
Тарқата айтсақ, Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында бір рет қолданатын биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама өндіретін заманауи зауыттың іргетасы қаланды. Жобаны «PULPSTYLE» ЖШС іске асырмақшы.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа кәсіпорынның капсуласын салу рәсіміне қатысып, жобаның сәтті жүзеге асуына тілек білдірді.
– Облысымыз үшін әрбір инвестициялық жобаның стратегиялық маңызы зор. Өйткені жаңа зауыт дегеніміз – жаңа жұмыс орындары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап, нақты міндеттер жүктеді. Осы ретте, біз экономиканы әртараптандыру жұмысын қарқынды түрде бастап кеттік. Инвесторлармен келісіп, импорт алмастыратын тауарларды шығаруға басымдық берудеміз. Сол жобалардың бірі – бүгін іргетасы қаланған «PULPSTYLE» компаниясының бір рет қолданылатын ыдыстар мен қаптама жасау кәсіпорны. Біріншіден, жобаға 1,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, 50 жұмыс орны құрылады. Екіншіден, экологияға пайдалы биодырайтын өнімдер шығарылады. Бұл – біздің облысымыздың жаңа өндірістік әлеуетін көрсететін нақты қадам. Осы бастаманы қолға алған инвесторға алғысымды білдіремін. Менің басты мақсатым әрі арманым – Түркістан облысын дотациялық аймақтан шығарып, өзін толық қамтитын өңірге айналдыру. Ел бірлігі мен ортақ жұмысымыз арқылы бұл дәрежеге жетеміз деп ойлаймын. Себебі Түркістан өңірінің ең басты байлығы – адами капитал мен жұмыс күші жеткілікті. Жаңа кәсіпорын уақтылы ашылып, халықты отандық өніммен қамти берсін! – деген Нұралхан Оралбайұлы жобаны қолдаған инвесторларға алғысын білдірді.
Аталған кәсіпорынды ашу бойынша 2025 жылдың қыркүйек айында инвестормен келіссөздер жүргізілген болатын. Бір рет қолдануға арналған биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама жасау жобасының құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Жоба арқылы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Бүгінде құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, кедендік рәсімдеуден өткізілген. Нысан инфрақұрылым желілерімен толық қамтылған. Өндіріс орнын 2026 жылдың наурыз айында іске қосу жоспарлануда.
Жалпы, Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалды және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Индустриалды аймақтарда құны 152 миллиард теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 миллиард теңге инвестиция тартылды. 50 жоба іске қосылып, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 миллиард теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылуда. Одан бөлек жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін шағын өндірістік парктер іске қосылды. Бұл аймақтарда кәсіп ашуға барлық қолайлы жағдай қарастырылған және мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Айтпақшы, желтоқсанның 4-інде Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймағында «ER-QAN GROUP» ЖШС-нің орамдағы полиэтилен пакеттері мен желім (пластик) ыдыстарын шығаратын зауыт іске қосылған болатын. Кәсіпорынның ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, нысанды аралап көрді. Өңірде өндіріс саласын қарқынды дамыту жолында тынбай жұмыс істеп жатқан азаматтарға алғысын жеткізіп, экспорт көлемін ұлғайту жөнінде пікір алмасты.
– Бүгін Түркістан облысының экономикалық дамуы үшін аса маңызды жобалардың бірі жүзеге асып отыр. Полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстар өндіретін жаңа зауыт өз жұмысын бастады. Бұл – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, кәсіпкерлік ортаның жандануына серпін беретін қуанышты оқиға. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында өңірлерге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өндірісті күшейту жөнінде нақты міндеттер қойды. Бүгін іске қосылып отырған бұл кәсіпорын – сол бастамалардың нәтижелі орындалып жатқанының жарқын дәлелі. Жобаны жеке инвестор жүзеге асырып, 4 млрд теңге инвестиция салды. Бұл – облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қосылған нақты үлес. Қазір полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстарға деген сұраныс жоғары. Сондықтан бұл зауыт ішкі нарықты сапалы отандық өніммен толықтырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да жол ашады. Мұндай жобалар біздің облыстың экономикалық жағдайын жақсарта түседі. Қазіргі таңда Түркістан облысы – жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлік қарқынды дамып келе жатқан өңір. Әрбір жаңа жоба – экономикалық өсімге үлес қосатын маңызды бастама. Осы жобаның іске қосылуына атсалысқан азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Біз инвесторлар мен кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Жаңа өндіріс орны өркендеп, облыс экономикасына мол үлес қоса берсін, – деді облыс басшысы Н. Көшеров.
Зауыттың жобалық құны 4 миллиард теңгені құрайды. Аталған жоба аясында 30-дан аса жаңа жұмыс орны ашылды.
Айта кетейік, биылғы 10 айда облыстың негізгі капиталына 1 178,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жобалар толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Естеріңізде болса, қазан айының 29-ында да Түркістан облысында бірреттік ыдыс-аяқ пен тұрмыстық бұйымдар шығаратын жаңа зауыттың құрылысы басталған-ды. Бұл жоба «Turan» арнайы экономикалық аймағында іске асуда. Мұнда «Bereke plastic» зауыты салынып, 7 өндірістік кешен бой көтереді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірде зауыттар мен фабрикалардың құрылысы қарқын алып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Себебі әр жаңа жоба – жаңа мүмкіндік, жаңа табыс көзі. Қандай кәсіпорын ашылса да, біз оған дайын болуымыз керек. Елімізде жұмысшы мамандықтарын дамыту мен олардың мәртебесін көтеруге ерекше назар аударылып отыр. Биыл өңірдегі 8 мыңнан астам түлекті ірі инвестициялық жобаларға тартуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ колледждерде өңірге қажетті жұмысшы кадрларды даярлау жұмыстарын бастадық. Шын мәнінде, жұмысшы мамандығы – ел экономикасының қозғаушы күші. Ол жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, өндірістің дамуына және халықтың әл-ауқатының артуына тікелей әсер етеді.
Жаңа зауытта пластик пен қағаздан жасалған 18 түрлі өнім шығарылады. Жылдық қуаттылығы – 700 тонна. Жаңа өндіріс орны 65 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.
Бүгін іргетасы қаланған зауыт іске қосылған соң, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді. Жобаның сәтті жүзеге асуы отандық өнім көлемін арттыруға, импортты алмастыруға және білікті жұмысшы кадрлардың беделін нығайтуға ықпал етеді. Жаңа өндіріс ел игілігіне қызмет етері анық.
Қазақстанда биыл жалпы сомасы 1,3 триллион теңге болатын 173 индустриялық жоба жүзеге асырылды, бұл шамамен 22 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Үкіметтің жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі ведомство жұмысының қорытындысы туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков баяндады.
Барлығы бір жылға 190 жоба жоспарланған, олардың көпшілігі пайдалануға берілді.
«Маңызды жобалардың қатарында KIA, Chery, Changan, Haval және Tank брендтерінің автомобильдерін өндіру, алюминий қаптамасын, тұрмыстық техниканы және болат құбырларды шығару бар. Бұл еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтетін нақты кәсіпорындар», — деп атап өтті вице-министр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
