
Түркістан облысында «Бәйдібек-ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысы жалғасып жатыр. Көлемі 68 миллион текше метр болатын «Бәйдібек-ата» су қоймасы Түркістан облысының Бәйдібек ауданында, Балабөген мен Үлкен Бөген өзендерінің қосылатын жерінде, жалпы аумағы 860 гектар болатын жерде салынып жатыр. Су қоймасы бөгетінің ұзындығы – 1,75 шақырым, биіктігі – 26 метр.
Бұл нысан тасқын суды жинап, вегетация кезеңінде қосымша су көлемін Бөген су қоймасына тиімді бағыттауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жоба бойынша құрылыс жұмыстары 75 пайызға орындалған.
«Бәйдібек-ата» су қоймасынан Бөген су қоймасына су беру үшін «Сарқырама» каналы салынып жатыр. Ұзындығы 21,7 шақырым болатын бұл канал секундына 12 текше метрге дейін су өткізе алады және 2,5 мың гектар суармалы алқапты суармалы сумен қамтамасыз етеді. Бүгінде ұзындығы шамамен 21 шақырым болатын учаскеде жұмыстар толық аяқталды.
Ал көлемі 1,2 миллион текше метрді құрайтын «Қарақуыс» су қоймасы Түркістан облысының Төлеби ауданында салынып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Бұл нысан 500 гектар суармалы жерді сумен қамтуға мүмкіндік береді.
«Барлық жұмыс заманауи сапа стандарттарына сай жүргізіліп жатыр. Жаңа су қоймалары тасқын және еріген қар суын тиімді пайдалануға жол ашады, бұл су ресурстары азайып жатқан жағдайда аса маңызды. Қосымша суармалы алқаптарды игеруге, сондай-ақ Бөген су қоймасындағы су деңгейін қауіпсіз реттеуге мүмкіндік туады. Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы мен туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасалады. Гидрологиялық есептеулерге сәйкес, Бөген өзені арқылы орташа жылдық су ағыны 165 миллион текше метрге жетеді. Сондықтан бұл суды жинап, азаматтардың қажеттілігіне бағыттау маңызды», – дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Расын айту керек, агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Республикадағы суармалы жерлердің 4/1 бөлігі Түрістан облысына тиесілі (554 мың гектар). Мемлекет басшысының жаңа бөгеттер салу және су қоймалары құрылыстарын жүргізу тапсырмасы сәйкес, көктемгі тасқын суларды ұстап, суару маусымына тиімді пайдалану үшін, Бәйдібек ауданында «Бәйдібек ата» су қоймасы жобасының құрылысы жүргізілуде (68 миллион текше метр, жоба құны: 15,9 миллиард теңге) және Ордабасы ауданында «Боралдай», «Иқан су» су қоймаларын салу жобалары әзірленуде. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда Түркістан өңіріне 120 миллион текше метр ағын су қосымша жеткізіліп, кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен 5,4 миллиард теңге қаржы қаралып 13 су нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар су нысандарын «Ислам даму банкі» қаржысын тарту есебінен қалпына келтіруге байланысты кешенді шаралар қабылдануда. Жалпы, 25 су қоймасы, 1 су реттегіш, 269 каналды (4265,4 шақырым) күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде су нысандарының тозу көрсеткіші 76%-дан 50%-ға төмендейді. Нәтижесінде, 400 мың гектар суармалы жерлерге су жеткізу қабілеттілігі артып, жыл сайын қосымша 200,0 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі. Жергілікті отандық өндірісті дамыту бағытында «Тұран су» кәсіпорны жанынан «Суару жүйелеріне арналған параболалық лотоктар шығару өндірісі» іске қосылды. Нысанның қуаттылығы – тәулігіне 45 дана. Жаңадан 20 тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл өз нәтижесінде, каналдарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетіп, су шығынын 40%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік беретін болады.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, толықтай су үнемдеу технологияларына көшу, шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі өндірісті жолға қою, қайта өңдеу саласын күшейту бағыттарында жүргізілуде. Осы мақсатта іске қосылған «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС – халықаралық стандарттарға сай, заманауи, су ресурсын үнемдейтін жаңа жобалардың бірі. Жоба шеңберінде Арыс пен Отырар аудандарында 32 мың гектарға элиталық мақта дақылы егілді. Мұндағы ең басты ерекшелік – тамшылатып суару әдісінің кеңінен қолданылуы.
