
Бүгін Түркістан қаласындағы Оранғай өзенінің маңында «Қоқыссыз өзен: экология, спорт және қауіпсіздік» тақырыбында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, сенбілік барысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында арнайы семинар-тренинг өтті.
Жиын экологиялық мәдениетті қалыптастыру және суға түсуге тыйым салынған аймақтарда болатын оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Экологиялық шараға облыстық «Жастар ресурстық орталығының» КММ-нің директоры Ернар Бектаев қатысып, аталмыш тақырып аясында өз пікірін білдірді. Сонымен қатар, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінің қатысуымен суға түсу кезіндегі қауіпсіздік ережерлері мен алғашқы көмек көрсету бойынша арнайы оқыту сабақтары өтті.
«Бүгінгі өткізіліп отырған «Қоқыссыз өзен: экология, спорт және қауіпсіздік» атты сенбілік – жастарды табиғатты қорғауға, су ресурстарына ұқыптылықпен қарауға және жазғы маусымдағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға үндейтін маңызды шара. Бұл тек тазалық жұмысы емес, бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамдық жауапкершілікті арттыруға, әрі жастарды белсенді өмір салтына бейімдеуге бағытталған шара. Сонымен қатар, бүгінгі іс-шарада төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының қатысуымен қауіпсіздік ережелері мен алғашқы көмек түсіндірілді.
Әсіресе, суға түсуге рұқсат етілмеген жерлердің қаншалықты қауіпті екендігіне жастардың назарын аударту – қазіргі уақытта өте өзекті мәселе. Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген мұндай шаралар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табуы керек деп есептеймін. Себебі қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың азаматтық борышы»,- деді Ернар Бектаев.
Жалпы, Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл жұмыстар күшейтіле түсті. Жоспарға сәйкес елді мекендерде сенбіліктер өтіп, облыс көлемінде «Үлгілі ауыл» байқаулары өткізіліп, үздік елді мекендер анықталды. Одан бөлек, өңірде абаттандыруға, нысандардың қасбеттерін, жарықшамдар мен субұрқақтарды күтіп-ұстауға, жол белгілерін ретке келтіруге ерекше көңіл бөлінген. Сонымен қатар, білім мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, діни нысандардың тазалығы да назардан түскен емес.
Бұдан бөлек кешегі сенбі күні Қазақстан бойынша кең көлемде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Басты мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, патриоттық рухты арттыру және табиғатқа жанашырлықпен қарау, құндылықтарын насихаттау.
Ауқымды шара барысында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Ауыл» партиясының облыстық филиалының төрағасы Қайрат Салыбек аудан тазалығына үлес қосып жүрген «Таза қала» КММ қызметкерлеріне қаржылай сыйақы табыстап, қосымша бір миллион теңгеге қажетті құрал-саймандармен, сенбілікке қатысушыларды сусындармен қамтамасыз етті. Бұл қолдау – адал еңбек пен қоғамдық жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Аудан әкімі Арман Абдуллаев депутаттың игі бастамасын жоғары бағалап, халық қалаулысына алғысын білдірді.
Таңғы сағат 8:00-де басталған жұмыстар барысында аудан аумағындағы көшелер күл-қоқыстан тазартылып, шөптер орылып, шабылды. Сонымен қатар «Телемұнара» шағынауданының аумағында жүргізілген тазалық жұмыстарына аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Ауыл» партиясының облыстық филиалының төрағасы Қайрат Салыбек және тұрғындар белсене атсалысты.Тазалық жұмыстары республикалық, облыстық және ішкі көшелер бойында атқарылды. Аудан басшысы арнайы сенбілік жүргізіліп жатқан аумақтарды аралап, сала басшыларына жұмысты жүйелендіруді тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
