Түркістан облысында ана мен бала денсаулығына ерекше басымдық беріледі

Ана мен бала денсаулығын сақтау Түркістан облысы үшін басты әлеуметтік басымдықтардың бірі саналады. Бұл бағытта өңірде кешенді шаралар жүзеге асырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында жан-жақты айтылды.

Облыс халқы бүгінде 2,2 миллион адамнан асады. Репродуктивті жастағы әйелдер саны 433 мыңнан астам, ал 18 жасқа дейінгі балалар 900 мыңға жуық. Жыл сайын орта есеппен 54 мыңға жуық сәби дүниеге келеді.

«Ана мен баланың денсаулығы – қоғамның әл-ауқаты мен болашағының айнасы, ұлттың келешегі мен тұрақты дамуының негізі. Біз бұл салада тек көрсеткіштермен емес, нақты нәтиже мен өмірлік маңызы бар шешімдермен жұмыс істеуіміз керек. Жүйелі бақылау, білікті кадр, қолжетімді диагностика және заманауи технологиялар – біздің басты құралымыз. Инфрақұрылым, кадр, технология – бәрі өзара үйлесімді жұмыс істеуі тиіс», – деді облыс әкімі.

Осындай демографиялық серпін денсаулық сақтау жүйесінен жоғары сапа мен тиімділікті талап етеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің айтуынша, соңғы екі жылда ана мен бала өлімінің көрсеткіштері тұрақты түрде төмендеген екен. Бұл оң динамика профилактикалық скрининг, перинаталдық көмек және кадр дайындығы жүйесіндегі сапалы өзгерістердің нәтижесі деуге толық негіз бар.

Жүктілік кезінде ұрықтың даму патологияларын ерте анықтау – ана мен бала өмірін сақтаудың басты құралы. Бүгінде өңірде пренаталдық скринингпен қамту деңгейі 88%-ға жеткен. Бұл – халықаралық стандарттарға жақындаған жоғары көрсеткіш. Бұл мақсатта 47 УДЗ маманы оқытылып, оның 12-сі Ұлыбританиядағы «Fetal Medicine Foundation» (FMF) сертификатына ие болған. Осы шаралардың нәтижесінде туа біткен даму ақауларының ерте диагностикасы 4%-ға артқан.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы Түркістан облысында нақты нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Бедеулікпен күрес және экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) қызметтерінің қолжетімділігі артып, соңғы 4 жылда бағдарлама аясында 780 бала дүниеге келген. Оның ішінде 84 егіз және 2 үшем тіркелген. Бағдарлама шеңберінде қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы тегін көрсетілуде. Бұл әлеуметтік әділеттіліктің және медициналық көмектің тең қолжетімділігінің нақты көрінісі екені анық.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You