Мысалы, дәстүрлі тәсілде мақта алқабын суару үшін әр гектарға 12 400 текше метрге жуық су қажет болса, бұл жоба аясында әр гектарға бар болғаны 4 мың текше метр су жұмсалды. Нәтижесінде – су тұтыну мөлшері 3 есеге азайып, 42 миллион текше метр су үнемделді, ал өнімділік 2-3 есеге артты. Бұл – нақты әрі тексерілген дерек.
Сондықтан, бұл жобаның Сырдария өзенінің суының азаюына әсері болды деу мүлде негізсіз. Керісінше, жаңа технологияның арқасында су ресурсы тиімді әрі үнемді пайдаланылып жатыр.
Биылғы вегетациялық кезеңдегі су көлемінің азаюы – табиғи факторлардың әсерінен орын алғанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, жауын-шашын мөлшерінің аздығы, таулы өңірлердегі мұздықтардың аз еруі және трансшекаралық сулардағы тапшылық — бүкіл өңірге әсер етіп отыр. Бұл мәселе тек Түркістан облысына ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдеріне ортақ.
Облыс әкімдігі шаруашылықтардың ағын су тапшылығына ұшырамауы үшін нақты шаралар қабылдауда. Соның ішінде:
- Су үнемдеу технологиясын жыл сайын 50 мың гектарға енгізу;
- Альтернативті су көздерін пайдалану;
- Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту;
- Шекаралас елдермен тиімді су саясатын жүргізу бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.
«Сондықтан да, «Қытай инвесторлары Сырдарияны суалтты» деген ақпарат жалған әрі негізсіз. Бұл жобалар тек отандық заңнама аясында, мемлекеттік бақылаумен іске асуда. Жер шетелдіктерге берілмейді, ал инвестициялар тек ел игілігі үшін жұмыс істейді. Басты мақсатымыз – халқымыздың тұрмыс сапасын арттыру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету», — дейді өңір басшысы.
Осы тұрғыда еске салайық, өңірде өсімдік шаруашылығының әлеуетін арттыру мақсатында озық технологияларды енгізу бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады.
Тамшылатып суару технологиясының тиімділігі:
- Су шығыны 30–50%-ға дейін аз жұмсалады.
- Тыңайтқыштарды сумен беру арқылы өнімділік 20–30%-ға артады.
Мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапта егіліп, өнімділік екі есеге артты (50-60 ц/га). Дәстүрлі егісте бір гектарға 5 мың текше метр су пайдаланылса, жаңа технология арқылы ағын су 2 есе аз жұмсалды.
Сонымен қатар күріш дақылы елімізде пилоттық негізде алғашқы рет тамшылатып суару технологиясымен егілді. Қарапайым әдіспен гектарына ағын су 34,0 мың текше метр дейін пайдаланылса, технология есебінен ағын су 3,5 есе аз пайдаланылды (8-10 мың текше метр). Нәтижесінде өнімділік 1,3 есе артып 65 центнерден өнім жиналды («Лазер» сорты). Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту, қол жетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 73,0 мың гектар алқапты қамтитын 3 кәсіпорын іске қосылды.
Бұдан бөлек, қуаттылығы 67 мың гектарды қамтитын 3 кәсіпорын іске асырылады. Алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен су үнемдеу технологиясымен облыспен қатар, көршілес өңірлердің қажеттілігі қамтамасыз етілетін болады.
Желтоқсанның 9-ында Үкімет отырысында алдағы вегетациялық кезеңде еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Олжас Бектенов су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға баса назар аударылды.
Премьер-министр басты міндет суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу екенін атап өтті. Өңір әкімдіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдар егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикаторлардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алуы тиіс.
«Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алсын. Бұл өзекті мәселе, мен қайталап айтамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті, алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуі тиіс. Мысалы, егер бір шаруашылықта 100 гектар болу керек десек, ертең 1 гектардан артық егілсе, біз оған бір тамшы су бермейміз. Егер ертең Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандар шығынға ұшыраса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді. Мұны халыққа ашық жеткізу керек», — деді Олжас Бектенов.
Аталған мәселе — Премьер-министрдің тікелей бақылауында.
