Түркістан облысында сүт өндірісін жаңа сапалық деңгейге көтерген «Бөрте Милка» жобасы толық қуатта іске қосылды

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңғырту мен азық-түлік қауіпсіздігін ұлттық басымдық ретінде атап өтеді. Осыған сәйкес Түркістан облысында қайта өңдеу және өндіріс қуатын арттыру бағытындағы маңызды жобалар қарқынды іске асуда. Бұл даму фермерлік шаруашылықтарды жаңғырту, озық технологияларды енгізу және мал басын көбейтуге бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі саналады.

Ордабасы ауданында орналасқан «Бөрте Милка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы-сүт фермасын кеңейту жобасы толық іске қосылып, Түркістан облысының сүт өндірісін жаңа сапалық деңгейге шығарды. Жоба еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін жаңғыртуға арналған мемлекеттік қолдау тетіктері аясында жүзеге асырылды.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізу негізгі технологиялық үрдістердің барлығын қамтуда. «Ақылды ферма» жүйелері мен жасанды интеллектке негізделген аналитикалық платформалар өндірісті дәл әрі тиімді басқаруға, жануарлардың денсаулығын бақылауға, шығындарды оңтайландыруға және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

2023 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен АӨК саласындағы жобаларды несиелеу қағидалары бойынша Түркістан облысына жаңа немесе қолданыстағы сүт-тауар фермаларын салуға және кеңейтуге 6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Осы бағдарлама аясында 2023 жылғы желтоқсанда арнайы конкурстық комиссия «Бөрте Милка» ЖШС-нің 403 басқа арналған қолданыстағы сүт фермасын кеңейту жобасын мақұлдады.

Жобаның жалпы құны 2,8 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 2,380 миллиард теңге көлеміндегі қарыз 2023 жылғы 15 желтоқсанда бекітілген мақсатты несие шартымен рәсімделді. Несие шарттары министрлік бекіткен талаптарға толық сәйкес келеді. Қарыздың мерзімі 2033 жылдың 1 қазанына дейін белгіленген, ал сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыз.

Несие қаражатының 872,9 миллион теңгесі құрылыс жұмыстарына, 853,2 миллион теңгесі Еуропа стандарттарына сай толық автоматтандырылған заманауи сүт фермасы жабдықтарына, 114,4 миллион теңгесі арнайы техника сатып алуға, ал 540 миллион теңгесі асыл тұқымды «голштин» сиырларын сатып алуға бағытталды.

Серіктестіктің құрылтайшысы Гүлнар Муталиева өндірісті басқарудың заманауи тәсілдерін қолдана отырып, жобаның тиімді әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етті. Бүгінде жоба толық аяқталып, ферманың жаңа инфрақұрылымы толық қуатында жұмыс істеп тұр. Инвестор өз қаражаты есебінен 420 миллион теңгеден астам қаржы салды. Барлық қаражат мақсатты түрде игерілді: асыл тұқымды 403 бас ірі қара сатып алынды, жаңа қора-қопсылар салынды, ферманың үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылым толық жасақталды.

Өндірісті автоматтандыру бағытында Швециядан арнайы тапсырыспен әкелінген «VMS-300» маркалы төрт сиыр сауу роботы орнатылды. Әрбір робот сегіз сағат ішінде 70 басқа дейін қызмет көрсете алады. Осылайша, бір оператор тәулігіне үш мезгіл сауылатын 140 сиырдың толық сауын процесін қамтамасыз етеді. Бұған қоса, бұрын орнатылған үш робот толық жаңғыртудан өтті. Сыйымдылығы 2000 тонна болатын жаңа жем-шөп қоймасы мен қажетті көлемдегі бетонды қи сақтау алаңы салынып, ферманың өндірістік мүмкіндіктері одан әрі кеңейді.

Жобаның нәтижелері 2024 жылдың қорытындысы бойынша айқын көрінді: «Бөрте Милка» ЖШС-нің сүт өндіру көлемі 44 пайызға артты. Биыл өндіріс көлемі 60 пайызға ұлғайды. Бұл өсім кәсіпорынның технологиялық жаңғыруы мен инфрақұрылымдық дамуының тікелей нәтижесі деп білеміз.

