Түркістан облысында биылғы алғашқы жартыжылдықта өзіндік кірістер көлемі артты

Түркістан облысында 2025 жылдың I жартыжылдығының қорытындысына сәйкес жергілікті бюджетке 139,2 миллиард теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 116,7%-ға орындалды. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы саладағы жоспарлар талқыланды.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауаптыларға жұмысты ширату, кіріс көздерін ұлғайтуға басымдық беру керектігін тағы да ескертті.

– Аудан, қала әкімдері бюджет кірістеріне арналған жоспарды толық әрі сапалы орындауы тиіс. Екінші тоқсанның қорытындысына сәйкес игерілмеген қаржылар бойынша бірінші басшылардың жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын, – деген Нұралхан Көшеров жоспарды орындамаған аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтты.

Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың айтуынша, 6 айдың нәтижесінде салықтық түсімдер бойынша жоспар 105,9 миллиард теңге болса, бюджетке нақты түскені — 121,5 миллиард теңге. Яғни, 15,6 миллиард теңгеге артығымен орындалған (114,7%). Салықтық емес түсімдер бойынша жоспар 11,6 миллиард теңге болса, 14,6 миллиард теңге түскен. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдердің жоспары 1,8 миллиард теңге болса, нақты түскені – 3,1 миллиард теңге. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, өзіндік кірістердің орындалуы бойынша өсім 15,3%-ға жетті. Есепті кезеңге жоспар 19,9 миллиард теңгеге артығымен орындалған. Оның ішінде табыс салығынан 8,9 миллиард теңге, әлеуметтік салықтан 1,6 миллиард теңге, меншік салығынан 3,8 миллиард теңге, тауарлар мен қызметтерге салынатын ішкі салықтардан 795,7 миллион теңге, міндетті төлемдер есебінен 403,3 миллион теңге қазынаны толықтырған.

Осы тұста атап өтер маңызды мәселе, Түркістан облысында 2024 жылдың қорытындысына сәйкес жалпы өңірлік өнім 4,5 триллион теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 108%-ды құрады. Өзіндік кірістердің жалпы өңірлік өнім ішіндегі үлесі 4,9% болды. Өзіндік кірістерді арттыру мәселесі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне өндіріс орындарын ашу, өзіндік кірістерді ұлғайту, түсімді көбейту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды.

Мәжілісте Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек пен Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мақсат Нұрахаевтың есебі тыңдалды.

Түркістан облысы бойынша 2025 жылдың 1 шілдесінде жергілікті бюджеттің салықтық түсімдердің бекітілген жоспары 106 миллиард теңге болса, нақты түскені 121,4 миллиард теңгеге жетті (жоспардың орындалуы — 114,6%). Өсу қарқыны – 132,3% немесе 29,6 миллиард теңгеге өскен. Әкімшілендіру жұмыстарының нәтижесінде биылғы 6 ай қорытындысынай сәйкес салықтық түсімдер бойынша Түркістан облысында өсу қарқыны 132,3%-ды құрап, өңір республика көлемінде 1-ші орынға шыққан.

Дегенмен салық саласында әлі де өзекті мәселелер бар. Осы проблемалар ашық айтылды. Мәселен, жекеменшік балабақшалар саны мемлекеттік балабақшалардан бірнеше есе көп болса да, салықтары бірдей көлемде болып тұр. Сонымен бірге Төлеби, Сарыағаш аудандарында демалыс орындары көбейгенімен салық түсімі артпаған. Осы және өзге мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You