Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жағажайлар мен демалыс аймақтарында тазалыққа қатысты талап күшейтілмек

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық іс-шаралары үздіксіз атқарылып келеді. Облыс әкімі тарапынан бекітілген жол картасы аясында 88 іс-шара жоспарланып, оның ішінде 38-і тұрақты түрде іске асырылуда.

Сонымен, аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.

Облыс әкімі жұмысты тиісті деңгейде атқармаған аудан һәм қала басшыларына ескерту беріп, тазалық жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

– Президент тапсырмасын тиісті деңгейде орындамаған, сапасыз атқарған тұлғаларға шара көріледі. Бұл бағдарлама тек сенбілікпен шектелмеуі керек. Формальді есеп қажет емес. Тазалық іс-шараларын сапалы жүргізіп, тұрақты жалғастырыңыздар, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Жиында «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, өңірде апталық сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Дегенмен, кейбір аудандар мен қалаларда халықты ақпараттандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, еріктілер мен кәсіпкерлерді тарту, азаматтық белсенділікті дамыту бағыттарындағы жұмыстар тиісті деңгейде жүзеге асырылмай отыр. Мәжілісте осы мәселелерге назар аудару жөнінде тапсырма берілді. Сонымен бірге аймақтағы жағажай иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын бұзған жағдайда, айыппұл салу тапсырылды. Демалыс аумақтарында қоқыс контейнерлерін көбейтіп, тазалық ережелері көрсетілген ақпараттық тақтайшалар, ескертпе белгілер мен баннерлер орнату мәселесі де көтерілді. Демалыс аймақтарында жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, бейнебақылау камераларын орнату міндеттері жүктелді.

Шыны керек, Мемлекет басшысының осы бастамасының негізгі қозғаушы күшіне айналған «Таза Қазақстан» жәй ғана қоғамдық акция емес, бүгінде тұтас ұлттың жүйелі идеологиялық ұстанымы болуы керек. Бұл туралы Президент «Ana Tili» басылымына берген сұқбат-үндеуінде нақты айтты. Ондағы басты ой – ұлттың, елдің келешек рухани болмысын лайықты өркениетті дәрежеге көтеріп, жан мен тазалығын, табиғи үйлесімділік пен адами тәлімді оның ең биік өмірлік құндылықтарына айналдыру. Сөз жоқ, мұндай гуманитарлық бастаманы қоғамның саяси-әлеуметтік санасына тиімді сіңіру үшін, ең алдымен, бұл жұмысты бірнеше стратегиялық мақсаттарға топтастыру қажет.

Биыл қоғамдық орындарда санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға 13 757 хаттама толтырылған. Жалпы 328,4 миллион теңгеге айыппұл салынып,181,2 миллион теңге өндірілді. Алайда ауылдық округтерде бейберекет қоқыс жиналуы мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Облыстағы демалыс аумақтарында рейдтік шаралар жүргізіліп, нәтижесінде, 184 заңсыз күл-қоқыс орны анықталды. Заңсыздықтар, әсіресе, Түркістан және Кентау қалалары мен Түлкібас, Шардара, Сауран аудандарында тіркелген. Жол картасында бекітілген іс-шаралардың сапалы орындалуы бақылауда болады.

Еске салайық, Президент биыл сәуір айында өткен «Тазалық» фестивалінде: «Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын! – деген болатын.

Мемлекет басшысы тазалықтың мәні мен мағынасы жайындағы пікірімен бөлісіп, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін үнемі айтып келе жатқанын еске салды.

– Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің еңбегін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, волонтер болу, ең алдымен, нағыз отаншыл азамат болу, яғни, патриот болу деген сөз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы экологияны жақсартуға кәсіпорындар мен кәсіпкерлер зор үлес қосып жатқанына тоқталды. Президент «Таза Қазақстан» аясында өте ауқымды жұмыс атқарылғанын, миллиондаған тонна қоқыс жиналып, көшет егілгенін тілге тиек етті. Бұл ретте «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясы жақсы дәстүрге айналғанын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You