Облыс әкімдеріне 2026 жылғы вегетациялық маусымға дайындық аясында коммуналдық меншіктегі гидротехникалық нысандар мен ирригациялық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Сондай-ақ 2026 жылдың шілдесінде Шардара топтық су құбырының құрылысы аяқталады, бұл қала тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған мәселе — Премьер-министрдің бақылауында.
Су ресурстары және ирригация министрлігіне шекара маңындағы өңірлердің әкімдіктеріне қажетті су көлемінің дер кезінде келуін қамтамасыз ету үшін көршілес мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргізу тапсырылды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев еліміздің оңтүстік өңірлері бойынша су тапшы кезеңнің жалғасып жатқаны расталғанын: Шардара су қоймасына су келуі 43%-ға, Нарын – Сырдария каскадындағы су көлемі 3,8 миллиард м3 төмендегенін баяндады. 2026 жылғы вегетациялық кезеңге болжамды су келуі 1-2 миллиард м3 деп бағаланып отыр, бұл 1 миллиард м3 дейін тапшылық қаупін тудырады.
Жамбыл облысында су қоймалары тек 41%-ға толды. 2025 жылы ылғалсүйгіш дақылдарды қысқарту жөніндегі жоспарлы көрсеткіштер орындалмады: күріш пен мақта дақылдары жоспарлы көрсеткіштерден асып түсті. Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары қолданылатын жер көлемі 543,5 мың гектарға жетті, жыл сайынғы өсім шамамен 150 мың гектарды құрайды. 2026-2028 жылдарға арналған бюджетте суды үнемдеуді қолдауға 228,1 миллиард теңге қарастырылған.
Бұған дейін, 2025 жылдың шілде айында Премьер-министр оңтүстік өңірлердің әкімдеріне егінге қажетті судың ұтымды пайдаланылуына қатаң бақылауды қамтамасыз етуді, ылғалды көп қажет ететін дақылдардың рұқсатсыз егілуіне жол бермеуді және халықты сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін алдын ала шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Тексеру қорытындысы бойынша ылғалсүйгіш дақылдарды рұқсатсыз егуге жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ал бүгін Президент тапсырмаларын орындауға байланысты Үкімет 2025 жылға арналған су саласын дамыту жұмыстарын қорытындылады. Үкіметтің 2025 жылға арналған жұмысын қорытындылау аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің саланы дамыту бойынша «Astana Hub» алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізді.
Министр 2025 жылы Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бойынша 145 жоба жүзеге асырылып жатқанын, 300-ге жуық нысан үшін жобалау-сметалық құжаттама және техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатқанын хабарлады. Бүгінгі таңда Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасы мен Абай облысындағы Шар су қоймасын реконструкциялау, сонымен қатар Астана қаласының негізгі ауыз су көзі болып саналатын Астана су қоймасын ауқымды тазартудың бірінші кезеңі аяқталды.
«Биыл Қапшағай су қоймасын реконструкциялау және Батыс Қазақстан облысында 58 жылда алғаш рет Киров су қоймасын күрделі реконструкциялау аяқталады. 2024 жылы Ақтөбе су қоймасының реконструкциясы аяқталып, сондай-ақ бес жыл бойы тоқтап тұрған Қызылорда су торабын жаңғырту жұмыстары қайта жалғасын тапты», — деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.
«Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау аясында бүгінде салада барлық 17 облысты қамтитын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол 42 су қоймасын салуды, 37 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 14,5 мың шақырым суару каналдарын жөндеу мен реконструкциялауды көздейді. Барлық басым бағыт бойынша жұмыстар басталып кетті. 2024 жылы Ақтөбе облысында су қоймасын қайта жаңғырту аяқталды, сондай-ақ бес жыл бойы тоқтап тұрған Қызылорда су торабын реконструкциялау жұмысы қайта жалғасын тапты. Сонымен қатар былтыр 6 облыста 8 топтық су құбырының құрылысы мен реконструкциясы аяқталып, нәтижесінде 49 елді мекеннің (208 мың адам) сумен жабдықтау жүйесі айтарлықтай жақсарды», — дейді Н. Нұржігітов.
