
Түркістан өңірінде білім жүйесі және оның сапасын көтеру — үнемі назарда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров салаға өзі бас-көз болып, игі бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Ұстаздардың білімін жетілдіру арқылы тәрбие бағытын ілгерілетумен қатар жаңа көшбасшыларды тәрбиелейтініміз анық.
Биылғы оқу жылында Түркістан облысы білім басқармасының «Білім беруді дамыту орталығы» КММ 2024-2025 жылдарға арналған «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасы аясында Түркістан облысында іске асырылатын Жол картасына сәйкес халықаралық оқыту курсын өткізді.
Курс үш кезең бойынша ұйымдастырылды: І кезең — онлайн, ІІ кезең Алматы қаласында өтті. Ал ІІІ кезеңде екі кезеңнен іріктелген педагогтар Финляндия мен Эстонияға аттанды.
Облыс педагогтары «Мұғалімдердің болашақтағы және заманауи білім беру сапасын арттыру» тақырыбында білім-білігін шыңдап, Финляндия және Эстония мемлекеттерінің білім беру жүйесімен танысады.
Айта кетейік, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде республикада алғаш рет облыстың 41 педагогы арнайы менеджмент курстарынан өтті. Халықаралық деңгейде шет елдеріндегі оқу курстарында тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ түркістандық ұстаздар мен әдіскерлер Жапонияда — «lesson study» әдісі, АҚШ-та — «инклюзивті білім беру», Қытайда «техникалық және кәсіптік оқыту» бағыттары бойынша халықаралық деңгейде тәжірибе алмасты. Жаңа оқу жылында да осы үрдіс жалғасып, педагогтар Франция, Малайзия, Сингапур елдерінде арнайы тәжірибелік курстарына қатысады. Мұнда «Келешек мектептері» мен «Мақсатты мектеп» ұстаздарына басымдық беріледі.
«Келешек мектептері» дегенде тілге тиек етер мәселе, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жалпы құны 29 мектептің (22 900 орындық) құрылысы жоспарланған. 2024 жылы 13 мектеп салынса, 2025 жылы 16 мектепті тапсыру көзделген. Осы білім ұяларының құрылысы, білікті ұстаздармен қамту мәселелері облыс әкімдігінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
– Барлық мектеп уақтылы әрі сапалы тапсырылуы тиіс. Басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері құрылыс барысын тұрақты бақылаңыздар. Мердігерлер жұмысты жауапкершілікпен атқарсын. Екіншіден, бұл мектептерді білікті басшылармен, педагогтармен қамту да өзекті. Қазірден жүйелеп, жұмысты ширатыңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Абай Тұрханов пен Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекованың есептері тыңдалды. 29 мектептің инженерлік инфрақұрылым жүйелері 100 % тартылған (газ, су, электр, байланыс). 22 мектепте кірме жолдар салынған. Қалған 7 мектепте кірме жолдарына ауыр техникалардың жұмыстары аяқталған соң асфальт төсеу жұмыстары атқарылады. Құрылысы аяқталған 13 мектептің тоғызында оқу процесі басталған. 4 мектепте биылғы қыркүйек айында басталады. 2025 жылы тапсырылуы жоспарланған 16 мектептің 11-інде құрылыс жұмыстары 83%-ға орындалған.
Қазіргі таңда 9 жайлы мектепте жалпы 736 педагог еңбек етіп жүр. Білім беру ұйымдарына педагогтарды қабылдау туралы қолданыстағы нормаларға сәйкес 23 мектептің директоры тағайындалды. Алты мектептің директоры «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервінен алынды. 13 мектептің директоры — конкурстық тәртіппен, 4 мектептің директоры ауысу тәртібімен тағайындалды. 2025 жылы пайдалануға берілетін 16 мектептің 12-сіне директор тағайындалды. Екі мектеп директорының лауазымы — конкурс кезеңінде, 2 мектептің директоры ауысу тәртібімен тағайындалады деп күтіліп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.