкілдері мен еріктілер табиғатты тазалауға жұмылдырылды. Сенбілік Қасқасу аумағы, Сайрамсу өзені бойы, Біркөлік, Ақмешіт, Тұрбаза демалыс аймақтарында ұйымдастырылды. Демалушыларға экологиялық мәдениетті сақтау, қоқысты тастамау және табиғатты аялау бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 400 қап тегін таратылды. Тазалық шарасына 1900 адам қатысып, 15 техника көмегімен 37 тонна қоқыс шығарылды.

Жалпы, жыл басынан тазалық шараларына 501 мекемеден 59 867 адам қатысты. Сенбілікке 178 техника жұмылдырылып, 501 шақырым облыстық, 757 шақырым аудандық жол, 152 шақырым ирригациялық арықтар, 98 шақырым өзен-каналдар тазаланды. Қураған ағаштар бұталып, 17 саябақ, 15 аллея, 19 спорт алаңында қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Жалпы 995 тонна қоқыс шығарылды.

Бұл бастамалар табиғи аумақтарды таза ұстауға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға бағытталған.

Жоғары білім беру тақырыбына оралайық. Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Түркістан қаласында ашылатын «WOOSONG UNIVERSITY KAZAKHSTAN» университетінде болып, дайындығымен танысты. Нысанды аралап, жауапты өкілдермен тілдесті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жоғары оқу орнына студенттер қабылдау мен нысанды материалдық-техникалық базамен қамту сынды атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстарды баяндады. Жалпы білім саласын дамыту мәселелері талқыланды.

ІТ университетінде екі мамандық бойынша білім беру жоспарлануда. Олар: жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау; бағдарламалық қамтамасыз ету.

Оқу орнына 2 мыңға жуық студент қабылданады. Жаңа жатақхана салынып жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 100 грант бөлді. Бүгінде сайт арқылы жалпы еліміздіңтүкпір-түкпірінен 400-ге жуық түлек құжат тапсырды. Болашақта университеттің 3-4 курс студенттері біліктілік талаптарына сәйкес халықаралық тәжірибе ала алады. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы «Woosong university Kazakhstan» университетінде екі жыл оқығаннан кейін студенттер қос диплом бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері бар.

Халықаралық университет ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Түркістан облысы әкімдігінің бірлесе жүзеге асыруда. Қазіргі таңда құжат қабылдау жұмыстары жалғасуда.

Қосымша мәлімет +7 705 68220 33; +7 777 013 02 07; +7 776 046 68 51 телефондары арқылы білуге болады. Ал жоғары оқу орнының ресми сайты мынадай: https://wsuk.wsu.ac.kr/.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You