Түркістан облысында ирригациялық каналдарды кешенді тазарту басталды

Дәлірек айтсақ, Жетісай ауданында жаңа арнайы техника көмегімен 65 шақырымға жуық ирригациялық каналды кешенді тазалау басталды.

2026 жылғы вегетация кезеңінде суару суын жеткізуді жақсарту мақсатында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы өңірдегі ирригациялық каналдарды механикалық әдіспен тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Түркістан филиалының Жетісай өндірістік учаскесінде ұзындығы 64,9 шақырым болатын каналдар тазартылып жатыр. Бүгінге дейін оның 29 шақырымы тазартылды. Жұмысқа 10-нан астам арнайы техника жұмылдырылған. Атап айтқанда, үш ауылдық округтегі 18,86 мың гектар жерді суару суымен қамтамасыз ететін К-21 каналының 18 шақырым учаскесі тазалануда. Қазіргі уақытта 10 шақырым учаске толық тазаланған. Жұмыстарға пайдаланылып жатқан үш экскаватор тазалауды үздіксіз жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ 10 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ететін К-34 каналын механикалық тазарту жүргізіліп жатыр. Нысанның жалпы ұзындығы – 18,5 шақырым. Қазіргі таңда шамамен 4 шақырымы тазартылды.

«Қазсушар» РМК Түркістан филиалы ГНС-1 насос станциясына су беру тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Машканал» (Машиналық әдіспен су көтеру каналы) бас құрылысын құм мен лайдан тазарту жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстарға 5 арнайы техника жұмылдырылған. Тазарту процесін 10-15 күн ішінде аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар ГНС-1 станциясындағы 8 насос агрегатын жөндеуге дайындық жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, филиал Жетісай ауданындағы ішкі шаруашылық каналдарын да механикалық тазалауды көздеп отыр.

«Вегетация кезеңі барысында осы нысандардың барлығында суды жеткізуге қатысты қиындықтар анықталды. 2026 жылғы суару маусымында осындай мәселелердің алдын алу үшін алдымен тазарту жұмыстары жүргізіліп, кейін жөндеу және бетондау жұмыстары іске асырылады. Тазарту барысын Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары бақылауда және ведомство ұсынған жаңа техника мен автокөлік белсенді пайдаланылып жатыр», – дейді Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі Нұрмұхаммед Ниязбеков.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Түркістан облысында Жетісай, Мақтаарал, Отырар және Созақ аудандарындағы 15 875 гектар суармалы жерге су жеткізуді жақсарту мақсатында ұзындығы 62 шақырымнан астам жер арық каналдарын ауқымды жаңғыртуды бастады. Бұл жобалар инвестициялық бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатыр.

Жұмыстар барысында каналдарды бетондау қарастырылған. Бұл су тасымалы кезінде су шығынын азайтып, оның тиімділігін, жылдамдығы мен көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Жобалардың ерекшелігі – каналдарды қыркүйектен желтоқсанға дейінгі вегетацияаралық кезеңде реконструкциялау арқылы суару маусымында егістік жұмыстарына кедергі келтірілмейді.

Келесі жылы Түркістан облысы Отырар ауданында ұзындығы 3,39 шақырым болатын «Ақарық» каналының және ұзындығы 5 шақырым болатын «Серібек» каналының реконструкциясын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ Созақ ауданында ұзындығы 15 шақырым болатын «Шұқырой» каналындағы жұмыстар аяқталады.

2027 жылдың соңына дейін Жетісай ауданындағы 7,04 шақырымдық «K-25-12» каналын толығымен бетондау жоспарланған. Ал Мақтаарал ауданындағы жалпы ұзындығы шамамен 32 шақырым болатын «K-15» және «K-17» каналдарын 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Бұл инвестициялық жобалар сумен жабдықтау, су бұру және егістік алқаптарын суару тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Реконструкциялаудың маңызды аспектілерінің бірі – каналдар арқылы су тасымалдаған кезде шығынды азайту. Бұл су ресурстарын үнемдеуге және жерді тұрақты әрі өнімді пайдалану мүмкіндігін береді. Іске асырылып жатқан жобалар Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы секторының дамуына айтарлықтай әсер етіп, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсартады», – дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айтпақшы, «Қазсушар» РМК-ның Түркістан филиалы Ордабасы ауданындағы «Найман» каналын бетондау жұмыстарын аяқтады. Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, жоба аясында «Найман» каналында ұзындығы 17,6 шақырым, «Қара ой» каналында 5,8 шақырым және Р-1 каналында 1,7 шақырым болатын учаскелер бетонмен қапталды.

Жыл соңына дейін канал бойындағы көпірлер мен су құбырлары құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл нысан Ордабасы ауданындағы 2000 гектар суармалы жерді, сондай-ақ аудан орталығы мен Қажымұқан ауылының жеке қосалқы шаруашылық учаскелерін сумен қамтамасыз етеді. «Найман» каналын реконструкциялау жобасы суармалы сумен қамтамасыз етілетін аумақты ұлғайтып, тасымалдау кезінде су шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

«Реконструкцияға дейін бұл нысан жер арық каналы болатын, кей жерлері қамыс басып кеткен еді. Бетондау жұмыстарының нәтижесінде вегетация кезеңінде «Найман» каналы арқылы су көптен бері бармаған алқаптарға дейін жетті», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Жалпы, Түркістан облысында суармалы суға деген қажеттілік жыл сайын артып келе жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You