
Түркістан облысының экономикалық ахуалын жақсарту мен өңірге инвестиция тарту, отандық өндірісті дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Осы мақсатта Түркістанда кезекті жоба бастау алып, джинсы маталарын шығаратын кәсіпорынның іргетасы қаланды. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-ның директоры Жин Ёуйй қатысып, мақта-мата жібін иіру мен джинсы маталарын өндіру желілерінің құрылысының капсуласын салды.
– Бүгін Түркістан өңірінің жеңіл өнеркәсіп саласында стратегиялық маңызды жобаның іргетасы қалануда. Арнайы экономикалық аймақта «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің джинсы маталарын өндіру зауытының құрылысы басталады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Бұл ретте біз Түркістан облысында мақта кластерін дамытуды бастап кеттік. Бұдан былай өңірдегі мақта 100 пайыз өзімізде өңделіп, дайын өнімдер шығарылады. Солардың бірі – бүгін іргетасы қаланған зауыт еліміздің тоқыма өндірісін жаңа деңгейге шығарады. Мұнда жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі мен 10 миллион метр джинсы маталары өндіріледі. Дайын өнімдер Еуропа мен Орталық Азия елдеріне экспортқа шығарылады. Жоба толық жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда. Бұл – Түркістан облысындағы ивестиция тарту жұмыстарының жарқын жемісі. Біздің алдымызда Түркістан облысын өзін толық қамтитын әрі терең өңдеу саласы дамыған өңірге айналдыру міндеті тұр. Өйткені, Түркістан – жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қолайлы өңір. Бұл жаңа зауыт – импортты алмастыруға, экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған ірі жоба. Осы нысан іске қосылғанда Түркістан – Қазақстандағы тоқыма орталықтарының біріне айналары анық. Сондықтан жобаға атсалысқан инвесторларға алғысымды білдіремін! Жаңа жоба сәтті жүзеге асып, Түркістанның өндірісі дами берсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Аталған нысанда жылына 10 миллион метр джинсы маталары өндірілмек. Жобаның жалпы құны 23,3 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ мұнда мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Нысанның жалпы аумағы 20 гектарды қамтиды. Зауыт жұмысына қажетті жабдықтар толық заманауи технологиялармен қамтылады. «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан нысан жеке инвестор есебінен жүргізіледі. Жобаны үш кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Жалпы, облыстағы индустриалды аймақтар, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 триллион теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады.
Мақта өніміне экспорттық тәуелділікті жою, дайын өнім секторына кешенді өту бақытында өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы басталды. Бұл бағытта құны 201 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, мақта өнімділігі 3 есеге дейін артады, 7 мыңнан астам жұмыс орны құру көзделуде.
Бірінші кезеңде «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау бойынша көпсалалы нысанның құрылысы басталды. Жоба құны: 146,8 миллиард теңге. Толық циклді мақта өңдеуден, тоқыма, иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 4 зауыт салынады. Болашақта отандық дайын тоқыма өнімдері брендтерде ішкі және сыртқа нарықтарға шығарылатын болады.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір болып табылады. Заманауи технологияны қолдану арқылы салада терең қайта өндеуді дамытуға күш салынған. Өңірдің географиялық-климаттық ерекшелігін ескере отырып, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алынды.
Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақтатоқыма кластері құрылды.
Кластер – өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтамасыз етеді: мақта өсіруден бастап жіп, мата сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 030 адам жұмыспен қамтылып, 201 миллиард теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге артады. Жылына 229 мың тонна мақта өндіріледі.
Биыл пилоттық жоба ретінде Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді. Нәтижесінде, 45 центнер мақта жиналды. 2 мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталуда.
Қазіргі таңда джинс мата – жаһандық тоқыма өнеркәсібінің ең сұранысқа ие өнімдерінің бірі. Күнделікті киімде де, жоғары сән үлгілерінде де кеңінен қолданылатын бұл материал өзінің беріктігімен, ыңғайлылығымен және уақыт өткен сайын сәндік құнын жоғалтпайтын қасиетімен ерекшеленеді. Джинс матасының кең таралуы оның өндіріс технологиясының жетілуімен және шикізат базасының қолжетімділігімен тығыз байланысты. Джинс матасының тарихы XVIII ғасырдан басталады. Алғашында ол жұмысшыларға арналған берік киім тігу үшін қолданылған. Кейінірек XIX ғасырда джинс шалбарлар кең таралып, бүгінгі таңда әлемдік сәннің ажырамас бөлігіне айналды. Негізгі материал – деним, ол ерекше диагональды тоқымасымен (twill) сипатталады.
