
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге һәм олардың қоғамдағы рөлін арттыруға және жұмысшы мамандықтардың беделін нығайтуға бағытталған «Еңбек» фотокөрмесі және Инновациялық Хакатон өтті. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасы аясында және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылды. Аталған шараға университет ректоры Жанар Темірбекова қатысып, оқу орданың дамуына үлес қосып жүрген жандарға алғысын білдіріп, жұмысшы мамандарды Алғыс хаттармен марапаттады.
«Еңбек» фотокөрмесі еңбек адамын дәріптеуге арналды. Көрмеде 40-қа жуық кейіпкердің күнделікті еңбегі бейнеленген фотосуреттер қойылды. Атап айтқанда, оқу орнының шаруашылық-техникалық саласында еңбек ететін қызметкерлеріне ерекше назар аударылды. Олардың қатарында университет ашылғалы бері 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар бар.
Фотожобаның негізгі кейіпкерлері – қазандық пен су қоймасының операторлары, құбыр жөндеуші, еден жуушы, бағбан, сушы, агротехника жүргізушісі, аула сыпырушы, ағаш шебері, жатақхана кезекшісі және тағы басқа мамандар. Бұл фотокөрме – Ахмет Ясауи университеті басшылығының идеясымен жүзеге асып жатқан «Еңбек» медиажобасының бір бөлігі. Оқу орны мен «Beine.Pro» интернет журналының бірлескен шығармашылық жобасы.
Фотосуреттерді университеттің «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің студенттері және университет фотографы Нақып Шынтеміров пен «Beine.Pro-ның» визуал контент продюсері әрі фотожурналисі Әйгерім Бегімбет түсірді. Алдағы уақытта «beinepro.kz» сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда Ахмет Ясауи университетінің «Журналистика» кафедрасының практик-оқытушысы, «Beine.Pro» мультимедиа редакторы Жанерке Хумардың тәлімгерлігімен студенттер дайындаған репортаждар мен рилс видеолар жарияланады.
Сонымен қатар, оқу орнының Коммерцияландыру офисінің бастамасымен өткен Инновациялық Хакатон шарасына оқушылар, студенттер, жас мамандар мен жаңашыл идея ұсынуға ынталы жастар қатысып, өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жобаларын ортаға салды.
Хакатонға қатысқан 20-ға жуық команда ауыл шаруашылығы, экология және цифрландыру бағыттары бойынша нақты әрі қолданбалы шешімдер ұсынды. Қатысушылар қысқа уақыт ішінде идеяны пысықтап, оны инновациялық жобаға айналдыру арқылы өздерінің кәсіби біліктілігі мен командалық жұмыс дағдыларын көрсетті. Ұсынылған жобалар идеяның өзектілігі, техникалық жүзеге асырылу деңгейі, жаңашылдығы, практикалық маңыздылығы және таныстырылым сапасы бойынша сарапшылар тарапынан бағаланды. Ең үздік жобалар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Түркістандық студенттер «WorldSkills Kazakhstan-2025» ұлттық чемпионатында үздік үштікке енді
Тақырыпқа орай назар аударар тағы бір ақпарат. Астана қаласында X «WorldSkills Kazakhstan 2025» чемпионатының жабылу салтанаты өтті. Іс шарада Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова жеңімпаздарды марапаттап, чемпионаттың кәсіби білім сапасын анықтайтын негізгі индикатор екенін атап өтті.
«WorldSkills Kazakhstan – еліміздегі кәсіби білім сапасының негізгі индикаторы және дағдылар мен құзыреттіліктердің басты шеберлік алаңы. Биыл чемпионат 45 құзыреттілік бойынша өтті. Біз колледж студенттерінің кәсіби даярлығының артқанының куәсі болдық. Жыл сайын қатысушылар мен құзыреттілік санының артуы кәсіби шеберлік додасына қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Биыл қатысушылар саны 1,5 есе өсті. Бұл чемпионатта біз жас мамандардың шынайы шеберлігін, еңбексүйгіштігін және кәсіби батылдығын көрдік. Бұл чемпионат жас мамандарға серпін мен сенім береді», – деді Шынар Ақпарова.
