
Бүгінге дейін облыста қызметі мал шаруашылығымен, өсімдік және балық шаруашылығымен байланысты 71 589 жеке және заңды тұлғалар ұлттық санаққа қатысқан. Бұл ретте республика көрсеткіштерінің ең көп үлесі Түркістан облысына тиесілі.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аудан-қала әкімі орынбасарларының қатысуымен мәжіліс өткізіп, санақ барысын саралады. Статистика басқармасының ұсынған мәліметіне сәйкес санақтан өткен респонденттер саны Жетісай ауданында – 8 мыңнан, Сайрам ауданында 7 мыңнан асқан, Сарыағаш, Мақтаарал, Қазығұрт аудандарының жеке көрсеткіштері 6 мыңнан астам респондентті құраған.
Облыс әкімінің орынбасары Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының маңыздылығын айтып, өңірлердегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылуы тұрақты бақыланатынын атап өтті.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – аудандарда индикаторлық көрсеткіштердің орындалуына қатысты тапсырмалар нақтыланды. Жауаптыларға статистикалық көрсеткіштердің нақты есеппен салыстырылуын, айырмалар анықталған жағдайда тиісті дәлелдеме құжаттарын статистика басқармасына ұсына отырып, көрсеткішті сәйкестендіру шараларын атқару жүктелді.
Атап өтер жайт, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін онлайн-санақ кезеңі 20 қыркүйекке дейін ұзартылды. Барлық заңды тұлғалар, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлер санақтан «sanaq.gov.kz» сайтында өте алады.
Бюроның тіркеліміне сәйкес, санақ 22 мың ірі кәсіпорынды және 271 мың шаруа, фермер қожалықтарын және жеке кәсіпкерлерді қамтуы тиіс. Тамыз айында онлайн-санаққа 574 мың респондент қатысты. Оның ішінде 245,7 мыңнан астамы – ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері, шамамен 328 мыңы – үй шаруашылықтары.
«Онлайн-санақ кезеңі жақсы нәтиже көрсетті. Жедел деректер бойынша сайт арқылы сауалнамаға ауыл шаруашылығы құрылымдарының 84%-ы қатысты. Айта кету керек, жалпы тізімге ұзақ уақыт бойы белсенділігі жоқ, бірақ тіркеуде тұрған кәсіпорындар мен қожалықтар да енгізілген. Сондай-ақ байланыс деректері өзекті емес субъектілер бар. Бұдан бөлек, кейбір респонденттер жұмысбастылығына байланысты санақтан уақытында өте алмаған. Қосымша берілген 20 күн олардың осындай маңызды мемлекеттік науқаннан тыс қалмауына мүмкіндік береді», – деді Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Еске сала кетейік, онлайн-санақ кезеңі 1 тамызда басталып, 31 тамызда аяқталуы тиіс болған. Интервьюерлердің үй шаруашылықтарын аралайтын екінші кезең 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін болады.
Ауыл шаруашылығы санағына қатысты барлық сұрақ бойынша 1446 байланыс орталығына сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қоңырау шалуға немесе санақ сайтында орналасқан «Sanaq myrza» чат-ботына жазуға болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
