Түркістан облысының әкімі «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының өндіріс жөніндегі бас директорымен кездесті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбековпен кездесті. Басқосуда мекеме тарапынан келісімшарттың тармақтарында көрсетілген ағаш отырғызу және оларды күтіп-баптау, орман қорына өткізу жұмыстарының орындалу барысы қаралды.

Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігі тарапынан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты «Қаратау», «Казатомпром-SaUran», «Оңтүстік Тау-Химиялық Компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне уран өндіру мақсатында жалпы көлемі 4097,25 гектар жер уақытша пайдалануға берілген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Орман Кодексіне сәйкес және Түркістан қаласы айналасынан «Жасыл белдеу құру» жобасы аясында жалпы көлемі 8194,5 гектар аумақта ағаш отырғызуға келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар қолға алынған.

Кездесуде отырғызылған ағаштарды қабылдап алу және оларды орман қорына өткізуді тездетіп аяқтау қажеттілігі айтылды. ҚР қолданыстағы заңнама мен келісімшарт талаптарына сәйкес, мекеме бұл міндеттемелерді 3 жыл ішінде орындауы тиіс. Дегенмен аталған жұмыстардың тиісті деңгейде орындалуы үшін қосымша қаржыландыру мен уақыт қажет екені де атап өтілді.

Тараптар алдағы уақытта отырғызылған ағаштарды орман қорына өткізу және жасыл белдеуді ұлғайту бағытында жұмыстарды жандандыру жөнінде келіссөз жүргізді. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болатынына сендірді жауаптылар.

Атап өту керек, Түркістан облысында орман қоры ұлғайып келеді. Қазіргі таңда өңірде 3 миллион 472 мың гектарды құрайтын мемлекеттік орман қор жері бар, бұл облыс аумағының 30 пайызын құрайды. Мемлекет басшысының мемлекеттік орман қоры аумақтарында 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында 2021-2027 жылдар аралығына кешенді жоспар әзірленіп, 110,2 мың гектар жерге 170 миллион көшет егу жоспарланған.

– Мемлекет басшысының елді мекендерді абаттандыру, аймақтарды көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы бар. Алайда, ағаш отырғызу жұмыстарында әлі де кемшіліктер кездеседі. Егер жыл соңына дейін кемшіліктер жойылмаса, тікелей аудан-қала әкімдерінің жауапкершіліктері қаралатынын ескертемін. Осы бағытта жұмысты жүйелеу керек. Егілген ағаштардың сапасы мен күтімін қадағалаңыздар. Барлық аудан, қала әкімдеріне, жауапты басқарма мен мекемелер басшыларына күзгі ағаш көшеттерін отырғызуға қажетті орындарды дайындап, олардың суғару жүйелерін қосуды және тиісті жұмыстарды сапалы атқаруды тапсырамын, – дейді облыс әкімі.

Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының айтуынша, елді мекендерді көгалдандыруға облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарынан 2021-2024 жылдар аралығында облыс көлемінде жалпы 2 миллион 736 мың түп көшет отырғызылды. Биыл облыстың аудан, қалаларына 1 миллионнан астам көшет егу жоспарланған. Қазіргі таңда басқармаға қарасты тұқымбақтардан көктем айларына 439 мың түптен аса көшет босатылып, аудан, қала әкімдіктерінің бюджеті мен демеушілер есебінен 69 мыңнан аса көшет алынған. Нәтижесінде көктемгі маусымда жалпы 509 839 түп көшет егілді.

Орман тұқымбақтарының санын ұлғайту және көшет сапасын жақсарту бағытында өткен жылы 30 миллионнан астам көшет өсірілсе, ал биыл 35 миллион көшет өсіру жоспарланыпты. Бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 342 гектарды құрайтын 21 орман тұқымбағы бар. Онда 17 түрлі көшет өндіріледі. Түркістан облысы көшет өндіру көлемі, сапасы және түрлері бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр. Бүгінде орман шаруашылықтарының тұқымбақтарында көшеттерге тиісті көлемде суару және дәрі беру жұмыстары күшейтілген. 2021-2024 жылдары аралығында жалпы 79 мың гектарға 117 миллион көшет егілді. Бұл көрсеткіш жыл сайын ұлғайып келеді.

