Түркістан облысында биыл 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілмек

Түркістан облысы бойынша 2025 жылы 1060 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға тапсыру жоспарланған. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үй 410,2 мың шаршы метр болса, жеке тұрғын үй көлемі 649,8 мың аршы метр болады деп күтіліп отыр.

Сәуір айының қорытындысына сәйкес өңірде 226,1 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға тапсырылды. Осы саладағы мәселелер облыс әкімдігінде өткен мәжілісте талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

– Тұрғын үй бойынша жоспарланған құрылысты сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырамын. Жұмысты кешеуілдеткен аудан, қала әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарларына тиісті шара көріледі. Тұрғын үй мәселесі өте өзекті екенін білесіздер. Сондықтан алдын ала инфрақұрылым, жер мәселесін, баспананы үйлестіру жұмыстарын жүйелеу керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, тұрғын үй құрылысының жоспарына жету үшін жалпы бюджеттен 31,3 миллиард теңге қаралған. Оның ішінде кредиттік тұрғын үйдің құрылысына — 13,8 миллиард теңге, арендалық үйлердің құрылысына — 2,0 миллиард теңге, арендалық үйлерді сатып алуға 15,5 миллиард теңге қаралған.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласының Әкімшілік-іскерлік орталығындағы 29 тұрғын үйдің (2078 пәтер) 4-еуі (160 пәтер) пайдалануға тапсырылды. Қалған 25 үйдің құрылыс жұмыстары 85 пайызға орындалған, биыл тамыз айына дейін кезең-кезеңмен пайдалануға беру көзделіп отыр. Кентау қаласындағы 5 қабатты 1 тұрғын үй, яғни, 60 пәтердің құрылыс-монтаждау жұмыстары 95 пайызға орындалған, маусым айында пайдалануға беріледі. Облыста 8 арендалық тұрғын үйдің (380 пәтер, 23,7 мың шаршы метр) құрылысы іске асырылуда.

Биыл республика бойынша 5139 арендалық пәтер сатып алу жоспарланған. Оның ішінде, кезектегі азаматтардың үлесіне сәйкес, Түркістан облысына 578 пәтерге қаржы қаралған.

Түлкібас ауданында 48 отбасыға жаңа пәтер кілттері табысталды

Тақырыпқа орай бір ақпарат. Түлкібас ауданында 48 отбасыға пәтер кілттері табысталды. Бұл – мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қолдаудың нәтижесі.

Салтанатты шараға аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысып, қоныс той иелерінің қуаныштарымен бөлісті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты баспанамен және жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларының нәтижесінде қаншама отбасы баспаналы болып, жұмысқа орналасуда. Бүгінгі таңда Түлкібас ауданында тұрғын үй кезегінде 3250-ден астам азамат болса, соның ішінде бүгін 48 азамат жаңа баспанаға қол жеткізді. Оның ішінде ата-ананың қарауынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар мен жас отбасылар бар. Бұл бағыттағы жұмыстар осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта жалғасын табады, – деді аудан әкімі.

Бүгін баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы 7 баланы тәрбиелеп, өсіріп отырған алтынқұрсақты ана Сұлушаш Нұрымбетова бар.

– Үй кезегіне 2018 жылы көпбалалы ана ретінде тұрған болатынмын. Бүгін, міне, мемлекетіміздің қолдауымен және бала-шағамның несібесіне орай үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмын. Барша бүгінгі қоныс тойын тойлағалы отырған көршілерімді жаңа үйлерімен құттықтаймын. Және де үйге қол жеткізе алмай жүрген жандарға жұғысты болсын дегім келеді, – деді баспанаға қол жеткізген көпбалалы ана.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың наурыз айында аудан орталығына қарасты «Нұршуақ» шағынауданында 56 жаңа пәтер кілттері үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталған болатын. Осылайша, биыл 104 түлкібастық жаңа баспанаға қол жеткізіп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You