
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады. «Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризм саласын жүйелі түрде дамыту және туристік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттың ел экономикасын әртараптандыру мен халықаралық имиджді арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Өңірде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Президенттің қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді», – деді Нұралхан Көшеров.
Жыл басынан бері облысқа 500 мыңнан астам турист келіп, осы сала арқылы 6,6 миллиард теңге табыс түсті. 2025 жылдың IIІ тоқсанымен орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,6%-ға өскен. Жыл басынан бері өңірдегі табиғи аумақтарға — 144,6 мың адам, тарихи орындарға 959 мың адам саяхаттаған. «E-qonaq» жүйесіндегі дерек бойынша 2025 жылдың 10 айында облысқа шетелден 43,8 мың адам келген (Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия, Франция). Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам артып отыр. 2025 жылдың 10 ай қорытындысына сәйкес, туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 миллиард теңгені құрады.
Туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Жыл соңында 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром пайдалануға беріледі. Аталған нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Президент биыл өз Жолдауында туризм саласын жүйелі түрде дамыту және туристік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы бұл бағыттың ел экономикасын әртараптандыру мен халықаралық имиджді арттырудағы маңыздылығын атап өтті.
«Тағы бір маңызды мәселе, бұл – туризм. Жалпы, бұл салада біраз түйткілді мәселе бар. Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы.
Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады.
Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады. Осы орайда, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталғым келеді.
Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай. Қазіргі таңда Түркістан облысына келген туристтер саны 400 мың адамға жетіп, 2024 жылдың тиісті кезеңінен 8,1%-ға өскен. Бұдан бөлек, тарихи орындарға 911,2 мың адам саяхаттап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 12,4%-ға өскен. Туризм саласына инвестиция тарту және инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында туристік нысандарға барар жолдарды жөндеу бойынша жалпы соммасы 11,3 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, «Түркістан – Арыстанбаб» және «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолынан Сауран қалашығына бұрылыс алаңын орнату секілді жобалар қамтылған.
М-32 «Самара – Шымкент» автожолындағы бұрылыс алаңы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді
Түркістан облысында туризмді дамыту, туристер мен келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жол инфрақұрылымын қамту жұмыстары ұдайы жалғасып келеді. Желтоқсанның 12-сінде М-32 «Самара – Шымкент» автомобиль жолының бұрылыс алаңы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. 2056 шақырымдағы жол айрығы «Самара– Шымкент-Орал-Ақтөбе-Қызылорда» қалаларына бағытталады.
Нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, жұртшылықты айтулы күнмен құттықтады.
– Бүгін өңіріміз үшін үлкен маңызға ие инфрақұрылымдық жоба – республикалық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолынан Сауран қалашығына бұрылыс жолы пайдалануға берілмек. Бұл нысан – тек жол инфрақұрылымының жаңаруы ғана емес, тарихи-туристік «Сауран археологиялық-сәулеттік кешеніне» кіреберіс пен шығаберісті айтарлықтай жеңілдетіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды объект. Сапалы жол – туристің алғашқы әсерін қалыптастыратын басты фактор. Сондықтан бүгін іске қосылып отырған бұл жол нысаны туристік ағымды көбейтуге, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, кәсіпкерлік нысандарының дамуына және жалпы өңірлік инфрақұрылымның жақсаруына үлкен серпін береді. Өздеріңізге белгілі, Сауран қалашығына келушілер бұрын шамамен 30 шақырым айналма жол жүріп келуге мәжбүр болатын. Енді осы бұрылыс жолының іске қосылуымен бұл мәселе толық шешімін тауып отыр. Біз бұл жобаның іске қосылуы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, жол қауіпсіздігін арттырып, халқымыздың игілігіне қызмет ететініне сенімдіміз, – деген Зұлпыхар Жолдасов жобаны іске асыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Маңызды жол айрығының құрылысын «Қыран» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Жолдың ұзындығы 1955 метрді құрайды. Құрылыс барысында қолданыстағы жол жамылғысы фрезерленіп, су өткізгіш құбыр орнатылды. Сонымен қатар жолды абаттандыру, жол белгілері мен таңбалау, жарықтандыру жұмыстары толық аяқталған.
Жалпы, Шымкент–Қызылорда жолының қарқыны жоғары. Мұнда тәулігіне 11 000 жеңіл автокөлік, 3 000 автобус және 8 000 жүк көлігі жүріп өтеді. Сондықтан жол инфрақұрылымын дамыту, қауіпсіздік шараларын күшейту және жолды сапалы жөндеу, көлік қатынасын қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді.
