
Облыс аумағында 2025 жылдың 6 айында 203 өрт дерегі тіркелді. Тілсіз жаудың кесірінен жалпы құны 444 миллион 403 мың теңге материалдық шығын келген. Бұл туралы облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Айнабеков мәлімдеді.
«Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында тілсіз жаудың себебінен 3 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды. Департамент тарапынан мемлекеттік өрт бақылау саласында облыс аумағында сауда саласына тиесілі 31 144 нысан есепке алынған. 2025 жылғы жоспарға сәйкес 4 сауда нысаны тексеріліп, 75 құқықбұзушылық анықталды. Базар иелеріне кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріліп, орындалуы бақылауға алынды. Департаменттің мемлекеттік инспекторлары жеке кәсіпкерлік нысандарына белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан, ағымдағы жылы сауда орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себепті 14 өрт орын алып, өрттен келген материалдық шығын 143 миллион теңгені құрады» — деп баяндап өтті сала маманы.
Сайрам мен Ордабасы аудандарында кәсіпкерлер өрт сөндіру бекетін салып жатыр
Реті келгенде айта өтер жайт, кәсіпкерлер өз қаражатына «Ауыл құтқарушылары» заманауи өрт сөндіру бекетінің құрылысын бастады. Аталған жаңа нысандар жалпы саны 11 елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мұндай бастама өртке қарсы қорғану ісінде, жеке жауапкершілік танытуда және бір адамның немқұрайлығы көптеген адамдардың өмірін қалай қорғай алатындығында баршаға үлгі болуы тиіс.
«Ауыл құтқарушылары» – шалғай ауылдардағы өрт қауіпсіздігі жүйесін кезең-кезеңмен жаңарту мен нығайтуды көздейтін кешенді бағдарлама. Оның аясында елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту, арнайы техникалармен жабдықтау және кәсіби мамандарды даярлау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілу үстінде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.