Түркістан облысында «Серпін» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды

Түркістан облысының жастарына «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша насихат жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Құжаттарды қабылдау процесі облыс орталығы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 13-20 шілде күндері аралығында өтеді. Бұл жайында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің PhD докторы Айдос Абаев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті — «Серпін» бағдарламасы бойынша еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Бұл университетте оңтүстік өңірлерден келген 3000-нан астам студент білім алуда. Мұнда түлектер педагогикалық, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар және ауыл шаруашылығы салалары бойынша диплом ала алады. Студенттерге жатақхана, стипендия және жолақы қарастырылған. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 85%-ды құрайды» — деді Айдос Абайұлы.

Сонымен қатар, оңтүстік өңірлердің жастарын жоғарғы оқу орнында оқуға Манаш Қозыбаев университетінің Азық-түлік қауіпсіздігі кафедрасының оқытушысы Әлібек Серіков те арнайы шақырды. Қазіргі таңда аталған оқу орнында «Серпін» бағдарламасы арқылы 163 студентке грант бөлінгендігін айтты. Онда оқуға түскен жастар 100% жұмыспен қамтылып қана қоймай, шетелдерде өз біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік қарастырылған.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында сөз алған Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің аға оқытушысы Олжас Сауытов та өз оқу орнының артықшылықтарына тоқталды. Онда ҰБТ нәтижесінде 50 баллдан жоғары жинаған түлектерге «Серпін» бағдарламасы аясында 280 грант бөлінген. Сонымен қатар, ер балалар үшін әскери шен алып шығуға да жағдай жасалған.

Білім демекші, бүгін Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында «Елтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында этнос өкілдері арасында қазақтың эпостық жырларын жатқа айтудан «Бабалар үні» байқауы өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткен байқау этнос өкілдері арасында қазақтың ауыз әдебиеті мен ұлттық өнерін, мемлекеттік тілді насихаттау, талантты эпос жырын орындаушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов құттықтау сөзбен ашып, байқаудың ұлттық рухты жаңғыртатын, жас буынның бойында мақтаныш пен отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

Ұлттық өнерді ұлықтаған байқауға өңірдегі барлық аудан, қалалардан жиналған этнос жастары қатысып, батырлар жырын жатқа айтты. Қатысушылардың өнерін сараптаған қазылар алқасының құрамында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дайындық орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бегімжан Айтбаев, №34 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагог-шебер, магистр Жансая Шорабекова болды.

Қазылар алқасы байқауда қатысушылардың жырды жатқа айту шеберлігіне, дауыс ырғағына, сахналық мәдениетіне және эпостың мәнін дұрыс жеткізуіне баға берді.

Нәтижесінде, түлкібастық Азиза Кажиева 1-орынды жеңіп алды. Жүлделі 2-орынды сарыағаштық Ойниса Алаярова, 3-орынды жетісайлық Наргиза Гайбуллаева иеленді. Бұдан бөлек, өнерімен озық шыққан қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You