Түркістан облысында шетелдік инвесторлар есебінен флоат-шыны өндірісі іске асырылмақ

Loading

Түркістан облысында шетелдік инвесторлар жаңа флоат-шыны өндіру жобасын іске асыруды көздеп отыр. Жобаны жіті зерделеу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек шетелдік инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында тараптар өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырып, жер және инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын талқылады.

Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 220 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба 2 кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде жылдық қуаттылығы 480 мың тонна жоғары сапалы флоат-шыны өндіру зауытын іске асыру көзделген. Ал екінші кезеңде жылдық қуаттылығы 350 мың тонна кварц құмын өндіру кешені және басқа да нысандар салу жоспарланып отыр.

Қанат Қайыпбек облыс әкімдігі инвестициялық жобаларға ашық екенін жеткізіп, әлеуетті жобаларға заң шеңберінде қолдау көрсетілетінін айтты.

– Жоба Түркістан облысының ғана емес, республикамыздың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Өңірімізде отандық өндірісті дамыту мен импортты алмастыруға бағытталған жобаларды, оның ішінде шыны өнімдерін өндіру жобасын іске асыру үшін жоғары әлеует бар. Ресурстық базаға келер болсақ, Қазығұрт және Созақ аудандарында кварцты құм қорлары шоғырланған. Түркістан облысы әкімдігі жобаның жүзеге асырылуы үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұған дейін инвесторлар өңірдің кварцты құм кен орындарымен танысып, зертханалық талдаулар жүргізген болатын. Зерттеулердің оң нәтижелері мен компания директорлар кеңесі қабылдаған шешімі негізінде жобаны Түркістан облысында іске асыру жоспарланып отыр.

Бұл компания ғылыми-зерттеу жұмыстарын, өндіріс пен сатуды біріктіре отырып, жоғары сапалы шыны түрлерін өндіреді. Компанияда 18 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның шыны өнімдері нарығында импортқа деген тұрақты сұраныс сақталуда. Аталған кезеңде шыны импорты 277 миллион АҚШ долларын құраса, экспорт көлемі 46 миллион АҚШ долларын құрады.

Төлеби ауданында алюминий орамдарын өндіретін зауыттың құрылысы басталды

Өндіріс демекші, Төлеби ауданында алюминий орамдарын өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталды. Инвестициялық жоба «QAZCOILPRO» ЖШС тарапынан жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны 115 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылған кезде алюминий орамдарын өндіру бойынша Қазақстандағы алғашқы ірі өндіріс орындарының біріне айналады деп күтіліп отыр.

Зауыттың өндірістік қуаты екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде жылына 100 мың тонна өнім шығару жоспарланса, екінші кезеңде бұл көрсеткіш 200 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Жоба нәтижесінде 250-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам бар.

Маңызды инвестициялық жобаның басталуына орай өткен жиында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов құрылыс жұмыстарына сәттілік тілеп, өңірдің индустриялық дамуына серпін беретін мұндай бастамалардың маңызын атап өтті.

– Жаңа өндіріс орны аудан экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Айта кетейік, зауыт Төлеби ауданының Киелітас ауылдық округінде орналасады. Құрылыс жұмыстары 2026-2028 жылдар аралығында аяқталып, 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жауаптылардың сөзіне сенсек, бұл жоба еліміздегі алюминий өнімдерін өңдеу саласындағы жаңа кезеңнің бастамасы болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You