
Бүгін 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні ел көлемінде «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты дәстүрлі «Менің Елім – Менің Туым» республикалық акциясын ресми түрде бастады.
Акцияның басты мақсаты – Мемлекеттік Туға деген құрметті арттыру, елдік сана мен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, жастардың бойындағы патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті нығайту.
Партияның «Жастар рухы» жастар қанаты бұл жобаны бірнеше жылдан бері үздіксіз ұйымдастырып келеді. Соңғы үш жылда республика аумағындағы жүздеген елді мекенде Мемлекеттік Ту ілініп, мыңдаған жас өз үндеуін елмен бөлісті.
Биылғы акция аясында да еліміздің барлық өңірлерінде Мемлекеттік Ту орнату, түрлі патриоттық шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Аймақтарда бір мезгілде ту көтеру рәсімдері, автокеруендер, флешмобтар, спорттық шаралар және салтанатты жиындар өтуде.
Аталған бастама Түркістан өңірінде де ерекше сипат алды. Акцияға облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, еріктілер мен жас белсенділер атсалысып, қала және аудан орталықтарында, ауылдық елді мекендерде ту көтеру рәсімдерін ұйымдастырды.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әр азаматтың қасиетті борышы. Бұл науқан қоғамда, әсіресе жастар арасында, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. «Менің Елім – Менің Туым» акциясы рухани жаңғырумен үндесіп жатқан, ұлттың ұлы құндылықтарын ұлықтайтын тағылымды іс саналады.
Сонымен қатар 4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Кентау қаласында түрлі патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қаладағы Көктөбе демалыс аймағында мерекелік шара өтіп, қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова қала тұрғындарын айтулы күнмен құттықтады.
Қала тұрғындары мен жастар мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранға деген құрметтерін білдіріп, елжандылықты ұлықтайтын мерекеге белсене қатысты.
Бұл күн — әрбір қазақстандық үшін елдік пен бірліктің, тәуелсіздік пен тұтастықтың белгісі. Мемлекеттік рәміздерімізге деген құрмет — Отанға деген махаббаттың көрінісі.
Ел іргесі бекіп, еркіндіктің таңы атқалы да 34 жылға аяқ басты. Алғашқы Тәуелсіздіктің таңы атқан жылдары еліміздің еркіндігін айшықтап, мерейімізді өсіретін мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Оған да, міне, 33 жыл.
Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Рәміздер аллеясында» мемлекеттік рәміздеріміздің 33 жылдығына орай мәдени іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді. Шараға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен аудандық мәслихат депутаты Сұлтан Әбдіғаппарұлы, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Есімжан Надиров пен ел ағалары арнайы қатысты. Әнұран шырқалып, көк байрақ желбіреді.
«Еліміздің елдігі мен еркіндігін айшықтайтын мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Әнұранымыздың қабылданғанына биыл 33 жыл. Тарих парақтарымен салмақтағанда қас-қағым сәт болғанымен жеткен жетістіктеріміз ғасырға татырлық. Әлемдік ареналарда, спорттық олимпиадаларда көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалуда. Бұл үлкен мақтаныш» деген Серік Үсенұлы көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты шара барысында аудан өнерпаздарының мерекелік ән-шашулары көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, ел ағалары тұғыры берік Туымызды, айбыны асқақ Әнұранымызды, еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихынан сыр шертетін Елтаңбамызды қастерлеу әрбір қазақстандықтың басты міндеті әрі парызы екенін айтып, жастарды елжанды болуға шақырды.
Бүгінгі өткізілген іс-шараның өскелең ұрпақтың бойындағы тәлім-тәрбие мен патриоттық сезімдерін тәрбиелеп, молайтуда өз септігін тигізері даусыз.
Ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Түркістан облысының Мақтаарал ауданында салтанатты ту көтеру рәсімі өтті. Бұл маңызды шара Мырзакент кентінің орталық алаңында ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға аудан әкімі міндетін атқарушы Нұрбол Саттаров арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол барша аудан тұрғындарын ата-бабаларымыздың аманатына айналған Мемлекеттік рәміздерімізге құрметпен қарауға шақырып, жастарды елжанды, рухты азамат болуға үндеді.
«Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің, ұлттық бірегейлігіміздің айқын белгісі. Әрбір қазақстандық өз елінің рәміздеріне мақтанышпен қарап, оларды қастерлей білуі тиіс. Бұл – патриотизмнің басты көрінісі», – деді, Нұрбол Саттаров өз сөзінде.
Іс-шараға шекарашышылар, аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, білім саласының қызметкерлері, ардагерлер, жастар ұйымдары мен мектеп оқушылары қатысты. Шара барысында мемлекеттік Ту салтанатты түрде көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды.
Мемлекеттік рәміздерге арналған іс-шара патриоттық рухта өтіп, аудан тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, алаңда патриоттық әндер шырқалып, мектеп оқушылары мен шығармашылық үйірмелердің қатысуымен шағын концерттік бағдарлама ұсынылды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері — Ту, Елтаңба және Әнұран. Олар 1992 жылы 4 маусымда алғаш рет ресми түрде бекітілген. Содан бері бұл күн елімізде жыл сайын Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.