Айта кетсек, Түркістан облысы әкімдігі тарапынан биыл егілетін көшеттердің көлемі мен түрлерін нақтылау үшін жұмысшы топ құрылып, аудандарды аралау шаралары жүргізілді. Көшеттерді босатуда әр ауданның климаттық ерекшеліктері ескерілді. Қазіргі уақытта қосымша сұраныс болса, қажетті көшеттер көлемін толық қамтуға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар 2025 жылы Түркістан қаласында 214 625 дана ағаш және бұта көшеттерін отырғызу жоспарланған. Оның ішінде 84 075 данасы көктем мезгілінде, ал 134 250 данасы күзгі маусымда егілді.
Көгалдандыру жұмыстары жалпы 190 гектар аумақта жүргізіліп, 25 көше бойын, 11 демалыс аймағын (саябақтар, скверлер, аллеялар және т.б.) және 4 жасыл белдеуді қамтиды. Егілетін көшеттер құрамына 15 түрлі ағаш және 2 түрлі бұта түрі енгізілген.
Түркістан қаласын шаң-тозаңнан сақтап, экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында, Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, шаһардың айналасынан 2019 жылы құрылған «Жасыл белдеу» аумағы жыл са­нап кеңейіп, орман ағаштары жай­қалып, экологиялық ахуалы жақсарып келеді. Облыс­тық табиғи ресурстар және таби­ғат пайдалануды реттеу бас­қар­масының мәліметінше, жал­пы 29 544 гектар жер мемле­кет­тік орман қоры санатына ауыс­тырылған. Оның ішінде Түркістан қаласы 2852,0 гектар, Сауран ауданы 19362,0 гектар және Отырар ауданы 7 330,0 гектар аумақты құрайды. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қала айналасынан 2019-2024 жылдар аралығында жалпы 18 071,0 гектар жерге әртүрлі жапырақты ағаштар отырғызылған. Атап айтсақ, 8337 гектарға — жапырақты ағаш көшеті, 9734 гектарға — сексеуіл екпелері, 18071 гектарына әртүрлі ағаш отырғызылған. Биылғы күзде қосымша 900 гек­тар аумаққа сексеуіл тұқымын ­себу жұмыстары басталды.

«Қазірде мәдени орман екпе­лерін сумен қамтамасыз ету мақ­сатында 240-тан астам ұңғыма қазылған. Жасыл белдеуді қор­шау жұмыстары 434 500 метрге жетті. Түркістан қаласы айналасы­ның су тапшылығына байланыс­ты отырғызылған ағаш көшеттерін суаруға қатысты жаңа әуежай жолының бойындағы 252 гектар жер телімі толықтай тамшылатып суару жүйесіне қосылды. Қалған учаскелердегі отырғызылған ­ағаш көшеттердің 63%-ы ұңғымалар, 25%-ы каналдар, 12%-ы насос­тар арқылы суарылады. Биылғы жазда күннің ыстығына шыдас ­бермей қураған, өсімін тоқтат­қан ағаштарды қайта толықты­ру жүргізіліп жатыр. Бүгінде жасыл белдеуге отырғызылған көшет­тердің 60-65%-ы көгеріп ке­леді», — дейді «Жасыл аймақ» КММ директорының орынбасары Нұржан Кашкенов.

«Арыс-Түркістан» каналы, «Қосқорған» су қоймасы мен Қарашық өзенінен су тарту жүйелері орнатылыпты. Қазіргі таңда мекеменің аумағында 90 % электр желісі тартылған. Электр желісі тартылған учаскелерде 24 сағат суару мүмкіндігі бар. Ал қалған 10 % бензинді және дизельді мотопомпалармен суарылады. Мекемеде 100 гектар жер аумағында ағаш-бұта көшеттерін өсіруге тұрақты және 20 гектар уақытша орман тұқымбағы ұйымдастырылған.

Тұқымбақтардың көлемін ұлғайту, климаттық жағдайды жақсарту бағытында заманауи тұқымбақ құрылды. Бүгінгі таңда 1,0 га аумақты көлеңкелеу, тамшылатып суару жүйесін орнату, 6 жылыжай кешені мен ауқымды су жинау бассейні мен жылыту қазандығы және орманшылар үйі салынған.

Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов жасыл аймаққа жиі соғып тұрады. Ол жаңа әуежай бағытындағы жол бойында орналасқан «Жасыл белдеуде» ағашты күтіп-баптау, толықтыру жұмыстарының барысын тексеріп, жауапты мамандарға бірқатар нақты тапсырма береді. Басқарма басшысы «Жасыл белдеуді» жайқалту, көшеттерді күтіп-баптау, суару жүйесін жетілдіру, табиғи тыңайтқыштарды пайдалану және жерсінген, өнімділігі жоғары ағаш түрлерін көбірек отырғызу қажеттігін баса айтып, ағаштардың қалың әрі жүйелі болып өсуі ортақ міндет екенін атап өтті. Сонымен бірге нақты өсетін ағаш түрлерін ғана егуді ескертті.

Мемлекет басшысының Жолдауында орман қорына 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Кешенді жоспарға сәйкес, «Жасыл аймақ» КММ тарапынан 900 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу жоспарланған. Қазіргі таңда №4 Теке орманшылығындағы (Түркістан – Шәуілдір тас жолының оң жақ беті) аталған аумақ толық дайындалып, сексеуіл тұқымын себу жұмыстары басталады.

Сонымен қатар, 2021-2023 жылдары сексеуіл тұқымынан себілген сеппелерге жалпы аумағы 2200,0 гектар сексеуіл тұқымынан себу арқылы толықтыру жұмыстары желтоқсан айында жүргізілу жоспарланған. Жалпы, барлық орманшылықта толықтыру жұмыстары жыл соңына дейін жүргізу көзделген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You