Чемпионат қорытындысы бойынша жалпы медальдар саны 53 алтын, 55 күміс, 59 қола медальды, сондай-ақ 213 «Ерекшелік» медальондарын құрады.
Биылғы чемпионатта барлық өңірлерден 45 құзыреттіліктен 800-ге жуық жас өз шеберліктерін көрсетті. Түркістан облысының намысын қорғауға 39 құзыреттіліктен 45 жас шеберлер бақ сынасты.
Чемпионат нәтижесі бойынша Түркістан облысы 4 алтын, 6 күміс, 6 қола, 8 «Ерекшелік» медальондарын иеленді. Жалпыкомандалық есеппен Түркістан облысы үздік үштікке енді. І орын Алматы қаласына бұйырды – 60 балл; ІІ орынды Павлодар және Ақмола облыстары иемденді – 56 балл; ал ІІІ орынды Түркістан және Қарағанды облыстары қанжығасына байлады – 55 балл.
Айта кетейік, ұлттық чемпионаттың нәтижесінде 2026 жылы Қытайда өтетін «WorldSkills International» чемпионатына қатысатын ұлттық құрама жасақталады. «WorldSkills Kazakhstan» еліміздің тұрақты дамуына үлес қосатын кәсіби білімнің маңызды драйвері екенін тағы да дәлелдеді.
Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылының негізгі міндеттерінің бірі жұмысшы мамандықтардың беделін және жастардың қызығушылығын арттырудың тиімді құралдарының бірі ретінде республикалық «WorldSkills Kazakhstan» чемпионаты — жас мамандарды, педагогтерді, салалық сарапшыларды және бизнес қауымдастықты біріктірген маңызды алаңға айналды.
Чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 45 құзыреттілік бойынша 800-ден астам колледж студенті қатысты. Биылғы чемпионат колледж студенттері арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, олардың кәсіби даярлығын жаңа сапалық деңгейге көтерді.
2025 жылғы чемпионаттың басты жаңалығы – еңбек нарығындағы сұраныс пен технологиялық трендтерге сай 15 жаңа құзыреттіліктің енгізілуі болды.
Айта кетейік, Чемпионат Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен және «Talap» КеАҚ ұйымдастыруымен өткізілді.
Жалпы, «WorldSkills International» (WSI, ағылш. тілінде skills — «дағдылар, қабілеттер») — халықаралық қаржылық емес ұйым, оның мақсаты бүкіл әлем бойынша кәсіби дайындық пен біліктіліктің дәрежесі мен стандарттарын көтеру болып табылады, жұмысшы мамандықтарын дүние жүзі бойынша халықаралық жарыстар өткізу арқылы танымалдығын көтеру. 1946 жылы құрылған. «WorldSkills» — кәсіптік дағдылар бойынша әлемдік және ұлттық чемпионаттарды ұйымдастыратын және әлемнің әртүрлі бөліктерінде екі жыл сайын өткізілетін, сонымен қатар кәсіптік дағдылар туралы конференцияларды өткізетін халықаралық қайырымдылық ұйымы.
«WorldSkills» өзін дағдылардың жаһандық орталығы ретінде сипаттайды. WorldSkills International, бұрын Халықаралық кәсіптік оқыту ұйымы (IVTO) ретінде белгілі, Екінші дүниежүзілік соғыста күйреген экономикалардың кейбірінде жастар үшін жаңа жұмыс мүмкіндіктерін құру мақсатымен 1940 жылдары құрылған. Ол 85 түрлі ел мен аймақта жұмыс істейді.
«WorldSkills» — Қазақстандағы ресми сайтындағы мәлімет бойынша бұл жұмыс кәсібі мен шеберлік дағдысының беделін арттыруды көздейтін халықаралық қаржылық емес қозғалыс.
1947 жылы Испания кәсіптік білім беру бойынша алғашқы ұлттық конкурс өткізілді. Азаматтық соғыстан қалпына келген елде білікті жұмысшылардың тапшылығы өткір болғандықтан, ол жұмысшы мамандықтарының танымалдылығын арттыру және тиімді кәсіптік білім беру жүйесін құруға ықпал етуді көздеді. Аталған идеяның авторы испандық жастар ұйымының бас директоры Хосе Антонио Элола Оласо болды.