Айта кетейік, Түркістан қаласы маңында орналасқан Сауран кешеніне келушілер саны жыл сайын артып келеді. 2024 жылы келген туристер саны 2683 адам болса, 2025 жылдың 11 айдың қортындысына сәйкес, келген туристер саны 9925 құрады. Туристер мен келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралынан Сауран қалашығына бұрылатын жол бөлігін ашу жұмыстары белсенді жалғасуда. Өңірде туристік бағытты дамыту мен саланың кірісін көбейту, сондай-ақ жергілікті турбизнес субъектілерін қолдауды қамтамасыз ету үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы тарапынан өңірге келуші туристердің жайлылығын қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Республикалық маңызы бар жолдардың гигеналық тораптар жүйесі қадағаланды
Осы сапар барысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов республикалық маңызы бар автомобиль жолындағы гигиеналық тораптар жүйесінің жұмыстарын қадағалады.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жалпы 30 әжетхана орналасқан. Оның ішінде, 1-еуі ақылы жолдар дирекциясы есебінен, ал 10-ы жеке инвесторлар тарапынан абаттандырылған.
Қазіргі таңда 108 жол сервис нысаны және демалыс алаңдарында 9 санитарлық гигиеналық торап орналасқан. Тағы 5 санитарлық гигиеналық торап салу жоспарлануда. 27 демалыс алаңы бар. Олардың қарқындылығы тәулігіне 3500-ден астам автокөлікті құрайды. 5000 шаршы метр шұңқырлар жөнделді. 180 жол белгі орнатылды. 1940 доңғалаққағарлар (КОБ) жөнделді. 3307 шақырым жолдың жүріс бөлігі таңбаланды. Жол жамылғысындағы 10 000 жарық жөнделді. 30000 катафот орнатылды. 329 шаршы метр шу жолақтары орнатылды.
Сонымен қатар жыл басынан бері автомобиль жолдарының бойында орналасқан аялдамалар мен демалыс алаңшалары, санитарлық тораптар, бұған қоса жалпы жол элементтерін сырлау, жаңарту жұмыстары, өртке қарсы минералды жолақ жырту, жол жиегін жобалап жөндеу, жаяу жүргіншілер жолағын таңбалау сынды жұмыстары атқарылып келеді.
Зұлпыхар Сансызбайұлы тиісті сала өкілдеріне санитарлық талаптарды қатаң қадағалауды, жүргізушілер мен туристерге қолайлы жағдайлар жасап, ақпараттандыру жағын күшейтуді тапсырды.
Түркістан облысы және Шымкент қаласының әкімдігі қалалық туроператорлармен туризмді бірге дамыту мәселелерін талқылады
Желтоқсанның 11-інде Түркістан облысы және Шымкент қаласының әкімдіктерінің, сондай-ақ Шымкент қаласында туроператорларының қатысуымен өңірлік туризмді дамытуға арналған жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараның мақсаты – екі өңір арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, туристік өнімдерді бірлесе ілгерілету және сала өкілдері арасындағы байланыстарды нығайту.
Кездесуге Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, Облыстық және Шымкент қаласының туризм басқармаларының басшылары, туристік компаниялардың басшылары, туризм қауымдастығы қатысты.
Жиын барысында тараптар Түркістан мен Шымкенттің туристік әлеуетін таныстырып, жаңа бағыттарды дамыту мен туристік пакеттерді біріктіру, инфрақұрылымды жетілдіру және екі өңір арасындағы туристік ағымды көбейту мәселелерін талқылады. Сонымен бірге, ішкі туризмді жандандыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылып, бірлескен іс-шаралар жоспары қарастырылды.
Туроператорлар үшін Түркістан қаласындағы жаңа туристік нысандар, тарихи-мәдени орталықтар және сервистік мүмкіндіктер жөнінде ақпараттар ұйымдастырылды. Қатысушылар өңірдің тартымдылығын арттыру үшін ақпараттық турлар мен ортақ маркетингтік кампанияларды іске асыру туралы пікір алмасты.
Кездесу қорытындысында екі жақ та туризм саласында өзара қолдау көрсетуге, бірлескен жобаларды іске асыруға және өңірдің туристік брендін насихаттауға дайын екендіктерін білдірді.
Өңірде туризмге қатысты 26,1 миллиард теңгеден асатын 43 инвестициялық жоба іске асырылуда
2025 жылдың 10 айында туризм саласына 58,2 миллиард теңге инвестиция тартылды, көрсеткіш өткен жылмен салыстарғанда 26,6%-ға өскен. Туристерге қосымша өнімдерді ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынған. Қ.А.Ясауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығын бюджет есебінен аббаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы іске қосылды
Елімізде баламасы жоқ «Есу каналы» іске қосылды. ТМД елдерінде тек Мәскеу және Самарқанд қалаларында ғана бар. Каналдың салынуы туризмнің және оның ішіндегі спорттық туризмнің дамуына септігін тигізеді. Отырар ауданның туристік әлеуетін ескере отырып Арыстан баб кесенесінде «Otyrar» visit centre» жобасын іске асыру жоспарлануда.