Джинс матасының өндірісі ең алдымен мақта өсіруден басталады. Мақта – табиғи, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі тоқыма өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын талшық. Жиналған мақта арнайы зауыттарда тазартылып, тұқымынан ажыратылады. Бұл кезеңде талшық сапасы мұқият тексеріледі, себебі болашақ матаның беріктігі мен сыртқы көрінісі осыған тікелей байланысты.
Тазартылған мақта престеліп, иіру фабрикаларына жіберіледі. Мұнда талшықтар жіпке айналады. Жіптің жуан-жіңішкелігі, біркелкілігі мен мықтылығы – джинс матасының сапасын анықтайтын басты факторлардың бірі.
Джинс матасын басқа маталардан ерекшелейтін негізгі белгі – оның көк түсі. Бұл түс индиго деп аталатын арнайы бояу арқылы алынады. Әдетте матаның бойлық жіптері ғана боялып, көлденең жіптер ақ күйінде қалады. Осындай технология нәтижесінде джинс матасының беті көк, ал ішкі жағы ашық түсті болып шығады.
Индиго бояуының ерекшелігі – ол талшыққа толық сіңбейді. Сондықтан уақыт өте келе джинс киімнің өңі өзгеріп, өзіндік «табиғи ескіру» эффектісі пайда болады. Бұл қасиет джинс өнімдерінің сәндік тартымдылығын арттыра түседі.
Боялған жіптер тоқу цехтарына жеткізіліп, арнайы станоктарда тоқылады. Джинс матасы көбінесе саржалық (twill) тоқымамен өндіріледі. Бұл тоқыманың нәтижесінде матаның бетінде диагональды сызықтар пайда болады. Мұндай құрылым матаның мықтылығын арттырып, ұзақ уақыт пайдалануға мүмкіндік береді.
Өндірісте дәстүрлі және заманауи тоқу станоктары қолданылады. Кейбір зауыттарда классикалық әдіспен тоқылатын селведж деним өндіріледі. Бұл түрі сапасы жоғары әрі қымбат өнім ретінде бағаланады.
Тоқылған джинс матасы бірден дайын өнім болып саналмайды. Ол бірнеше өңдеу кезеңдерінен өтеді. Матаның отыруын азайту үшін арнайы технологиялар қолданылады, беткі түгі алынып, жұмсақтық беріледі. Кейбір жағдайларда жуу және қосымша өңдеу арқылы матаның сыртқы келбеті жақсартылады.
Сапаны бақылау – өндірістің маңызды бөлігі. Әрбір рулон тексеріліп, ақаулы тұстары анықталады. Тек талапқа сай келетін джинс матасы ғана тігін фабрикаларына жіберіледі.
Джинс мата өндірісі – көптеген елдер үшін маңызды экономикалық сала. Бұл өндіріс мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, экспорттық әлеуетті арттырады. Соңғы жылдары экологиялық таза өндіріс тәсілдеріне де басымдық беріліп келеді. Суды аз пайдаланатын бояу технологиялары мен қайта өңделетін материалдар кеңінен енгізілуде.
Қазақстан үшін де джинс мата өндірісін дамыту – жеңіл өнеркәсіпті өркендетудің маңызды бағыттарының бірі. Отандық өндіріс ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, экспортқа шығу мүмкіндігін де арттыра алады.
Джинс мата – қарапайым көрінгенімен, өндірісі күрделі әрі көпсатылы процесс. Шикізаттан бастап дайын матаға дейінгі әрбір кезең жоғары технология мен тәжірибені талап етеді. Сондықтан джинс матасы өзінің беріктігімен, әмбебаптығымен және сәндік маңызымен әлемдік нарықта тұрақты сұранысқа ие болып отыр. Бүгінде джинс тек киім материалы емес, тұтас бір индустрияның символына айналды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
