
Биыл Түркістан облысында «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 130 769 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде, 83 554-і – тұрақты, 47 215-і — уақытша жұмыс орны. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен бұл саладағы жұмыстар қатаң бақылауға алынған.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік қорғау саласында 2025 жылдың 4 айында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды.
Жиында Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Казанкапов халықты жұмыспен қамту саласындағы 4 айда атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту бойынша 7883 жұмыс орнын ашу жоспарланып, 12031 жұмыс орны құрылған. Нәтижесінде, 1 айда 4148 азамат тұрақты жұмысқа орналасыпты. «10 мың тұрғынға — 100 жаңа жұмыс орны» жобасы аясында 1747 жұмыс орны ашылып, 1 айдың ішінде 775 жаңа жұмыс орны ашылды. Ұлттық жобалар аясында 321 азамат жұмыспен қамтылды. Дегенмен, Ұлттық жобалар аясында Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Отырар аудандарында тиісті жұмыстар атқарылмаған көрінеді. Биыл уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына 32 465 азаматты жолдау жоспарланып, бүгінде 19 447 азамат жолданған.
Облыс әкімінің орыбасары жұмысты жандандыруды тапсырып, жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді.
– Жұмысты күшейтіңіздер. Оған толық мүмкіндік бар. Аудан, қала әкімдері, бекітілген индикаторлардың орындалуы қатаң бақылауда болсын. Субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушы азаматтардың еңбек тәртібін сақтауы, жұмыс берушілердің нақты жұмыс істеуін зерделеу жұмыстарын жалғастыру керек. Мемлекет қаражатын талан-таражға салуға жол берілмейді. Облыс деңгейінде бекітілген квоталарды жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Жұмыс алгоритімін жасаңыздар. Тұрақты түрде жағдайды баяндап, мәселелерді көрсетіп, шешу жолдарын ұсыныңыздар. Жұмыс тоқтап қалмау керек, – деген Бейсенбай Тәжібаев кемшіліктер орын алған жағдайда жауапты басшыларға шара көрілетінін ескертті.
Әлеуметтік қорғау саласындағы индикаторлардың орындалуы туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, биыл аз қамтылған азаматтардың санын 20 пайызға төмендету межеленген. Әр тоқсанға бөлінген жоспар негізінде жұмыстар жүргізілу үстінде. 2025 жылдың 4 айында 49 037 адамға, яғни 7 995 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Кедейлік деңгейі 2,3%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,1%-ға төмендеген. Ал атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 45 713 адамға немесе 48,2%-ға азайған.
Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары жүйелі түрде жалғасады. Жұмыс барысы бақылауда болады.
Атап өтер жайт, 2025 жылы халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін 6 триллион теңге қарастырылды. Ол көмекті алушылар саны шамамен – 5 миллион адам. Сонымен бірге Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өсті. Бұл қолдаулар демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысының тұрғындарына да оң әсерін тигізеді. Өңірде мемлекеттік міндеттемелерді орындау, әлеуметтік қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласында тиісті шаралар қолға алынған. Әсіресе, жұмыспен қамтуға басымдық берілген.
– 2024 жылы 216 мыңнан аса адамды түрлі әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 12,2 миллиард теңге бөлінді, 46,7 мың баланы қосымша әлеуметтік төлеммен қамтамасыз ету жоспарланды. Оның ішінде былтыр 94,8 мың адамға, яғни, 15,8 мың отбасыға 6854,2 миллион теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 4,4%-ын құрады. АӘК алушылардың еңбекке қабілетті 19,3 мың адамы жұмыспен қамтылды. Биыл аз қамтылған отбасылардың 1-6 жастағы 29,7 мың баласына 1193,2 миллион теңге бөлініп, қосымша әлеуметтік төлем тағайындалды. Өңірде жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық берілуде. Әлеуметтік төлемдер, мемлекеттік қолдаулар тұрақты көрсетілуде, – дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Жұмыспен қамту мәселелеріне тоқталсақ, 2025 жылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 125 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланды. Оның ішінде жобамен 40 %-ы тұрақты жұмыс орындары болады деп күтіліп отыр. «Еңбек» бағыты бойынша 2025 жылға 32 миллиард теңге қарастырылған. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды.
Аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету жалғасады. 2024 жылы 15,8 мың отбасыға (94,8 мың адам) 6 854,2 миллион.теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2023 жылмен салыстырғанда аз қамтылған азаматтардың саны 63 мың адамға немесе 60,1%-ға азайды, ал кедейлік деңгейі 3% төмендеді.
2025 жылы 76,2 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 10,6 миллиард теңге бөлінді. Аз қамтылған азаматтардың санын 2024 жылмен салыстырғанда 20 %-ға және кедейлік деңгейін 3,5 %-ға төмендету жоспарлануда.
Түркістан облысында 99 800 мүгедектігі бар адам есепте тұр. Ол республикадағы мүгедектігі бар адамдардың 14%-ын құрайды. 2024 жылы облыста мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 17,1 миллиард теңге бөлінген. Қаралған қаржылар есебінен 67 мыңға жуық техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылды. Бұл мақсатта 2025 жылы 13 миллиард теңге қаржы қарастыру жоспарланып, қажеттілікті толығымен орындау күтіліп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.