Түркістан облысында полицейлер «Таза Қазақстан» акциясы аясында 17 мыңнан астам құқықбұзушылықты анықтап отыр

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері көпшілік орындарды абаттандыру және ластау ережелерін бұзудың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды жалғастырып келеді.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүргізілген шараны полицейлер жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өткізді. Аталған шара қоғамдық орындарда және демалыс аймақтарында рейдтік шара жүргізуге ұласты. Сондай-ақ тәртіп сақшылары тұрғындарға экологиялық нормаларды сақтаудың маңыздылығын, абаттандыру ережелерін бұзуға жол бермеуді және қоқысты тек арнайы белгіленген орындарда тастау қажеттігін еске салады.

Облыс аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізу кезінде полиция қызметкерлері барлығы 17 мыңнан астам құқықбұзушылықты, оның ішінде жалпы пайдалану орындарының ластануына байланысты 13 мыңнан астам фактіні және абаттандыру ережелерін бұзудың 4,3 мыңға жуық дерегін анықтады.

Өз кезегінде полицейлер азаматтарды заң шеңберінде әрекет етіп, қоршаған табиғатты қорғауға және тазалық пен тәртіпке үлес қосуға шақырады. Кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» — бұл қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және жайлы орта құруға бағытталған маңызды қадам.

Төлеби ауданында 1700 адам қатысқан ауқымды сенбілік өтті

Орай келгенде атап өтейік, бүгін Төлеби ауданы аумағында «Тазалық – біздің қолымызда» атты экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Тазалық шарасына аудан әкімінің орынбасарынан бастап, мемлекеттік қызметкерлер, мекеме қызметкерлері және еріктілер белсене атсалысты.

Сенбілік барысында тазаланған аумақтар:

  1. Қасқасу – Сайрамсу өзені бойы;
  2. Біркөлік демалыс аймағы;
  3. Ақмешіт демалыс аймағы;
  4. Тұрбаза демалыс аймағы.

Аталған аумақтарда қатты тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстар жиналып, табиғи аумақтар абаттандырылды. Демалушыларға табиғатты таза ұстау, қоқысты өзімен бірге алып кету қажеттігі ескертіліп, қоршаған ортаны ластау — заңмен жазаланатыны түсіндірілді.

Сенбілікке 1700 адам қатысып, 15 техниканың көмегімен 52 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.

Жыл басынан бері өткізілген тазалық шараларына 498 мекеме, 59 867 адам қатысты. Сенбіліктерге 178 техника жұмылдырылып, 501 шақырым облыстық, 757 шақырым аудандық жол бойы тазартылды. 152 шақырым ирригациялық арықтар, 98 шақырым өзен-каналдар тазаланып, 1029 қураған ағаш бұталды. Сондай-ақ, 17 саябақ, 15 аллея, 19 спорт алаңшасына тазалық жұмыстары өткізіліп, 995 тонна күл-қоқыс шығарылды.

Бұл бастама табиғи аумақтарды таза ұстауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бағытталған.

Қазығұрт ауданында жастар Өгем өзені жағалауына сенбілік жұмыстарын жүргізді

Бұдан бөлек Қазығұрт аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өткен «Жастар шыңы – 2025» облыстық іс-шарасы аясында экологиялық бағыттағы маңызды бастама жүзеге асты. Атап айтқанда, Өгем өзені жағалауында тазалық жұмыстарын қамтитын кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Табиғат аясында өткен бұл шараға Түркістан облысының әр өңірінен келген белсенді жастар қатысып, өздерінің қоршаған ортаға деген жанашыр көзқарасын нақты іспен дәлелдеді.

Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев сенбілікке арнайы қатысып, жастармен бірге өзен бойын тазарту жұмыстарына атсалысып, табиғатты аялау – әр азаматтың азаматтық борышы екенін атап өтті. Сондай-ақ «Бүгінгі сенбілік – тек қоқыс жинау ғана емес, бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастырудың нақты көрінісі. Табиғат – бәрімізге ортақ қазына. Оны қорғау – болашаққа аманат», – деді.

Шараға қатысушы жастар Өгем өзенінің бойындағы және жол жиегіндегі ретсіз тасталған тұрмыстық қалдықтарды жинап, арнайы қапшықтарға салып, оларды техника көмегімен белгіленген қоқыс тастайтын орынға жеткізді.

Бұл сенбілік – жастардың экологиялық сана-сезімін арттырып, туған өлкеге деген құрметін күшейтетін игі бастама. Мұндай игі бастамалар арқылы жастар тек тазалық жұмыстарына қатысып қана қоймай, қоршаған ортаны аялау болашақ ұрпаққа аманат екендігін ұғынары анық.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You