Түркістан облысында шие өсіру және өңдеу бойынша заманауи агропарк құруға бағытталған инвестициялық жобаны іске асыру барысы талқыланды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Делегация сапар барысында шетелдік инвестицияларды тарту және өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында қытайлық ірі компаниялармен екіжақты кездесулер өткізіп, бірқатар маңызды меморандумдарға қол қойып жатыр.

Сондай маңызды қадамның бірі, Түркістан облысында қызылшие (черешня) өсіру және жемісті қайта өңдеу жобасын жүзеге асыру бойынша компания басшылығымен келіссөздер жүргізілді. Инвесторалармен Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы зор әлеуетті ескере отырып, Түркістан облысында шие өсіру және өңдеу бойынша заманауи агропарк құруға бағытталған инвестициялық жобаны іске асыру барысы талқыланды. Компания шие өсіру, жеміс өңдеу мен өндірістік тізбекті басқарудың заманауи технологияларымен жабдықталған.

Түркістан облысында қызылшие (черешня) ағашының көлемі 100 гектардан асады. Өткен жылы 1,5 тонна өнім жиналды. Облыста қарқынды бау шаруашылығын дамыту, бұл бағытқа инвесторлар тарту жұмыстарына күш салынды. Жеміс ағаштарына мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.

Кездесуде мақта өсіру, иіру және тоқыма өндірісін ұйымдастыру бойынша жүзеге аса бастаған жоба талқыланды. Айта кетейік, Сауран ауданында Түркістан облысының шаруаларымен бірлескен жоба былтырдан бері жүзеге аса бастаған. Шаруалар тамшылатып суару әдісімен мақта егіп, су үнемдеп, өнімді артығымен алып жатыр. Бұл бастама ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпті қатар дамытуды көздейді.

Түркістан облысында мақта сапасын арттыру мақсатында жаңа тәсілмен мақта егілуде. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Шаруалардың айтуынша, алғашқы нәтижесі таңқаларлық жетістік беріп отыр. Жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше мақта-тоқыма кластері құрылады. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады.

Кездесуде аймақ басшысы әкімдік тарапынан өзара тиімді байланыстардың маңыздылығын растай отырып, одан әрі бірлесіп жұмыс жасауға, өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірдi. Қытайлық тарап өзара әрiптестiк орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

– Ұлы Жібек жолы құрылған сәттен бастап дамып, өркендеп келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың орны ерекше. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиясы екі ел арасындағы қатынастардың сенімді дамуына бағыт-бағдар беріп отыр. Өңірлік әріптестігі нығайту мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан өңірінде логистикалық орталық жасауға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің біздің өңірге келіп инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға ниет білдіргендеріңізге алғыс білдіремін. Біздің облыста жұмыс істеуге ниетті барлық компанияларға барынша қолдау көрсететінімізді атап өткім келеді, – деді Нұралхан Көшеров.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You