Қазіргі таңда визит центр жобасын іске асыру бойынша «Pana Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ Отырар қалашығының макетін қалыптастыру үшін қайта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, туризм бағытында дамыту жобалары пысықталуда. Аталған жобаның негізінде ескі қаланы туристерге ұсыну үшін арнайы инвестициялық ұсыныстар дайындалатын болады және инвесторлар тарту жоспарымызда бар.
Бұдан бөлек, өңірде 26,1 миллиард теңгеден асатын 43 инвестициялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 1130 жаңа жұмыс орны ашылады (тұрақты – 620, уақытша – 510). Келетін туристерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласы әуежайының ұшу географиясын кеңейту жұмыстары да атқарылуда. Осы орайда, «Түркістан – Самарқан, Түркістан – Бұхара, Түркістан – Үргенш» бағытында әуе рейсін ашу жұмыстары жүргізіліп, «Scat Air» әуе компаниясы тарапынан рейстер іске қосылды.
Еске салайық, Түркістан облысында туризм саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған іс-шара жоспары әзірленді. Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 миллион адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарлануда.
Өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Халықаралық туристік дестинацияларда туристерге ұсынылатын бірыңғай қызмет түрде қарқынды дамыған. Соның ішінде «City Pass» туристік картасы үлкен сұранысқа ие. Бұл ретте өңірдегі мұражайлар, қонақүйлер, ресторандар, такси қызметтері және туристерге көрсетілетін басқа да қызметтерді біріктіре отырып, жеңілдетілген бағада туристік бағдарламаларды сату арқылы экономикалық табысқа қол жеткізуге болады. Сондықтан «Turkistan City Pass» электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады.
Өткен жылы Италияның «Alpin Tour», «Tomiris Travel» компаниялары мен серіктестеріне Түркістан облысының туристік бағдарламалары таныстырылып, Италия нарығында сатылымға шығарылған болатын.
P.S. 2025 жыл Қазақстан үшін туризм саласында қарқынды даму, халықаралық танылу және стратегиялық инвестициялар жылы болды. Ел Үкіметі туризмді экономикадағы жаңа драйвер ретінде қарастырып, оны қолдаудың бірнеше шарасын іске асырды. Атап айтқанда, цифрландыру, инфрақұрылымдық жобалар, халықаралық серіктестіктер және жаңа әуе бағыттары.
Fғымдағы жылдың 9 айында елге 12,1 миллион турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 процентке артық. Оның ішінде 1 күннен астам уақытқа қалғандар саны — 8 миллион 600 адам. Ал әр турист біздің елде шамамен 1 мың доллар жұмсайды. Айта кету керек, қазіргі уақытта 87 елдің азаматтары елге визасыз кіре алады.
Ел арасында саяхаттайтындар саны да артқан. 6 миллион 700 мың қазақстандық отандық туризмді таңдапты. Ал орналастыру нысандарының саны 4,5 мыңға жуықтайды. Бұл салаға кәсіпкерлер де қызығушылық танытып отыр. Олардың тарапынан осы жылдың өзінде 923 миллиард теңге инвестиция салынған. Отандық туризмді дамытуға бел буған кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау да аз емес. Сонымен қатар биыл Президент үш аймақты дамыту бойынша тапсырмасы берген еді.
«Маңғыстау облысының кешенді дамыту жоспары қабылданған болатын. Сонымен қатар Щучинск-Бурабай курорттық аймағының кешенді жоспары қабылданған болатын. Бұл — нақты осы 4 жылға бағытталған жұмыстар. Бұл жерде ең бастысы, инвестициялық, инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылатын болады. Үшіншісі, қазіргі кезде Алматы тау кластері жобасы қарастырылып жатыр», — дейді ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Биыл бірнеше бағытқа туристік поездар мен жаңа әуе байланыстары ашылды. Іскерлік туризм де қарқын алып келеді. Қазақ топырағында өткен айтулы спорттық және мәдени іс-шаралардың арқасында талай шетел азаматы елімізде қонақ болды. Инфрақұрылымдық жобалар да жүзеге асып жатыр. Алайда салада мәселе аз емес. Олардың бірқатарын реттейтін заң — қазір Парламенттің қарауында.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