Осылайша, «Бөрте Милка» жобасы Қазақстанның сүтті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі ұлттық стратегиясын іске асыруға елеулі үлес қосып отыр. Тауарлы-сүт фермасы агроөнеркәсіптік саланы жаңғырту, цифрлық технологияларды пайдалану, өнімділік пен еңбек тиімділігін арттыру бойынша өңір экономикасына жаңа серпін беретін маңызды бастамаға айналды. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылды. Бүгінде ферма нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, Түркістан облысының сүт өндірісі бойынша жетекші орталықтарының біріне айналып отыр.

Қазақстандықтар неге ресейлік сүтті сатып алатыны белгілі болды

Қазақстанның сүт өндіру саласындағы ахуал одан әрі күрделене түсті. Қазір шетелден, дәлірек айтқанда Ресей мен Беларусьтен келетін мол арзан өнім отандық өндірушілерді тығырыққа тіреп жатыр.

Алдымен деректерді қарайық, QazaqSut республикалық сүтті және аралас тұқымды ірі қара мал палатасы 2024 жылы Қазақстанда сүт өнімдерін өндіру көлемі 2,23 млн тонна болғанын, ал ішкі тұтыну 2,73 млн тонна жеткенін жазды. Яғни, отандық өндіріс ішкі сұраныстың 85 пайыздайын қамтамасыз ете алады.

Әйтсе де қазақстандықтар өзіміздің емес, сырттан келетін өнімді сатып алып отыр. Мысалы, Қазақстан 2023 жылы сүт өнімдерін сырттан сатып алуға 406 млн доллар жұмсаса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 410 млн долларға өсті. Импорт көлемі де артып, былтыр елге шамамен 183 мың тонна өнім әкелінген. Соның кесірінен отандастарымыз тұтынып отырған құрғақ сүттің 80 пайызын, қоюландырылған сүттің – 68 пайызын, ірімшік пен сүзбені 48 пайызға жуығын импорт алып отыр.

Мәселенің бір ұшы көптеп айтып жүрген Еуразиялық экономикалық одаққа тиеді. «Шикізаттың сапасы» деген желеу арқылы одақ Ресей мен Беларусьтің өнімдеріне артықшылық беріп қойды.

Ауыл шауашылығы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы елде өндірілген 3,5 млн тонна шикі сүттің 2,2 млн тоннасы жеке қосалқы шаруашылықтарда шығарылған. Яғни, ауыл-аймақта, қолында мал ұстап отырған қарапайым тұрғындардан жиналған. Одақ осыны меңзеп, олардың өнімі тексерілмегенін алға тартып, шикізат тек сүт фермаларынан алынуы керегін талап етіп отыр.

Ал тиісті ведомство көркем сандардан аспайды, 2023-2024 жылдары – 100 млрд теңге, 2025 жылы – 200 млрд теңге бөлінгенін жеткізіп, фермерлерге жеңілдетілген несие берілетінін айтады. Рас, мемлекет қаржылық қолдау жағынан кем емес. Дегенмен шаруа неге әлі шатқаяқтап тұр?

– Жемқорлық жайлаған, сәтсіз жобалардың кесірінен Қазақстан 2012 жылдары өзінің үлкен сүт индустриясынан айырылды. ЕАЭО құрылған соң арзан Беларусь ірімшігінің бізге келуі, Қырғызстанның одаққа қосылуы, олардағы арзан сүттің келуі – отандық дамымаған сүт имфрақұрылымын қайтадан қалпына келтіруге мұрша бермеді. Қазақстан көп позиция бойынша қатты ұтылды. Біріншіден, құрғақ сүт өндірісін елімізде дұрыс ұйымдастыра алмадық. Екіншіден, ірімшік өндірісін Қазақстанда оп-оңай жасауға болар еді. Кезінде елімізде мамандар да болды, технология да болды. Қазір таза құрғақ сүт пен ірімшік бойынша түгел тәуелдіміз. Қазақстанда баяғыдан қалыптасқан тауарлы сүт фирмалары, сүт өндіру, сиырлар сауу технологиялары бар еді, – деген бұл жөнінде экономист Айбар Олжай.

Осындай бір кедергіден арыла алмай жүрген өндірушілерді сауда орындары да қыса бастады. Жығылғанға жұдырық болғандай, биыл шілдеде Үкімет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдамады. Бұл заң қабылданғанда Үкімет бизнеспен бірлесе отырып, «жабайы нарық жағдайындағы сүт өнеркәсібінің аяқтан тұруына мол мүмкіндік тудыратын еді.

