
Түркістан өңірінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен мал шаруашылығын дамыту мен терең өңдеу кәсіпорындарын ашуға, ет экспортын ұлғайтуға басымдық берілуде. Осы ретте «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Малшылар күні» кәсіби мерекесіне орай Түркістан өңірінде сала мамандарына құрмет көрсетілді. Төрт мезгілде бір сәт тыным таппайтын, малдың жайын ойлап, азығын баптайтын малшылар қауымының мерекесі тойланды.
Келес, Қазығұрт, Шардара, Жетісай және Мақтарал аудандарының шаруалары Сарыағаш қаласында бас қосса, Отырар, Сауран аудандары және Арыс, Кентау қалаларының малшылар қауымы Ордабасы ауданындағы мерекелік шараға қатысты. Төлеби, Түлкібас, Созақ және Бәйдібек аудандарының малшылары Сайрам ауданындағы салтанатты шарада төрге озды.
Мал шаруашылығы саласындағы азаматтардың мәртебесін көтеру, еңбектегі жетістіктері үшін көтермелеуді мақсат тұтқан мереке аясында жетісайлық Қошқар Хахаров, ордабасылық Құралбай Ташимов – Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, төлебилік шопан Қошқар Мырзақұлов, жетісайлық Салтанат Жұманова «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Отырарлық түйеші Мейрамбай Жанатаевқа «Құрмет грамотасы» табысталды. Сонымен қатар, Айтжан Қайқыбай, Құралбек Шағалақов, Оңғалбек Әлібеков Ауыл шаруашылығы министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
Малдың жайын баққан біледі. Төрт түліктің саны өңірімізде жыл сайын артып келеді. Бүгінде облысымызда 1,2 миллион бас ірі қара, 5,1 миллион бас ұсақ мал, 504 мың жылқы, 44 мың түйе бар. Бұл ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің нақты көрсеткіші. Нәтижесінде өңірімізде жыл басынан бері 62 мың тонна ет, 163 мың тонна сүт өнімдері өндірілген. Мал шаруашылығын дамыту жолында еселі еңбегімен ерекшеленген 65 азаматқа облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Түркістан облысында егінге орақ түсті
Ауыл шаруашылығы демекші, бүгін Сарыағаш ауданында жазғы егін ору науқаны басталды. Егістік алқаптарында тынымсыз еңбек етіп жатқан аудан диқандары жайдары жаздың әрбір күнін тиімді пайдаланып, алтын дәнді дер кезінде қамбаға жеткізуге күш салып жатыр.
Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза елді мекеніне барып, астық ору науқанының барысымен танысты. Ауыл еңбеккерлерімен кездесіп, олардың жағдайын біліп, егін жинау жұмыстарын аралады.
Сапар аясында әкім «ТННК» ЖШС-ның егістік алқабында болды. Аудан басшысы астық жинау жұмыстарына қатысып жатқан диқаншыға алғысын білдіріп, жемісті еңбек тіледі. Серіктестік төрағасы Нұржан Ордабаевтың айтуынша, биыл 422 гектар жерге бидай егіліп, әр гектардан 15 центнерден өнім алынған. Бұл — ауа райының қолайсыздығына қарамастан, диқан еңбегінің нәтижелі болғанының айғағы.
Түркістан өңірінде қуаңшылықтан туындайтын мәселелердің алдын алу жолдары нақтыланды
«Қуаңшылықтан туындаған өзекті мәселелердің шешімі болуы керек». Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі жағдайды зерделеу барысында осылай деді.
Әкімдік әрекетсіз отырған жоқ. Қазіргі таңда мал азығының қорын қалыптастыру бойынша өзге облыстармен арнайы меморандум түзу шарттары қарастырылып, келіссөздер жүргізілуде.
Өңірдегі диірмендер 215 мың тоннаға жуық кебек өндіреді. «Бұл шаруашылықтардың қажеттілігін толық өтемейді», дейді мамандар. Нұрбол Тұрашбеков тасымал мүмкіндіктерін барынша қарастырып, пайдалану қажеттігін атап өтті.
– Табиғатқа, ауа-райына кінә артып, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Әр ауданның сұранысы тиянақты зерттелуі тиіс. Қазан айына дейін малдың қыстық азығы дайындалып бітуі керек. Аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, қадамдық жоспар түзуді тапсырамын, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Жиналыста әр басқармаға нақты тапсырмалар бекітіліп, орындау мерзімі нақтыланды. Аталған мәселе бақылаудан түспейтіні де ескертілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.