Оның айтуынша, 2025 жылы саладағы жұмыстар жалғасып, 145 жоба іске асырылып, шамамен 300 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасын және Абай облысындағы Шар су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, Астана қаласының негізгі ауызсу көзі саналатын Астана су қоймасын ауқымды тазалау жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Биыл Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймасын қайта жаңғырту және Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасының соңғы 58 жылда алғаш рет жүргізіліп отырған күрделі реконструкциясы аяқталады.
— 2025 жылы жөндеу және реконструкциялаудан өткен 700 шақырымнан астам ирригациялық желілер, сондай-ақ 224 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ететін 13 топтық су құбыры пайдалануға беріледі. Бұл елді мекендерде 469 мыңнан астам адам тұрады, олардың ішінде 43 елді мекен (32 мың адам) бірінші рет орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосылды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында Есіл топтық су құбырын реконструкциялау жобасы аясында 35 мыңнан астам тұрғыны бар 52 елді мекеннің сумен қамтамасыз етілуі жақсартылды, жұмыстар 100 км-ден астам су құбырында жүргізілді. Ұлытау облысындағы Есқұла су құбырын салу жобасы бойынша 75 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендердің сумен қамтылу деңгейі жақсартылып жатыр, — деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Түркістан облысында Қарақуыс және Бәйдібек-ата су қоймаларының құрылысы жалғасып жатыр. Оларды 2026 жылы аяқтау жоспарланған, бұл шамамен 69 миллион текше метр қосымша су жинауға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, Ислам даму банкі қарызының бірінші траншы қаражаты есебінен 2026 жылы үш жаңа су қоймасының құрылысы басталып (Ақмола су қоймасы – Жамбыл облысы, Қараөзек – Қызылорда облысы, Үлкен Өзен – Батыс Қазақстан облысы), екі су қоймасын реконструкциялау көзделген (Қарақоңыз – Жамбыл облысы, Көксарай – Түркістан облысы). Бір мезгілде оңтүстіктің 5 облысында жалпы ұзындығы 986 км құрайтын 103 каналды реконструкциялау мен автоматтандыру бойынша 96 жобаны іске асыру басталады.
Айта кету керек, 2023 жылға дейін бетонмен қапталған каналдардың үлесі 18%-ды (8 039 км) құраған. Суару желілерін жаңғырту бойынша барлық жоспарланған жобаны іске асыру 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға дейін (14 500 км) жеткізуге мүмкіндік береді.
«Суды ұтымды пайдалану үшін ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және тұрмыста суды үнемдеп, ұқыпты пайдалануға бағытталған мәдениетті қалыптастырудың маңызы ерекше. Ауыл шаруашылығындағы сумен жабдықтау саласында негізгі басымдық заманауи, су үнемдейтін суару әдістеріне көшуге беріліп отыр. Осы мақсатта мемлекеттік қолдау шаралары қайта қаралып, олар тұрақты нәтиже беріп отыр. Егер 2023 жылға дейін су үнемдеу технологиялары енгізілген егіс алқаптарының көлемі жыл сайын орта есеппен 30 мың гектарды құраса, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында бұл көрсеткіш еселеп ұлғайып, соңғы екі жылда орта есеппен 150 мың гектарды құрады. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің алқабы 543,5 мың гектарға дейін ұлғайды», — дейді Н. Нұржігітов.
Осы орайда ол 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 миллион гектарға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. Осы мақсаттарға жету үшін 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте 228 миллиард теңгеден астам қаражат көзделген, бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп (2023-2025 жылдар – 55,5 миллиард теңге).
«Өнеркәсіптік су пайдалануды дамыту бағытында да жұмыс жүргізіліп жатыр. Жаңа Су кодексінде кәсіпорындардың суды қайта пайдалану және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу талаптары бекітілген. Бұл мақсатқа 7 жыл мерзім белгіленген, оның ішінде 2 жыл — өтпелі кезеңге, 5 жыл — жоспарларды іске асыруға арналған. Бұл шешім 2030 жылға қарай суды қайта және айналымды пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін, яғни екі еседен астам арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда белгіленген іс-шараларды орындамағаны үшін жауапкершілік шаралары заңнамалық тұрғыдан көзделген, су пайдалану лимиттерін 20%-ға дейін қысқарту шаралары қарастырылған», — деді аталмыш ведомство басшысы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