Бұл бастаманы бірінші болып Португалия қолдады. Нәтижесінде 1950 жылы бірінші халықаралық Пиреней жарысы өтіп, оған екі елден 12 өкіл қатысты. Үш жылдан кейін жарысқа Германия, Ұлыбритания, Франция, Марокко және Швейцариядан келген бәсекелестер қосылды. Осылайша, 1953 жылы кәсіби шеберлік конкурстарын өткізу ұйымы – Халықаралық кәсіптік оқыту ұйымы (IVTO) құрылды.
Байқау алғаш рет Испаниядан тыс жерде 1958 жылы Брюссельдегі Дүниежүзілік көрме аясында, ал 1970 жылы алғаш рет әлемнің басқа жерінде – Токиода өтті. 2000-шы жылдардың басында «IVTO» атауы мен символдарын өзгертті, содан бері «WorldSkills International» атауымен жұмыс істейді. Бүгінгі таңда «WSI» көптеген іс-шараларды, соның ішінде аймақтық және ұлттық жарыстарды, құрлықтық чемпионаттарды және екі жыл сайын әлем чемпионатын өткізеді.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды тапсырды. Облыста 50 колледжде 45 мыңнан астам студент 84 мамандық бойынша білім алуда. Жаңа оқу жылына жұмысшы мамандықтарға 8 888 орын грант бөлінді. Агроөнеркәсіп, энергетика және техникалық бағыттар бойынша 5 мамандыққа тапшылық анықталды. Алдағы уақытта колледждерде өңірдің экономикалық қажеттілігіне сай жұмысшы кадрларын даярлауға бағытталады.
Атап өтерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Сонымен қатар Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс.
Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн.
Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Себебі бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе, техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек. Қазіргі тілмен айтсақ, «сапасы жоғары адами ресурстар» қажет.
Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі.
Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет, бұл – анық нәрсе. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтыруда.
Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады.
Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр.
Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды.
Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі – маңызды.
Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді. Азаматтардың өндіріске барғаны абзал.
Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі», — дегенді шегелеп айтты.
Президент тапсырмасымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы еліміздің еңбек нарығындағы өткір мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған ауқымды бастама болды. Жастардың техникалық және өндірістік салаға бет бұруын арттыру, жұмыссыздықты төмендету және еңбекке адал көзқарасты қалыптастыру – осы бастаманың басты мақсаттары. Түркістан облысында бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылып, нақты көрсеткіштер мен нәтижелерге қол жеткізілуде.
Бұл жұмыстардың есебі қыркүйек айының 12-сінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында қаралған-ды. Облыс басшысы жұмысшы мамандықтар жылында жүзеге асырылып жатқан шаралардың формальды емес, нақты нәтиже беруін қатаң тапсырды. Жұмыс орындарын көбейту, шетелдік инвесторлар тартқан өндірістерге отандық мамандарды даярлау, жастарды кәсіптік біліммен қамту сияқты өзекті мәселелер күн тәртібінде тұр.
– Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру — тек экономикалық емес, стратегиялық маңызы бар мәселе. Жастарды нақты өндіріске, заманауи зауыт-фабрикаларға тарту арқылы біз өңірдің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеміз. Мемлекет басшысының жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» — бұл еңбек адамына құрмет пен қолдау, халқы тығыз орналасқан біздің өңіріміз үшін аса маңызды. Барлық іс-шара есеп үшін емес, нақты нәтиже беретін сапалы көрсеткіш пен адам тағдыры үшін жасалуы қажет. Зауыттар мен фабрикалар ашылып жатыр. Бірақ шетел инвесторлары әлі де маман таппай, сырттан шақыруға мәжбүр. Бұл мәселені шешу үшін жастарды өндірістік орындарға апарып, нақты еңбекпен таныстыру қажет. Жұмысшы болу – бұл ауыр жұмыс емес, абыройлы еңбек. Елдің экономикасы – осы мамандық иелерінің қолында. Біз заманауи кәсіпорындар ашып қана қоймай, сол кәсіпорынға нағыз маман керек екенін ұмытпауымыз керек. Экскурсиялар, тәжірибе, дуалды білім беру – осының бәрі жүйелі түрде жүруі тиіс. Жастарымыз шетелден емес, өз елімізден, өз өңірімізден орын тапса – міне, нағыз жеңіс сол! – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облыстық білім басқармасы «Жұмысшы мамандықтар жылына» арналған 64 бағыт, 138 іс-шарадан тұратын жоспар бекіткен. Оның ішінде жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін форумдар, көрмелер, жәрмеңкелер, дуалды оқыту жүйесін кеңейту, кәсіптік бағдар беру, озық колледждердің инфрақұрылымын жетілдіру сынды нақты шаралар қарастырылған. Облыстағы 50 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 47 450 студент 84 түрлі мамандық бойынша білім алуда. Биылғы жаңа оқу жылында 15 500 грант бөлінсе, соның ішінде 8 880 грант (61,9%) жұмысшы мамандықтарына берілді. Былтыр колледжді 12 538 түлек бітіріп, соның 75,7%-ы жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік тапсырыспен білім алғандардың 79,5%-ы еңбекке араласқан. Биылғы түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі алғашқы екі айда 48% көрсетіп отыр. Дуалды оқыту жүйесіне 36 колледжден 31 779 студент (35%) қатысуда. Студенттер нақты кәсіпорындарда тәжірибе жинап, оқуын бітіре салысымен жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болуда.
Жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы байланысты күшейту үшін «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы белсенді қолданылып келеді. Түркістан облысы бойынша 2 178 бос жұмыс орны тіркелсе, соның 47%-ы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Онлайн оқыту арқылы 5 333 адам қайта даярланып, сертификат алды. 2025 жылы «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 130 769 жұмыс орны ашу көзделсе, қыркүйекке дейін 100 807 жұмыс орны ашылып, соның 32 473-і жұмысшы мамандықтарына тиесілі.
Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы аясында да жоспар артығымен орындалды – 117,8%. Жыл басынан бері 64 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. 7 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Ашық есік күндері аясында 37 өндіріс орнына 10 мыңға жуық адам, оның ішінде мектеп оқушылары мен колледж студенттері барып, өндірісті өз көзімен көрді. Колледждерде бизнес-стартаптар, халықаралық аккредитация және жаңа жатақханалар салу жұмыстары да қолға алынған.
Түркістан облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында нақты жұмыстар атқарылып, алғашқы тоғыз айда елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Жұмыс орындарын арттыру, мамандар даярлау, дуалды білім беруді дамыту және жастардың техникалық салаға қызығушылығын ояту – бұл бастаманың басты нәтижелері.
Ел экономикасының дамуына, жұмыссыздықты азайтуға, өндірістің жетілдіруіне тікелей ықпал жасайтын жұмысшы мамандықтың рөлі айрықша. Сондықтан да, Президентіміздің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп шешім қабылдауы — еліміз үшін аса маңызды қадам. Облыста 50 колледжде 45 450 студент 84 мамандық бойынша білім алады. Оның ішінде, 33 колледж 43 жұмысшы мамандығы бойынша 16 000 студентті оқытады. 2024–2025 оқу жылында колледждерге жалпы 15 525 мемлекеттік тапсырыс жарияланса, оның басым көпшілігі – 8 678-і жұмысшы мамандықтар (55,9%). Ал биыл жаңа оқу жылына қосымша 9 600 студент жұмысшы мамандықтары бойынша мемлекеттік тапсырысқа ие болды.
«Облыста іске асырылатын ірі жобалар бойынша 2 290 жұмысшы мамандығы қажет. Біз, 2025 оқу жылында бітіруші 8 364 жұмысшы мамандығын осы жобаларға бағыттап жатырмыз. Бұдан бөлек, жаңа инвестициялық жобалар бойынша 11 мамандық тапшылығы айқындалды. Бұл орайда агроөнеркәсіп, энергетика және техникалық, құрылыс саласы бойынша мамандықтарға лицензия алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта колледждерде өңірге қажетті жұмысшы мамандықты даярлауға көшетін боламыз», — дейді өңір басшысы Нұралхан Көшеров.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
