Түркістан облысында түрік компанияларының қатысуымен 2 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды

Бұл хақында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Түркияның ұлттық мәжіліс депутаты, «АК» партиясының Бас хатшысының орынбасары Зорлу Кюршадтың өзара кездесуінде айтылды. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты талқылап, әріптестікті нығайту жолдарын қарастырды.

Нұралхан Көшеров екі ел арасындағы қарым-қатынастың тереңдігіне тоқталып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға әрқашан қолдау болатынын жеткізді.

– Осы кездесу екі ел арасындағы достық қарымқатынасты одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдімін. Біздің ортақ тіліміз бен тарихымыз бар. Өздеріңізге белгілі, 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміздің тәуелсіздігін алғаш болып мойындап, қолдау көрсеткен –Түркия елі. Сондықтан, Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қарым–қатынас ерекше екенін атап өткім келеді. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасының елшілігі алғаш рет 1992 жылдың қазан айында Анкара қаласында ашылды. Түркия елі – еліміздің ең сенімді және ірі сауда әріптесі. Түрік инвесторларының біздің облысымызда инвестициялық жобаларын жүзеге асыруына жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз, – деді облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлы.

Түркияның ұлттық мәжіліс депутаты Түркістан облысының әлеуетін жоғары бағалап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Бауырлас Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастық байланыстар жаңа деңгейге көтерілгенін тілге тиек етіп, ынтымақтастық екі ел үшін де жемісті болатынына сенім білдірді.

Түркістан облысында түрік компанияларының қатысуымен 2 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында халықаралық әуежайдың құрылысын «YDA Holding» компаниясы рекордтық қысқа мерзімде жүзеге асырды. Сонымен қатар Түркістан қаласына туристерді тарту мақсатында «Керуен – Сарай» туристік кешені салынып, халық игілігіне берілді. Бұл нысандар өңірде туризм саласын дамытуға оң ықпалын тигізуде. Одан бөлек, облыста үкіметаралық келісім негізінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жұмыс істеуде.

Қазіргі уақытта облыста қолайлы инвестициялық ахуал құрылған. Өңірде 20 индустриялық аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Онда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ өз қатысушыларына салықтардан, кедендік баждардан және инфрақұрылымы бар жер учаскелерінен өтеусіз негізде босатуды қамтитын ерекше құқықтық режимді ұсынады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда.

Екі ел арасында өзара тауар айналымы 2024 жылы 5 миллиард АҚШ долларына жетті. Оның ішінде, Түркістан облысымен 87,5 миллион АҚШ долларын құрады. Экспорт 51,2 миллион АҚШ долларын құраса, импорт 36,3 миллион АҚШ долларын төңіректеді.

Еске салайық, Түркия — Қазақстанның негізгі сыртқы экономикалық серіктестерінің бірі. Түркияның ел экономикасына салған инвестиция көлемі 5,8 миллиард АҚШ долларына жетті. Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 4 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеуде, бұл елдегі бизнес ахуалына деген жоғары сенімділікті дәлелдейді. 

Қазақстан индустрияландыру саясатын жүзеге асыруда, ол жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталған. Әсіресе, металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау, тамақ және тоқыма өнеркәсібіндегі жобалар үлкен қызығушылық тудырады. Осы тұрғыда түрік компанияларының аталған жобаларға қатысуы аса перспективалы.

Өз кезегінде Түркия үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі серіктес екенін атап өткен жөн, түрік бизнесі өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым және жоғары технологиялар салаларында жаңа жобаларды іске асыруға мүдделі екенін білеміз.

Түркияның Сыртқы экономикалық байланыстар комитеті (DEİK) шамамен 2000 жетекші түрік компаниясын біріктіреді және елдің сыртқы экономикалық қызметін үйлестіреді. Оның құрамында 152 іскерлік кеңес жұмыс істейді, соның ішінде 1991 жылы бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілету үшін құрылған Қазақстан-Түркия іскерлік кеңесі бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You