Түркістан облысында биыл 510 750 түп күзгі көшет отырғызу жоспарланған

Биыл Түркістан облысында күзгі ағаш отырғызу маусымы 3 қарашада басталды. Биыл 510 750 түп көшет отырғызу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін орман шаруашылығы мекемелері тарапынан 401 475 түп көшет босатылды. Ал аудан һәм қала әкімдіктері тарапынан шұңқырлар қазу, қоршау және суару жүйелерімен қамту жұмыстары 70 пайыз көлемінде атқарылып, 340 мың түп көшет отырғызылды. Атап айтқанда, Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Сайрам, Ордабасы, Төлеби, Бәйдібек, Түлкібас аудандары жоспарды толық орындады.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен маңызды мәжілісте айтылды. Облыс әкімі елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру бағытында жұмыстарды жандандыруды және күтімін күшейтуді тапсырды. Саладағы кемшіліктерге тоқталып, сын ескертпелер айтты.

Жиында Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болысбек Шәріпбеков баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, Президент тапсырмасына сәйкес, республика бойынша 5 жылда елді мекендерде 15 миллионан астам ағаш отырғызу жоспары бекітілген. Іс-шара жоспарында облыстың елді мекендерін көгалдандыруға 1,1 миллион көшет егу тапсырылған. Өткен жылы өңірде 2,7 миллион көшет отырғызылып, жоспар артығымен орындалды. Биыл аудан һәм қалаларды көгалдандыруға 1 миллионнан астам көшет егу жоспарланып, оның ішінде 509 мың түп көктемгі маусымда отырғызылды.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық аудан, қалаларға және орман шаруашылығы мекемелеріне көшет босату мен алып-кетудің механизмі жасалып, жауапты тұлғалар бекітілген. Ағаш отырғызу барысы арнайы жұмысшы топтармен қадағалануда. Көшет отырғызу жұмыстары аяқталғаннан кейін, атқарылған жұмыстардың сапасын анықтау, қоршаулары мен суғару жүйелерінің іске қосылуы бойынша қорытынды тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелері орналасуы бойынша жақын аудан, қалаларға олардың климаттық ерекшелігін ескеріп, жерінің тұзды, сортаң, тас-топырақты болуына байланысты биіктігі 1,5 — 3 метр болатын жергілікті жерсіндірілген жапырақты (қарағаш, шаған, айлант, ясень), қылқанды (бозарша, арша, қарағай) жеміс ағаштары (өрік, алма, шие, шабдалы) мен биыл гүлді ағаш, бұта (бирючина, лигустра) түрлерін босатып, стандартты көшеттерді отырғызуға басымдық берілуде.

Түркістан шаһарындағы 10 гектар аумақта тұқымбақ іске қосылды

Орайы келгенде атап өтер маңызды жайт, Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласының аумағында жаңа тұқымбақтың жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде жобаны жандандыру және жасыл желек көлемін арттыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған.

«SK GeoKart» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы аясында облыс орталығындағы 10 гектар аумақта арнайы тұқымбақ іске қосылды.  

Тұқымбақта көшет отырғызу жұмыстарының іске асуын бақылау мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы барып, өндірістік және агротехникалық процестермен танысты. Қала аумағын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын тиімді іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Тұқымбақ аумағында ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға арналған жылыжайлар орнатылған. Мұнда өсімдіктердің дұрыс дамуына қажетті агротехникалық талаптар қатаң сақталып, жыл бойы үздіксіз өсіру жұмыстары жүргізіледі.

Жоспар бойынша тұқымбақта 700 мың біржылдық гүлдер мен 1 миллион түп жапырақты ағаш көшеті, 500 мың түп қылқанжапырақты ағаш көшеті өсіріледі. Сонымен қатар раушан гүлдері мен әртүрлі бұталар өсіріліп, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған тұрақты жасыл қор қалыптастырылмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You