
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлиньмен ресми кездесу өткізді. Тараптар екіжақты экономикалық, инвестициялық және өңіраралық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында облыс әкімі елшінің өңірге сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге маңызды үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекет басшылары 2025 жылғы қыркүйектегі кездесуінде жариялаған «Жаңа алтын 30 жылдық» бастамасы өңірлер арасындағы жаңа жобаларға кең мүмкіндіктер ашып отырғанын жеткізді.
– Түркістан облысы мен Қытайдың бірқатар провинциялары арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары қарқын алып келеді. Облыстық делегацияның Қытайға ұйымдастырылған іссапарлары нәтижесінде Шаньси, Хэнань, Хубей және Хэйлунцзян провинцияларының әкімшіліктерімен бауырластық туралы меморандумдар бекітілді. Бұл құжаттар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық бағыттағы байланыстарды нығайтуға жаңа серпін берді. Бүгінде Түркістан облысында қытайлық инвесторлардың қатысуымен бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта да жаңа жобаларды жүзеге асырып, әріптестік орнатуға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Бүгінде өңірде қытай инвесторларымен бірге текстиль кластерін құру, желатин және май компоненттерін өндіру зауыты, көкөніс кептіру және қайта өңдеу кәсіпорны, 300 МВт күн электр станциясы, бейнебақылау камераларын шығару, еден жабындары өндірісі және мата мен джинс маталарын өндіру жобалары қолға алынған. Бұл бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспортты ұлғайтуға және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.
Қытай елшісі Түркістан облысының даму қарқынына оң бағасын беріп, әріптестікті нығайтуға күш салатынын жеткізді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, логистика, «Жасыл экономика» және өзге де салаларда инвестиция салуға мүмкіндік мол екенін айтты.
Нұралхан Көшеров инвесторлар үшін Түркістан облысында қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, өңірде жалпы аумағы 2397 гектарды қамтитын индустриалды аймақтар мен 4 414 гектар аумақта орналасқан «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейтінін айтты. Бұл алаңдарда дайын инфрақұрылым, салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Сонымен қатар жаңа жобаларды жедел бастау үшін шағын өнеркәсіптік парктер салынып жатыр.
Кездесу қорытындысында тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қайта өңдеу, логистика және туризм бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қыркүйектің басында Бейжіңде өткен Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысында сөйлеген сөзінде Қытай Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.
– Былтыр біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан қытайлық достарымызбен осы қарқынды одан әрі арттырып, алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Мемлекет басшылары деңгейінде өзара саяси ерік-жігер мен ортақ ұмтылыс бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі елдің инвестициялық ықпалдастығы да ұдайы кеңейіп келе жатқанына назар аударды.
– Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында «CNPC», «CITIC», «SINOPEC», «HUAWEI» сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі таңда Қазақстан тұрақты түрде дамып келеді. Біздің экономикамыз – Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Жалпы, жыл сайынғы өсім қарқынды деп айтуға болады. Осы жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнім 300 миллиард доллардан асады деген болжам бар. Бұл – экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және т.б. үшін қабылданған кешенді шаралардың нәтижесі. Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің жеріміз арқылы өтеді. Биыл «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылады. Соның арқасында Қазақстан арқылы өтетін «Қытай – Еуропа» транзит дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігі 5 есе артады. Сонымен бірге, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін кеңейтуге барынша атсалысуда. Былтыр осы бағыт бойынша 4,5 миллион тонна жүк өткізілді. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 пайызға артық деген сөз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