Сарапшылардың пікірінше, Үкіметтің бұл заң жобасын қолдаудың орнына, теріс пікір білдіруі күтпеген жағдай. Бюджет тапшылығы жағдайында салықты көбейту жолдарын іздеген Үкімет үшін бұл заң жобасы балама табыс көзі болар еді.

ЕАЭО-ға мүше Ресей мен Беларусьте сүт өндірісі өте мықты дамығанын жоғарыда айттық. Қазір санкцияға байланысты сүт өнімдерін көбіне Қазақстан нарығына жіберіп әлек. Кәсіпорындары үлкен, логистикасы мен шикізат базасы жақсы дамыған. Оларда транспорттық субсидия деген бар, олар логистиканы ақшамен жабады. Яғни, жол шығындары оларға мәселе емес. Қазақстан шекарасы ол өнімдерді еркін өткізіп жатыр, ірі көлемде кірген тауарға ешкім салық төлемейді.

Сауда орындары отандық өнімді қабылдауға қолдан көп кедергілер жасап қойғанын бәрі айтып жүр. Затыңды сөреге қойғың келе ме, бонус пен қаражат сұрайды. Өзі енді ғана аяққа тұруды мақсат еткен өндіруішілер бұған төзе алмайды, есесіне импорт қаптап жатыр. Сауда орындарының қасақана қадамын билік органдары неге бақылаудан шығарып отырғаны түсініксіз жайт.

Айтпақшы, еліміз тамақ өнеркәсібін мемлекеттік қолдауға қазынаның 5 пайызын ғана жұмсайды. Ал Ресейде – 10%, Беларуссияда – 15%. Бұл жағдайда отандық сүт өндірушілер өз өнімін арзан бағаға сата алмайды. Отандық өндірушілер қолдағы бар шикізаттың өндіру шығынын жаба алмай отыр. Арзан импорт тұрғанда, жергілікті сауда желілері өз пайдасын ойлап, дүкен сөрелерінен өздеріне ақшалай кіріс түсетін өнімге орын береді.

2025 жылдың қаңтарынан бастап ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер шикі сүтке микробиологиялық құрамына техникалық регламентті күшейтті. Сондықтан шикі сүт ЕАЭО талабына сай болуы үшін сиыр арнайы сауын машинасымен сауылып, бірден салқындатқыш-танкерге құйылуы керек. Шикі сүттің 90%-ға жуығын сүт зауыттарына жеткізіп отырған шағын шаруа қожалықтары мен ауыл адамдары дәл қазіргі жағдайымен бұл шартты орындай алмайды.

Бірақ сол талапты орындап отырған Ресей мепн Беларусь өндірушілерінің өнімі сапалы деп айта алмас едік. Кейбір импорттық сүзбе және ірімшік негізіндегі өнімдердің құрамындағы майдың массалық үлесі өсімдік тектес майлармен алмастырылған, сондықтан бағасы төмен. Яғни, олар табиғи емес, жасанды қоспаларды көп қосады. Тұтынушының денсаулығы оларға маңызды емес, өзіміздің отандық өнімдер сапалы болғаны үшін қымбатқа бағаланады.

Отандық өнім, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі секілді терминдерді қанша ұрандатқанымызбен, іске келгенде шикілік мол екені көрініп отыр. Бірде оған сыртқы себеп, келесіде ішкі себеп әсер етіп, ақырында отандық өндірушіні әуре-сарсаңға салып қойды.

P.S. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кейінгі үш жылда фермерлерге 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріліп келеді. Алғашқы екі жылда 100 млрд теңгеден бөлінсе, биыл бұл бағытқа 400 млрд теңге қарастырылған. Қолдаудың арқасында жаңадан тауарлы сүт фермаларын ашқан павлодарлық кәсіпкерлердің тасы өрге домалай бастады. Заманға сай салынған сиыр қоралары, шеңберлі сауу орындары, жемшөп әзірлейтін арнайы қоймалар, мал тезегін өңдеп, егістікке тыңайтқыш ретінде пайдалану жобалары фермаларды табысты шаруашылыққа айналдырды. Кейбірі бүгінде шетелден әкелінген асыл тұқымды мал басын көбейтіп, сыртқа сата бастаған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You